2018 жыл. Қандастар. Елден қуылғандар. Көшіп келгендер.

1 Қаңтар 2019, 18:00
5810
Бөлісу:
2018 жыл. Қандастар. Елден қуылғандар. Көшіп келгендер.

Астана, BAQ.KZ тілшісі. 2018 жылдың қаңтар-қыркүйек айларындағы статистикалық мәлметтерге көңіл аударсақ, Қазақстанға басқа елдерден көшіп келушілердің саны 676113 адамды құраған. Ал елімізден шетке кететіндердің саны – 698347. Яғни біз бір жылда миграциялық өсімнен 22 мыңнан астам адамға ұтылып отырмыз. Бұл жалпы көші-қон. Ал сыртқы көші қон бойынша да шекеміз шылқып тұрған жоқ. Келгені – 9340, кеткені – 31574. Мұнда да сол 22 мыңнан астам айырмашылық бар.

Әрине, көшіп кететіндердің көбі өзге ұлт өкілдері. Ал көшіп келетін – өзіміздің қазағымыз. Биылғы жылы 9 айда шет елден 4938, яғни 5 мыңға жуық қазақ елге оралған.

Қаңтар

Иә, Тәуелсіздік алғаннан кейін шеттегі қандастардың тиегі ағытылды. Содан да болар, биыл жыл басындағы ақпарат бойынша Түркіменстанда тұратын қандастарымыздың саны 1990 жылдармен салыстырғанда 6 есеге дейін азайып кеткендігі айтылды. Нақтысы, қазіргі таңда аталған елде 20 мыңға жетер-жетпес қандасымыз қалған. Бір қызығы Түркіменстандағы қандастарымыздың саны азайып жатқанда, Моңғолияда тұратын қазақтардың саны артқаны айтылды қаңтардың басында.

Жыл басында BAQ.KZ ақпарат агенттігіне арнайы сұқбат берген Баян-Өлгий аймақтық орталық Музейдің басшысы Айшагүл Азаматқызы Елбасының "рухани жаңғыру" бағдарламасы шеттегі қазақтар үшін де өте өзекті екенін атап өтті.

Осы орайда, Моңғолиядағы қазақтардың жұмыссыздық мәселесін Атажұртпен бірлесе отырып шешуді қолға алуға ұмтылысын да атап өткен абзал. Бұл тұрғыда Баян-Өлгий аймағы әкімінің орынбасары Бауыржан Дәлелұлының айтқан ойы орынды.

Елдегі миграциялық өсімге бірден бір ықпал ететін алыс-жақын елдермен барыс-келістің тиімді жолға қойылуы десек, қаңтардағы тағы бір жағымды жаңалық – Қазақстанның 71 елге визасыз баруға мүмкіндік алуы. Бұл көрсеткішпен еліміз әлем бойынша 65-ші орынға жайғасты.

Қаңтар айындағы елдің қытайфобиясын қоздырған ақпараттың бірі – "қытай азаматтарына 72 сағаттық визасыз режимі" еді. Қоғамда әжептәуір талқыға түскен тақырыпқа ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұxамедиұлы жауап берген болатын.

Ай соңында ағайынды сүйсіндірген бір жаңалық – сонау Париж төрінде жатқан қазақтардың Баян-Өлгейдегі бауырларына қолұшын созуы еді. «Қырда құлжаның мүйізі сырқыраса, ойдағы өгіз басын шайқайды» дегендей, қақаған аяздан қалтыраған қазақтарға Франциядан арнайы көмек берген еуропалық қазақтар елді сүйсінтті.

Ақпан

Айдың басы қаралы хабармен басталды. Қазақ скрипкашысы ретінде танылған этникалық қазақ Әлім Алмат (Ғалымжан Әбсәләмов) Стамбулда 2 ақпан күні 101 жасқа қараған шағында дүние салды.

Дегенмен арада апта өтпей жатып Қысқы олимпиядаға Қытай елі атынан қатысатын қандасымыз, Қытай азаматы Аршынғазы Шәкенұлы туралы ақпарат алыстағы ағайынға деген бауырластық, қандастық көңіл жылылығын жеткізді. 1500 метрге конкимен сырғанайтын ол 1995 жылы сол елде дүниеге келген.

