BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 366.43 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 420.11 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.58
Астана:

Гымыңгүл Мұқантайқызы: Қазақстан жылқы шаруашылығы бойынша Қытайдан көш ілгері Эксклюзив

Фото: Ержан Жаубай

Қытайда тұратын қандасымыз, сол елде қазақ жылқысын зерттеп жүрген ғалым, «Тарым» университетінің профессоры Гымыңгүл Мұқантайқызымен әңгімелесудің сәті түскен еді. Жылқытанушы ғалым Қытайдағы қазақ жылқы тұқымдарының жай-күйін, екі ел арасындағы осы сала бойынша байланыс, жылқы өнімдерін пайдалану жайлы өз ойын бөлісті, деп хабарлайды Baq.kz ақпарат агенттігі.

- Ал, Гымыңгүл Мұқантайқызы, Атажұртқа қош келіпсіз! Әңгімемізді Қытайдағы жылқы шаруашылығынан бастасақ...

- Бұл сала Қытайда 20 жылдай кенжелеп қалды. Себебі бұрын бұл сала егіншілікте, мал шаруашылығында қолданылатын. Соңғы кезде техника қатты дамыды, барлығын автоматтандырды. Мал бақсақ та «мотоцикл-атпен» бағатын болдық. Сондықтан да жылқыны өсіру, оны көлік ретінде пайдалану азайды. Тіпті, университеттерде жылқы шаруашылығы туралы оқыту да тоқтап қалған еді. Бірақ таяуғы жылдадан бері жылқы шаруашылығын қайта қолға ала бастадық. Себебі халықтың тұрмысы жақсарды. Ішер ас, киер киім мол болды, машина-техникаға қызығу тоқтады. Енді керісінше қалталылар жылқыға қызығатын болды. Олар жылқы бағып, жылқы етін жеп, жылқы сүтін ішкісі келді. Осындай себептермен Қытайдағы Бейжің, Шынжын, Гуаңжу, т.б. қатарлы ірі қалаларда жылқы шаруашылығын дамыту, оны түлік ретінде бағу қайта қолға алынды. Соның арқасында бір кезде шетелге кеткен байлар қайта келіп, ағылшын, араб жылқыларын малдана бастады. Түркіменстаннан ала алмаса да Қазақстаннан, Өзбекстаннан ахалтеке әкеліп, Қытайда өсіруді қолға алды. Бұл мәселенің екінші жағы – спорт жылқыларын дамытуды қолға алу еді. Осы арқылы мемлекеттің жылқы шаруашылығына қатысты саясатының өзгеруіне түрткі боламыз ба деп ойлап еді байлар. Бірақ, оған рұқсат берілмегенді, сол кездерде біз оларға өнімді жылқы шаруашылығын дамытуды ұсынып көрдік. Яғни, ет-сүт бағытындағы жылқы шаруашылығын дамытуды айттық. Дегенмен бұл қадамымыз да онша қолдау таппады. Көбі таза қанды, асыл тұқымды жылқылармен ғана айналысқысы келді. Ғалымдар бизнесмендердің бұл әрекетінің қате екенін сол кезде-ақ айтқан еді. Мысалы спорт болмаса, ағылшын, ахалтеке, араб жылқыларға Қытайда өмір сүрудің керегі жоқ. Ол иесіне пайда әкеле алмайды. Керісінше шаруашылыққа шығын. Бір мініс жылқысын қорада бағу үшін мөлшермен 20 мың июань (1 млн теңге) кетеді. Яғни, ондай жылқыны қарапайым халық баға алмайды деген сөз.

- Сіздерде әйгілі іле жылқысы бар емес пе?