Ақпандағы айтулы оқиға – ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің ауысуы еді. Елге танымал болып қалған Тамара Дүйсенова кетіп, орнына Мадина Әбілқасымованың келуі біраз дүрбелең тудырды. Себебі 2014 жылы Мадина Әбілқасымова Экономика және бюджетті жоспарлау вице-министрі болып жүргенінде шеттен келген қазақтардың намысына тиетін сөз айтып, елді дүрліктірген болатын. Ол сырттан келетін қандастардың білім деңгейіне күдік келтіріп, «Оралмандардың 70 пайызында жоғары білім жоқ» дегенін ел ұмытпаған екен. Дегенмен, Елбасының шешімін құптаған елі, Мадина ханымның сенімді ақтайтынына сенген сыңайлы.

Осы айдағы қандастарға қатысты тағы бір елеулі оқиға – Қазконтенттің өз өнімі – «Қиырдағы қазақтар» деректі фильмінің таныстырылымы өтуі еді. Елден жырақ, атажұртқа арқа тірегі ретінде қарайтын қандастарымыздың өмір-тіршілігіне арқау болған бұл фильм біраз мағұлымат бере алды.

Ақпандағы ең басты оқиға деп Президенттің қазақ тілінің латын графикасын бекіту туралы Жарлығын айтуға болады. Бұл Еуропадағы, Түркиядағы, Өзбекстан мен Қытайдағы т.б. шет елдерде тұратын 5 млн-ға жуық қандасымызбен бір тілде, бір ділде болумен қатар, бір әліпбиде жазып, оқи алу мүмкіндігіне қол жеткізер төте жол екені анық.

Жыл басында ғана, яғни қаңтар айында ғана Қазақстан әлемнің 71 еліне визасыз баруға болатынын жариялаған болатын. Арада ай өтпей жатып-ақ, бұл тізім жаңарып, 74 мемлекетке визасыз баруға болатыны жарияланды.

Ай соңындағы дәл осындай жағымды жаңалықты Парламент отырысында, алғашқы оқылымда мақұлданған Халықтың жұмыспен қамтылуы және көші-қон мәселесі туралы заң жобасы бойынша оралман мәртебесін үш айға ұзарту көзделіп отырғаны жалғастырды. Бұл жөнінде парламент депутаты Айгүл Нұркина айтты.

Наурыз

Айдың басы тыныштықпен басталды. Дегенмен Моңғолиядан жеткен жақсы жаңалық жыр сүйер қауымды бір желпінтіп тастады. Ол – туғанына 150 жыл толған Ақыт Үлімжіұлының шығармалар жинағының моңғол тілінде жарық көруі еді.

Көп ұзамай Ұланбатырдан тағы бір жақсы жаңалық жетті. Ол – Моңғолия президентінің қолдауымен Баян-Өлгийде жыр мүшәйрасы өтеді деген сүйіншілі жаңалық еді.

Наурыз айындағы тағы бір ерекше жаңалық - Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Түймебаевпен кездескен Қытай Халық Республикасының Инвестиция және даму комитеті департаментінің басшы Чинь Юйцай қазақстандық студенттерді Қытайда оқуға шақырды.

Осы айда шетелдегі қандастарды да қосқан «Қазақ аруы» байқауы өткен болатын. Моңғолия атынан қатысқан Жұлдыз Қуаш жеңімпаздар қатарынан көрініп, шеттегі қандастардың мерейін асырды. Жүлдегер Жұлдыздың кім екені жайлы мына жерден оқуға болады.

Наурыз мерекесі қарсаңында Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы Астанада шеттен келген қандастардың басын қосып, наурыз мерекесін тойлады. Мерекеге орай қолөнер шеберлері марапатталып, ДҚҚ төрағасының бірінші орынбасары Зауытбек Тұрысбеков, «Алдағы бес жылда Қазақстанға келген бауырлар үймен де, жұмыспен де қамтылатынын айтты. Сонымен қатар, Қазақстанға келген 1 миллион жәй халық емес, даналар екенін атап өтті. Мұнан бөлек 21 наурызды «Отандастар күні» деп атау ұсынылды. Өз кезегінде шеттен келген қандастарымыз да елімізге, Елбасыға алғыстарын білдірді.

Наурызда елді дүрліктірген бір оқиға – Ресейдің Кемер облысындағы ойын-сауық орталығындағы өрттен 50-ден астам баланың қайтыс болуы еді. Осыған орай Ресейде тұратын қандасымыз, Кемер облысының губернаторы Аман Төлеев РФ президенті Владимир Путиннен кешірім сұрады.

Тура осы оқыс оқиғаның тұсында Моңғолия президенті Халтмаагийн Баттулга Моңғолия параментінің екі мәрте депутаты болып сайланған, 2007 жылы Моңғолия Шекара қызметі басшысының орынбасары болған армия генералы Жекей Қалидолдаұлының «Армия генералы» атағын қайтарып алды.

Дегенмен айдың соңы жақсы жаңалықпен аяқталды. Астанада Қазақстан Республикасының Ұлттық экономика вице-министрі С.Жұманғаринмен және Инвестициялар және даму вице-министрі Арыстан Қабыкеновпен кездескен Моңғолия Еңбек және әлеуметтік қорғау министрі С.Чинзоринг бірқатар келісімге қол қойды.

Ал ҚР Парламент Сенаты ақпан айында ұсынылған оралман куәлігінің уақыты бітіп қалған жағдайда, оларға оралман мәртебесін үш айдан аспайтын мерзімге бір рет ұзартып беру туралы өтініш жасау құқығын беретін заң жобасын қабылдады.

Сәуір

«Сәуір болмай тәуір болмас» десе де, Кемердегі өрт оқиғасы Ресейдегі танымал қазаққа оңайға соқпады. Ол әуелі Ресей президентіне отставкаға жіберуін сұрап хат жазды. Көп өтпей Владимир Путин оның өтінішін орындап, отставкаға жіберді. Десе де, Аман Төлеевтің барлық мәртебесі сақталып қалды. Тіпті ол әуелі Кемер облысының депутаты, артынша парламент төрағалығына кандидат атанды. Көп жыл ел басқарған, білікті басшының кандидаттығы өтіп, Аман Төлеев Кемер облысы парламент төрағасы атанды. Басына іс түскенде жан-жағынан араша талаған бірнеше басылымды сотқа берген Аман Төлеев өзі туралы «сарқылмас байлық иесі» деп жалған ақпарат таратқандарға ренжіді.

Шетелдегі бір қандасымыз осылай басына іс түсіп жатқанда, келесі бір елді тағы бір қандасымыз өз ісін дөңгелентіп жатты. Анығырақ айтсақ, Баян-Өлгейде тұратын ағайынды жігіттер «Бай-өлке» деген атпен шай өндіруді қолға алды.

Шеттегі қандастарымыз үшін тағы бір сүйіншілі жаңалық осы сәуір айының басында жарияланды. Ол – құрылғанына 25 жыл толған «Болашақ» ХБО мен Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы шетелдегі қандастарымызды тегін грантпен қамтамасыз ету мақсатында меморандумға қол қойды.

Ал осы тұста Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің басқарма жетекшісі Руслан Тілеубаев BAQ.KZ-ке арнайы сұқбат беріп, елге келген қандастар қай өңірге барса қаншалықты жеңілдік жасалатыны туралы айтты.

Сәуірдегі тәуір жаңалықтың бірі – бұған дейін құлаққа түрпідей тиетін «оралман» атауынан бас тарту туралы арнайы комиссия құрылып, аталған терминді қолданыстан шығару мәселесін қарады.

Осы айдағы тағы бір жағымды жаңалық Моңғолиядағы қандастарымызға майдай жақты. Ол – «Ташанта-Қызыл үй» шекарасының жазғы уақытта 12 сағатқа дейін жұмыс істеуі жайлы ұсыныс еді. Артынша бұл ұсыныс мақұлданып, жазғы үш айда шекара 12 сағат үздіксіз жұмыс істеді.