- Иә, біздегі біраз танымал болған іле жылқысы. Кейбір ғалымдар осы іле жылқысын ағылшын, араб, ахалтекемен будандастыру арқылы спорт жылқысын, жүйрік тұқым шығаруды ұсынды. Ал, қараңыз енді, ағылшындар қазіргі таза қанды, асыл тұқымды ағылшын жүйріктерін 300 жыл бойы сұрыптап, тұқым ретінде жетілдіру арқылы бүгінгі күнге жеткізді. Ал біз оны қуып жету үшін ұзақ уақыттық селекция керек. Жапонияда да сондай, олардың бәйгелерінде де ағылшын жылқылары шауып жүр. Әлемді тамсандырып отырған Жапония жаңа жылқы тұқымын шығаруды білмей отырған жоқ, олар оған уақыт пен қаржыны құртуды бекершілік деп тапты. Сондықтан біз не істеуіміз керек. Біз де өз қолымызда бар мүмкіндікті, қолымызда бар жылқыны жетілдруді көздедік. Қазір Қытайда көптеген тұқымқорлар бар, әсіресе өсімдіктердің, жан-жануарлардың тұқымын сақтау біздің басты мақсатымыз. Бұл бүгін бізге керек болмаса да, 100 жыл, 1000 жылдан кейін болашақ ұрпағымызға керек. Қорға сақталған тұқым, ген біз үшін баға жетпес байлық. Ал осы байлықты сақтап қалу үшін біз үкіметке алақан жаямыз. Бірақ мемлекет бізді үнемі бағып отыра алмайды ғой. Сондықтан жылқы шаруашылығымен айналысатындар өзін-өзі бағатын деңгейге жетуі керек. Сонда ғана мемлекет бұл саланың экономикалық құндылығын түсінетін болады. Мемлекет экономикалық тиімділігін мойындағанда ғана қолдау білдіреді. Міне, осындай себептермен Мен өзім Қытайдағы қазақ жылқысын зерттеймін. 2010 жылы Қазақстандағы Қазақ Ұлттық Аграрлық университетінен кандидаттық қорғадым.

- Қытайда жылқы өнімдеріне сұраныс қалай?

- Қазір Қытай жылқы саны бойынша Америкадан кейінгі екінші орында тұрады. Бәлкім болашақта бірінші орынға шығатын шығар. Ал Қазақстан жылқы саны бойынша, менің білуімше, 9 және 10-орында. Алайда, бізде жылқы саны болғанымен сапа жоқ. Соған қарамастан Қытайда жылқы етіне деген сұраныс жыл сайын артып келеді. Орталық Қытайда тұратын таза ханзу ұлтының өзі қазір жылқы етін жеуді үйрене бастады. Бұрын олардың дәрігерлік ұстанымында жылқы еті пайдасыз тағам ретінде танылып келген болатын. Бірақ қазіргі ғылыми технологияның зерттеуі бойынша жылқы етінде холестериннің төмендігі, оның құрамындағы қанықпаған май қышқылының жоғарылығы, оның азықтық құнарлылығының жоғары екендігі және жүрек-қан тамырларына тигізер оң әсерінің көп екендігі анықталды. Сондықтан да қытай халқы жылқы етіне қызығып отыр. Екінші жағынан қой, сиыр, доңыз барлығы да аусыл ауруымен ауыратындықтан, жылқы етінің құндылғы біршама жоғары. Сонымен қатар, қалтасында ақшасы бар адамдар, басқа түрлі тағамды жегісі келеді, соның салдарынан жылқы етіне деген сұраныс жыл санап көбейіп келеді. Бұл қазір Қытайдағы саны азайған жылқы тұқымына төнген үлкен қатер деуге болады. Үлкен базарларда, қасапханаларда соя берсе, жылқы таусылатыны анық қой. Мысалы бүкіл Қытай елінің жылқысы екі-ақ жылға жетеді екен.

- Сіздерде жылқының қанша тұқым-түрі бар?