Сәуір айында алыс-жақын шетелдердегі өнерлі жастардың басын қосқан «Мен қазақпын» мега жобасының екінші кезеңі бастау алды. Бұл жобаға Моңғолия, Қытай, Қырғызстан, Ресей, Өзбекстаннан қандастарымыз қатысады деп жоспарланды.

Бұған дейін түрлі қауесет тарап, қытайдағы қандастарымыз жайлы алып-қашпа әңгімелер айтылып келген болатын. Ал сәуір айында ҚР Праламент депутаты Бекболат Тілеухан Қытайдағы қандастарымыздың саяси жағдайын Үкімет сағатында көтерді.

Ал осы жиында ҚР ІІМ Қалмұхамбет Қасымов елімізге Қытай мен Түркиядан келетін мигранттар санының артқанын және олардың арасында заңсыз көші-қонның да көбейгенін айтты. Сонымен қатар, министр елімізге келетін шетелдіктердің саусақ іздері тексерілетінін ескертті.

Сәуір айындағы осы салаға қатысты елеулі оқиғалардың бірі – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың көші-қон процестерін реттеуді жетілдіру заңына қол қойғандығы болды. Мұнан бөлек, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Халықты жұмыспен қамту және еңбек нарығын дамыту департаменті директорының орынбасары Ерболат Абулхатин еліміздің солтүстігіне қоныстанушы қандастарымызға квота бөлінетіні туралы айтты.

Ай соңында BAQ.KZ-ке арнайы сұқбат берген қытайда тұратын қандасымыз, Тарым университетінің профессоры Гымыңгүл Мұқантайқызы Қазақстан жылқы шаруашылығы бойынша Қытайдан көш ілгері екенін айтты.

Мамыр

Айдың басы шетелдегі қазақтардың қазақ тілінде кітап оқу мәселесімен басталды. BAQ.KZ-ке сұқбат берген Баян-Өлгий аймақтық орталық кітапхана директоры Асқар Шаймарданұлы Моңғолия қазағының қазақ әдебиетіне сусап отырғанын жеткізді.

Ал сәуірде генерал атағынан айырылған Жекей Қалидолдаұлының Моңғолиядағы қандастарына жазған хаты әлеуметтік желіде әжептәуір сөз болды.

Осы айда Ресейдегі қазақтар, әсіресе Омбы өңіріндегі ағайын Омбы қаласында қазақ мәдениеті күндерін өткізді. Бұл өз кезегінде ұлттық дәстүріміз бен рухани болмысымызды түлеткен шара болды.

Мамырда күллі мұсылманның ерекше мерекесі – рамазан айы басталды. Осы кезде өзге дін өкілдерінен күтпеген қуанышты құттықтаулар келіп жатады. Сондай тосын құттықтау Моңғолияның экс-президентінен де келді. Намбарын Энхбаяр барлық мұсылмандарды және Моңғолияда тұратын қазақтарды рамазан айымен құттықтады.

Мамыр айы шеттегі қандастарымыз үшін қуаныш айы болды. Экс-президенттің құттықтауына жалғасып, Баян-Өлгей аймағының бір топ оқушысы «Күлтегін» атты музыкалық топ құрды. Халқымыздың киелі домбырасы мен қыл қобызын дәріптеген мұндай топтың құрылуы баянөлгиліктер үшін ерекше жаңалық болды. Ал Баян-Өлгейдегі малшы отбасының бір күнгі тіршілігінен жасалған фоторепортаж ондағы ағайынның қалай күн көріп жатқанынан хабар берді.

Шеттегі қазақтардың тіршілігіне көз сүйсініп жүргенде, отанға оралған қандастар азаматтық алып мәрә-сәре болды. Анығырақ айтқанда Қазақстанға келген 600-дей азамат Қазақстан азаматы атанды.

Сәуір айында өткен Үкімет отырысында депутат Бекболат Тілеухан Қытайдағы қандастар мәселесін көтерген болатын. Мұнан кейін Қазақстан тарапы шеттегі ағайынға алаңдаушылық білдіре бастады. Осы айда Бейжіңде бас қосқан екі ел СІМ өкілдерінің жиынында Қазақстан Қытайдан қамауға алынған этникалық қазақтарды босатуын сұрады. Тіпті Қытайдағы аз ұлттар мәселесін The Independent басылымы да жазды. Әлемдік деңгейде көтерілген мәселені BAQ.KZ-те назардан тыс қалдырған жоқ.