- Қытайда жылқының 26 тұқымы бар еді. Кейбірінің тұқымы құрып кетті. Ал ШҰАР-да төрт жергілікті тұқым, екі будан тұқым бар. Қазір саны азайып кеткен жылқылардың қатарында моңғол жылқысы, тибет жылқысы, Баркөл жылқысы бар. Ал Қытайдағы қазақ жылқы тұқымының саны едәуір жақсы. Әзірге тұқымы азайған жылқыларға Қытай Ауылшаруашылығы министрлігінен арнайы ақша бөліп, тұқымның жойылып кетуінің алдын алып, қорғап отыр. Жылына бір тұқымға 800 мың июань (40 млн теңге) бөліп, тұқымды сақтап қалуға жағдай жасап отыр. Сонымен қатар, бізде жылқы шаруашылығының бүгіні мен болашағына негізделген 5 жылдық жоспар қойылады. Өткен жылы он үшінші бес жылдық жоспарды қорытындылау барысында өнімді жылқы шаруашылығын дамытуды алға қойды. Он жылдың алдында қолдамаған салаға, енді көңіл аударып отыр. Бұған бірінші себеп, спорт жылқысының транзиттік мәселесінің тиімді жолға қойылмауы. Содан болып асыл тұқымды жылқыларды Бейжің секілді үлкен қалаларда бар болғаны күнделікті мініс аты ретінде ат міну клубтары ғана пайдаланды. Керісінше Шиңжаң, Ішкі мұңғыл секілді алқапты жайлауы бар, жылқы өсіруге қолайлы өңірлерге өнімді жылқы тұқымын өсіруге мән берді. Өнімді жылқы шаруашылының міндеті – сүті мен етінен және буаз биенің зәріннен (несебінен) өнім өндіреді.

- Зәрінен өнім өндіргені қалай?

- Таяудағы жылдардан бері Іле облысының Күнес ауданында арнайы осы саламен, яғни буаз биенің зәрін жинаумен айналысатын шаруашылықтар бар. Бір бие жылына 2-3 мың июань (100-150 мың теңге) кіріс кіргізе алады. Онсыз да босқа төгіліп жатқан несепті жиып алып, арнайы орынға тапсырады. Несептен алынған гормондар арқылы Америкада әйел адамдардың қартаюының алдын алатын дәрі жасалады. Менің естуім бойынша 2008 жылы 1 грамы 500 июань (25000 теңге) болатын. Бұл деген сөз буаз биенің несебі алтыннан қымбат деген сөз. Иә, несептен тапқан пайдамен ешкім қабырғасын жаппайды деп ойлауларыңызға болады, бірақ тым болмаса, күнделікті жем-шөптің ақшасын табуға болады ғой. Осы негізде Күнестегі қазақ жылқысының саны 100 мыңнан асты.

Ал сіздерде осыншама көп жылқыларыңыз бола тұра, оның өнімдерін керекке жарата алмағандарыңызға қарап мен ойланып қалдым. Әйтпесе біз үшін бір шаруашылықта, бір қожалықта мың, екі мың жылқы болу деген түсімізге кірмеген сандар. Біз Алтай өңірінен 200 бас жылқысы бар қазақ байларын көріп қуанамыз. Ал сіздер қолдарыңызда бар өнімді ұқсатып пайдалануды меңгермеген екенсіздер. Қазір Қазақстан, Моңғолия, Қырғызстан қатарлы қос-қос жылқы ұстап отырған елдерге Америка қызыға қарап отыр. Егер сіздер мүмкіндік берсеңіздер, олар өздері-ақ келіп, сіздерге несептен ақша жасауды үйретіп берер еді.

- Қытай жылқы шаруашылығына көңіл бөле бастады деп отырсыз ғой, сонда мемлекет тарапынан қолдау бар ма?

- Әрине бар. Қытай жылқы саны бойынша екінші орында тұрғанымен, Қазақстандағыдай бір орынға жинақталмаған. Мысалы Қазақстанның батысында ғана 170 мыңнан астам жылқы бар екен. Және басқа облыстарда да жылқы шаруашылығы жақсы жолға қойылған. Қытайда Шыңжаң мен Ішкі Моңғолда ғана шоғырланған жылқы бар да, өзгі өңірлерде шоғырланған жылқы жоқ. Қазіргі уақытта Қытай елі жылқы шаруашылығына қатты ден қоя бастады. Басқа мал шаруашылығын да қалыс қалдырған жоқ, бірақ жылқы мен түйеге деген сұраныстың күн санап артып келе жатқаны анық. Түйе шаруашылығын естіген боларсыздар, Қытайда әлем бойынша түйе сүтін өңдейтін алғашқы компания құрылды. Алтай аймағының Бурылтоғай ауданында құрылған шұбат жасаумен айналысатын компания халықаралық деңгейде бірінші орында тұр. Ол компанияның өнімдерін ішкі Қытайдағы жоғары дәрежелі тұтынушылар алып отыр. Сондықтан да бұл кәсіпорынның өнімі өте қымбат. Қарапайым адамдар сатып ала алмайды.

Осындай компаниялардың бастамасымен қазіргі кезде Қытайда түйе шаруашылығы жақсы дамып, түйе сүтіне деген сұраныс артты.Ал жылқыға келер болсақ, Бүгінгі күннің өзінде жылқы шарушылығына қатысты мал дәрігерлерінің халықаралық конференциясы Пекин мемлекеттік жиналыс залында өтіп жатыр. Сонымен қатар, жылына бір рет, сіздердегі палата секілді мекеме бар, соған Ауыл шаруашылығы министрлігінен арнайы өкіл келіп, мамандардың пікірін тыңдайды. Соған орай алдағы жылда қандай мәселелерді қарастыру керек екендігін келіседі.

- 1 млрд қытай халқын жылқы етімен қамтамасыз ету мүмкін бе?

- Қазіргі кезде әлемдік жылқы өсірушілер Қытайдың осы саладағы қадамын бақылап отыр. Егер болашақта Қытайда етті, сүтті жылқы тұқымы дамитын болса, біздің қорымыз жетіспей қалатыны анық. Сондықтан біз, әдеттегі жағдайда да іргеде отырған Қазақстан бар, Моңғолия бар, жайлауы кең, жылқы шаруашылығын дамытуға ең қолайлы жер екенін айтамыз. Сол елдердегі жылқыны өзіміздің жылқы шаруашылығының қоры ретінде пайдалануды көздейміз. Мысалы Қазақстанда өнімді жылқы шаруашылығы бойынша, мұғалжар, көшім, жабы тұқымдары бар. Біздің ел осы жылқылардың тұқымын алуға көп көңіл бөледі. Тым болмаса, жылқы өнімдерін көптеп кіргізуге болады.

- Жылқы мәдениеті, будандастыру жайлы не дейсіз?

- Бүгінгі таңда жылқы мәдениеті саласы өте күрделі жағдайда. Қытайда да, Қазақстанда да жергілікті жылқы бар. Иә, рас, қазақ жылқысының сырт келбеті сұлу көрінбейді. Бірақ оның табиғи ерекшелігі бар ғой. Ал қазақ жылқысының сырт келбетінің сұлулығы үшін будан жасайтындар көп. Оның не керегі бар? Қандай жылқы тұқымын бақсаңыздар да, таза күйінде бағуға болады ғой. Ағылшын, араб, ахалтеке бағуға болады, бірақ қазақ жылқысының әр тұқымының өзіндік ерекшелігі бар. Табиғи, тұрған ортасына қарай бейімделуін, жаратылыс ерекшелігін ескеру керек. Және қазақ жылқысының қоғамдық ортада өзіндік құны бар. Бәлкім ағылшын жылқысы одан ақшалай қымбат болуы мүмкін, бірақ ол қазақ жылқысынан әлеуметтік жағынан құнсыз болатыны анық. Ағылшын тұқымы бір ғана сала бойынша – спорттық сала бойынша дамыған. Ал қазақ жылқы тұқымының бір ерекшелігі одан мініс жылқысы да, жүйрік, жорға, күш көлігі, етті-сүтті бағыт бойынша да жетілдіруге болады.

Мысалы ағылшын жылқысы десе спорттық бағытта ғана елестетеміз. Ал жергілікті жылқы тұқымына табиғи тұрғыда, экологиялық, өнімділік және оның гендік қорына да қарайтын болсақ ағылшын жылқысынан әлденеше есе қымбат екенін көреміз. Бәріміз білетіндей, еуропада понидан бастап алып жүк тартатын жылқыға дейін, барлығы да қорғауға алынып, жетілдіріліп, бағым-күтімде тұр. Демек біз үшін де қазақ жылқысы қастерлі болуы керек. Бұл – келер ұрпағымыз үшін ешқандай ақшаға сатып алуға келмейтін үлкен қор, үлкен байлық. Сонымен қатар, туризм саласына, жорға, жүйрік бойынша ақылдылық жағына бағыттауға да болады.