Мұнан соң, ҚР СІМ Қайрат Әбдірахманов Қытайдағы қазақтар мәселесіне қатысты өз пікірін білдірді. Оның айтуына қарағанда қандастарымыздың тағдырына қатысты келіссөз жүргізуге ешқандай кедергі жоқ.

Айдың соңын тағы бір жағымды жаңалық қорытындылады. Ол – Ресейден келген қазақ әйелінің Қазақстанның футболдан әйелдер құрамасын жаттықтыратындығы еді.

Маусым

Маусым айы бұған дейін де айтылып келгенімен, тым мән берілмеген бір тосын ақпаратпен басталды. Ол – Қытай билігінің 90 жастағы қазақ әжені қамауға алуы еді. Қоғам мұны сол елдегі этникалық қазақтарға жасалып жатқан қысымның бір көрінісі деп қабылдады.

Астанада өткен көрмеде Моңғолиядан келген қандасымыздың сүйектен жасаған кәдесыйлары елді сүйсінтті. Ол өз сөзінде тарихи бедерледі оюды жақсы көретінін айтты.

Маусым айында Елбасы Қытайға ресми сапармен барды. Бұл екі ел арасындағы ынтымақтастық пен саяси әріптестікті нығайта түскен сапар болды. Сапар барысында Елбасы ШЫҰЕ-нің кезекті саммитіне келген Моңғолия президенті Халтмаагийн Баттулгамен кездесті. Бұл кездесу Моңғолиядағы қандастарымыздың сенімін арттырып, екі ел арасындағы береке мен бірлікті нығайта түсті.

Маусым айында еліміздегі және шетелдегі қандастарымызды қуантқан ерекше оқиға болды. Ол - 2017 жылы өткен Дүниежүзі қазақтарының 5 құрылтайында Елбасы арнайы тапсырған «Отандастар» қорының құрылып, өз жұмысын бастауы еді.

Осы айда елді дүрліктірген тағы бір шулы ақпаратқа нүкте қойылды. Әлеуметтік желі қолданушыларын шулатқан «қытай азаматтары Қазақстанға визасыз кіреді» деген ақпаратқа ҚР СІМ ресми жауап берді.

Ал франциялық дәрігерлерден Гипократ антын қабылдайтын қазақ қызы туралы ақпарат елді сүйсінтті.

BAQ.KZ ақпарат агенттігіне сұқбат берген Қытайда тұратын қазақ ғалымы буаз биенің несебінен қартаюға қарсы қоспа жасалатыны жайлы айтса, Беларусьта тұратын қазақ «бір қазақ көрсе, қазақша сөйлеуге асығатынын» жеткізді.

Беларусьтық қандасымыз қазақша сөйлесетін адам іздеп жүрсе, Өзбекстанда қазақ тілі оқытыла бастайтыны айтылды. Бұл Өзбекстан президенті болып Шавхат Мирзаеев келгелі бері екі ел арасындағы достық қарым-қатынастың нығая түсуінің белгісі еді.

Маусым соңы жақсы жаңалықтармен қорытындыланды. Моңғолиялық Дәмелі есімді қазақ қызының фотосуреті National Geographic Travel Photographer of the Year конкурсында бірінші орынға ие болса, халыққа есеп беру кездесуінде ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Мәдина Әбілқасымова шетелде тұратын этникалық қазақтар тарихи отанына қоныс аударса, оларға қандай жеңілдіктер жасалатынын айтты.

Шілде

Айдың басы көңілді қоңылтақсытып басталды. ҚР ІІМ таратқан мәліметке сәйкес, биылғы жылдың алғашқы 5 айында 40 мың адам Қазақстаннан басқа жаққа көшіп кеткен. Сонымен қатар, соңғы жарты жылда 200-ге жуық азамат елден аластатылса, 1500 азаматқа айыппұл салынған.

Дегенмен Астана күні қарсаңында Өзбекстанда тұратын қандастардың құттықтауы көңіл сергітті.

Шілде айы Моңғолиядағы қандастар үшін ауыр мезгіл болды. Екі жылдың алдында нөсер жауыннан зардап шеккен ағайын, биыл жазда да орасан шығынға ұшырады. Баян-Өлгей аймағының орталығы Өлгий қаласына сел түсіп, 800-ден астам отбасы зардап шекті.

Осы айда Түмендегі қазақтар кіші құрылтай өткізді. Онда Қазақстанның Солтүстік өңірімен рухани байланыс орнату мәселелері талқыланды.

Шілдеде Моңғолияның мемлекет жəне қоғам қайраткері, тарихшы-ғалым Сарай Асқанбайұлы атында ұйымдастырылған эсселер байқауының жүлдегерлері анықталды. Онда Қазконтент АҚ журналисі Асылбек Байтанұлы бас жүлдені иеленді.

Тамыз

Шілдеде 40 мыңға жуық азамат Қазақстаннан көшіп кетсе, тамыз айында көші-қон саласының мәліметіне сәйкес жарты жылда 17 мыңнан астам азамат шетелге көшіп кеткендігі айтылды.

Осы айда Қырғызстандағы қазақ диаспорасына жаңа басшы тағайындалды. Жогорку Кеңештегі “Өнүгүү-Прогресс” фракциясының депутаты Гүлшат Асылбаева енді Қырғызстандағы Қазақ диаспорасының төрайымы қызметін атқарады.

Шілдеде селден зардап шеккен Моңғолиядағы қазақтарға тағы бір оқыс оқиға тап болды. Баян-Өлгейден Қазақстанға келе жатқан шағын автобус жол апатына ұшырап, 12 адам зардап шекті.

Тура осы оқиға орын алғаннан бір күн өткенде тағы бір шағын автобус қарсы жолға шығып кетіп, жол апатына ұшырады. Бұл көлікте 17 адам болған. Зардап шеккендерге ресейлік дәрігерлер көмек қолын созды. Дегенмен ауыр жараланған қазақстандық әйелдің туыс-туғандарына іздеу салынды. Көп өтпей әйел есін жиып, ағайындарына жеткізілді.

Моңғолия қазақтарынан шыққан мықты палуандардың бірі – Серік Ақтай Астанада өткен қазақ күресінен Азия чемпионатында чемпион атанса, Түркияда тұратын қандасымыздың құз басында домбыра ұстап түскен суреті елді сүйсінтті.

Дегенмен ай соңындағы азалы хабар алыстан келген ағайынның қабырғасын қайыстырды. Қытайдағы қазақтар арасынан шыққан алғашқы математика ғылымының профессоры Әмір Рамазанұлы 82 жасында өмірден озды.

Қыркүйек

Айдың басы жақсы жаңалықпен басталды. "Ресейде қазақ тілі шет тілі ретінде оқытылады" деген ақпарат мемлекеттік тілі мәлкілдеп тұрған Қазақстан қоғамы үшін жақсы жаңалық еді. Мұндай қуанышты жаңалықты әдебиет сүйер қауымның мерейлі сәтімен жалғаты. Шетелдегі қазақ қаламгерлерінің атажұртта басылған жыр жинақтары өз оқырмандарына жол тартты.

Осы орайда Елбасының Қазақстан әліпбиін латын графикасына ауыстыру туралы Жарлығын қолдаған Түркияда тұратын қазақ ғалымының сұқбаты түркиялық қандастарымыздың атажұртқа бір табан болсын жақындай түскендігін көрсетті.

Моңғолия мен Қазақстан арасындағы мәдени байланысқа айрықша үлес қосып жүрген қазақстандық ғалым Ақеділ Тойшанның Моңғолия СІМ қолынан марапат алуы – көшпенділер өмірінің айрықша сабақтастығын танытты.

Осы айда АҚШ-тың Калифорния штатындағы Google компаниясының бас кеңсесінде еңбек ететін Павлодар қаласының тумасы Қуат Есенов араға төрт жыл салып, туған жеріне келді.

Қыркүйектегі ең айтулы оқиға – моңғолиялық бүркітші қыз Айшолпанның Астанаға ат басын бұруы болды. Танымал бүркітші қарындасымыздың анасы перзентінің бүркітшілік жолды таңдағанына ана ретінде алаңдайтынын жеткізді. Ал «Qazaqstan» ұлттық арнасы «Көшпенділер» деген атпен алыстағы ағайындарға арнап деректі фильм түсіріп, оның алғашқы бөлімін Айшолпанның өміріне арнаған екен. Астанаға сапары кезінде Айшолпан білімін Қазақстанда жалғастырғысы келетінін айтты. Сонымен қатар ол BAQ.KZ-ке берген сұқбатында өзінің армандары, отбасы, бүркітшілігі туралы айтып берді.

Айшолпан Астанада жүргенде Баян-Өлгийдегі өзге де бүркітші қыздар арасында құсбегіліктен сайыс өтті.

Осы тұста әлемдік БАҚ назары тағы бір моңғолиялық қазақ қызына ауды. Ол - АҚШ-тан білім алған жас инженер Әйгерім Сәулетханқызы еді. Әйгерім әлемдегі алдынғы қатарлы электроникалық Apple компаниясында бағдарламалық инженер қызметін атқарады.

Қыркүйектің соңында Көкшетаудан көңілсіз хабар жетті. Шеттен келген қандастарға арнап «Нұрлы көш» бағдарламасы арқылы салынған үйлер заңсыз жалға беріліп келгендігі анықталды.

Қазан

Қазан айы қандастар үшін ең тыныш ай болып өткен сыңайлы. Десе де, айдың басында Баян-Өлгейде тұратын қазақ фотографының жеке көрмесі өтті.

Алайда ай ортасында әлеуметтік желіде «Қазақстан азаматтығын 150 мың долларға сатып жатыр» деген қауесет тарады. Бұның жалған ақпарат екенін, ешқандай азаматтықтың сатылып жатпағанын «АХҚО Әкімшілігі» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Марат Әйтенов ашып айтты. Дегенмен, ешкім азаматтықты сатып алмаса да, Қазақстанда тұратын 1800 азаматтың көші-қон заңын бұзғаны анықталды.

Осы айда ДҚҚ дәстүрге айналған шетелдегі қандастар арасында өтетін өнер фестивалін жариялады.

Қыркүйекте ғана Астанаға келіп, атажұртты өз көзімен көріп қайтқан моңғолиялық бүркітші қыз Айшолпан қазан айында Қазақстанға тағы келді. Бұл жолы Түркістан облысы Шардара ауданында өткен «Safari Shardara» халықаралық фестиваліне келген қандасымызға облыс әкімі арнайы марапат табыс етті.

Қараша

Айдың басы жақсы жаңалықпен басталды. Оны Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы төрағасының бірінші орынбасары «Қасиетті қазақ елі» дәстүрлі халықаралық өнер фестиваліне қатысушылармен кездесу барысында айтты. Фестивал жеңімпаздары да осы айда марапатқа ие болды.

Қазан айында ғана 1800 адам Қазақстандағы көші-қон заңнамасын бұзғаны анықталған болатын. Бір айға жетер-жетпес уақыт аралығында 1100 азаматтың көші-қон заңын бұзғандығы анықталды.

Елбасының тікелей тапсыррмасымен құрылған «Отандастар» қорының басшысы Нұртай Әбіқаев пен ҚР Қоғамдық даму министрі Дархан Кәлетаев Түркиядағы қандастармен кездесті.

Осы айдағы тағы бір жағымды жаңалық – Көші-қон қызметі комитеті мәлімдеген бір сағатта ЖСН алу туралы ақпарат болды.

Ал Мемлекеттік хатшы Гүлшара Әбдіхалықованың «Тәуелсіздік алғаннан бері 1 млн-нан астам адамның Қазақстан азаматтығын алғаны» жайлы айтуы шеттен келген қандастарымыздың еліміз демографиясына айтарлықтай үлес қосып жатқандығын білдірсе керек. Дегенмен, ҚР Парламент депутаты Бекболат Тілеухан әлі де азаматтық ала алмай жүрген көптеген қандастарымыз бар екенін айтады. Соған қарамастан, «Отандастар» қорының басшысы Нұртай Әбіқаев «біз Тәуелсіздік жылдарында алыстағы ағайынды ешқашан естен шығарған жоқпыз» дейді. Және соның бір дәлеліндей, ДҚҚ «Алыстағы ағайын» деректі фильмін таныстырды.

Қарашаның тамаша кештерінің бірінде моңғолиялық қазақ ақыны Сұраған Рахметұлының шығармашылық кеші өтті. Астана төрінде өткен айтулы кешке әдебиет сүйер қауым көптеп жиналды.

Моңғолиялық ақын Астанада кеш өткізіп жатса, Омбы қазақтар қазақ руханиятына еңбек сіңіріп жүрген жандарға арнап «Алтын адам» сыйлығын тағайындады.

Айдың соңын бір жағымды, бір мұңлы ақпарат түйіндеді. Әуелі ата-анадан, одан кейін Атажұрттан айырылған АҚШ-та тұратын жас қазақ елге оралғысы келетінін айтады. Ал жағымдысы ДҚҚ шеттен келген қандастарымыздың мұң-мұқтаж, арыз-өтінішін қабылдау үшін арнайы жұмыс тобын құрды.

Желтоқсан

Желтоқсан айы керемет жаңалықпен басталды. Өзбекстан Абай Құнанбайұлы жайлы деректі фильм түсірді. Бұл ақпарат екі ел арасындағы рухани, әдеби байланыстың нығая түскендігін көрсетті.

Ал көптен бері қордаланып келе жатқан Моңғолиядан келген қандастарымызға зейнетақы төлеу мәселесі жайлы жазылған «Елбасын елемеу ме, қандастарға қағажу ма?» атты мақала шеттен келген ағайынның көңіліндегісін дөп басқан дүние болды.

Шыңжандағы қандастармыздың тіршілігінен хабар беретін «Таңғажайып Қытай – Көрікті Шыңжан» деп аталатын фотокөрме көрермендерін сүйсінетті. Қытайдың Қазақстандағы елшілігі ұйымдастырған көрмеде Шыңжан өлкесінің көрікті табиғаты, көркем адамдары бейнеленген.

Жыл соңына қарай көші-қон саласы қатаң бақылауға алынғандай. Қазан, қараша айларында көші-қон заңын бұзған 3 мыңға жуық шетел азаматы Қазақстан аумағынан шығарылса, желтоқсан айында 1700 адам елден қуылды.

Желтоқсанда Ресей қазақтарының кіші Құрылтайы Омбы қаласында өтті. Бұған Қазақстаннан арнайы делегация барып, Ресейдің 25 өңірінен қандастарымыз қатынасты. Құрылтайда Ресейдегі қандастар санының 1 млн-ға жуықтағаны айтылды.

Желтоқсандағы ең басты жаңалықтардың бірі – ҚР СІМ таратқан «Қытай 2000-нан астам қазаққа өз аумағынан шығуға рұсат бергендігі» жайлы ақпарат болды.

Айдың соңын тағы да Моңғолияда тұратын бүркітші қыздарға қатысты жақсы жаңалықпен аяқтадық. Оның бірі – Моңғолияда тұратын қазақ бүркітші қызы Заманбол Талапқызы жайлы The New York Times газеті жазған мақала болса, екіншісі әйгілі Айшолпанның Моңғолия президентінің қолынан «Алтын жұлдыз» орденін алуы болды.

Міне, құрметті оқырман, бұл BAQ.KZ ақпарат агенттігі бір жыл бойы жазған қандастар өмірінің хронологиясы. Әрине, агенттік назарына ілінбей қалған да бірнеше ірі оқиғаны айта кетуге болады. Ол – Сайрагүл Сауытбайға қатысты ақпар, еліміздің бірнеше облысында ашылған миграциялық ХҚКО.

Алдағы уақытта да жаһан қазақтарының жай-күйі біздің назарда болады. Сондықтан да, әркез бізбен бірге болыңыздар. Табалдырықты аттаған жаңа жыл баршаңызға табысты болсын!

Ержан Жаубай
Өзгелердің жаңалығы