Жоғарыда айтқанымдай, бізден бір қателік кетті, Қытайда іле жылқысын ағылшын және орлов жылқысымен будандастырды. Тіпті, Қостанай жылқысы, Ресейдің ауыр жүк тартатын жылқысы қатарлы оншақты тұқымның айғырын қосты. Сол арқылы іле жылқысының тұқымдық ерекшелігін әлсіретіп жіберді. Жылқы қыр-сырын білетін үлкен ғалымдар бұл іске қатты қапа болды. Іле жылқысы бұрын аламанға да, жорғаға да қатынаса беретін, қазір бұл тұқымнан жорға шықпайтын болды. Жылқының жорға болатын ерекше гендік жаратылысын жоғалтып алдық. Мұның өзі біз үшін орыны толмас жағдай. Осы мәселеден кейін мен барынша будандастыруға қарсы болып келемін.

- Қытай дамыған ел, технологиясы жетілген, ал дәстүрлі жылқы шаруашылығына қалай қарайды?

- Қытайда дәстүрлі жылқы шаруашылығынан заманауи жылқы шаруашылығына қалай өту керек деген мәселе қаралып жатыр. Соның ішінде өнімді жылқы шаруашылығын дамыту, жергілікті тұқымды қорғау, оның экономикалық құндылығын арттыру қатарлы түйткілдерін алдынғы орынға қойып отыр.Сондықтан да ондағы жылқытану саласы енді-енді тәй-тәй басып келеді. Ал сіздерде дәстүрлі жылқы шаруашылығы бойынша қаншама жылдық тарих бар. Соған сай қаншама жылқыға арналған кең жайылым бар. Былайша айтқанда, қытайлық ғалымдардың көзімен қарасақ, сіздердің алтындарыңыз көміліп жатыр. Соны теріп алуға мүмкіндіктеріңіз бола тұрып, мән бермей отырсыздар.

Тағы қайталап айтамын, бізге ағылшын, араб секілді асыл тұқымды жылқылармен бәсекелесудің керегі жоқ, керісінше өз қолымызда барды ұқсата білуіміз керек. Мысалы өнімді жылқы шаруашылығы деген кезде біздің есімізге бірден Қазақстан түсуі керек қой. Оған себеп те жоқ емес, Қытайдың оқулықтарында етті, сүтті бағыттағы мұғалжар, көшім және якут жылқысы бар. Қазіргі кезде осы жылқы тұқымдарын Қытайға әкелу мәселесі қарастырылып жатыр.

Өткен жылы Ішкі Моңғолияға барып жылқы шаруашылығы бойынша лекция оқыдым. Сол кезде де аталған жылқы тұқымдары туралы айттым. Себебі қазір Қытайда жылқы тұқымын нақтылау, ірілендіру, бағыт бойынша, сапа бойынша сұрыптау жүріліп жатыр. Бұл үшін тұқымды, аталық қорды қайдан аламыз деп сұрайтындар көп. Біз бірден Қазақстанмен байланыс орнатуды ұсынамыз. Қазақстанға сапар жасауымдағы басты мақсатымның бірі де, осы жылқыларды өз көзіммен көріп, маман ретінде сараптау болатын.

Қазақстан бұл тұрғыда Қытайдан көш ілгері. Сүтті-етті бағытқа арнап бөлек тұқым, спорттық бағытқа арнап бөлек тұқым жетілдіріп шығарды. Осы бағытқа бөлу жылқының болашағын сақтап қалуға үлкен мүмкіндік. Және Қазақстанның тағы бір артықшылығы жылқы зерттейтін жергілікті мамандардың көптігі. Әсіресе әр шаруашылықты өз бақылауына алып отырған жылқытанушы ғалымдарды көрген кезде қатты қуандым. Қытайда жылқы шаруашылығына арналған халықаралық жиындар өте көп өтеді. Пікір алмасып, тәжірибе бөлісу үшін қазақстандық ғалымдар да сол жиындарға қатысып тұрса деймін.

- Әңгімеңізге рахмет!


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер