Қытайдағы қазақтар мәселесi Үкiмет сағатында көтерiлдi - Үкімет|16 Сәуір 2018, 15:02
BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 361.66 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 409.51 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.41
Астана:

Қытайдағы қазақтар мәселесi Үкiмет сағатында көтерiлдi

Бүгiн Мәжiлiс депутаты Бекболат Тiлеухан Қазақстанға келіп азаматтық ала алмай жүрген қандастарымыздың мәселесiн көтердi. Ол көшi-қон тақырыбына арналған Үкiмет сағатында Iшкi iстер министрi Қалмұханбет Қасымов пен Сыртқы iстер министрлiгiнен аталған проблеманы шешудi өтiндi, деп хабарлайды Baq.kz тiлшiсi.

«... Жасыратыны жоқ, Қытайдан, Өзбекстаннан, алыс-жақын мемлекеттерден Қазақстанға азаматтық аламыз деп, тарихи отанына келіп, босып жүрген халықтың саны көп. Онсызда құжатын реттей алмай сандалып жүрген азаматтарды «елімізде заңсыз жүрсің» деп айыптап, соттың шешімімен шығарып жатқанымыз да өтірік емес. Біздің атымызға бала-шағасы, отбасы мүшелері, жан-жаққа шашылып кеткен азаматтардан арыз-шағымдар көптеп түсуде. Қандай да бір үкіметтік жеңілдіктермен құжатын реттеп беруді сұрап отырған ел көп-ақ. Мысалы, Қарақалпақстаннан Ақмола облысындағы Ерейментауға 2007 жылы көшіп келгеннен бері бүгінгі күнге дейін Үкіметтен берілетін квотасын да, құжатын да реттей алмай жүрген адамдар әлі де көп. Жасыратыны жоқ, келетін адамдардың барлығы бірдей аса сауатты емес. Диқандар, малшылар келеді. Мысал үшін Қытайдан келген 24 жастағы жігіт тарихи отанының азаматы боламын деген ниетпен Алматы облысына құжат тапсырды. Содан ықтияр хатын күтіп жүргенде үш ай толмай «елде заңсыз жүрсің» деп айыптап, ұстап, «еліне қайтсын» деген соттың шешімі шыққан. Енді жасыратыны жоқ ағайын, сыбырлағанды құдай естімей ме? Қытай билігінің бүгінгі саясаты қазаққа аса қолайлы болып отырған жоқ. Ол жерде әрі-сәрі күйге түсiп қалып жатқан, кәдiмгi тағдырдың талқысына түсіп қалған қандастарымыз қаншама. Ондай нәрсені жүрегіміздің түпкірімен жете түсінбесек болмайды. Бұл Сыртқы iстер министрлiгiнiң жiгiттерiне де айтылатын нәрсе», - деді Бекболат Тілеухан.

Депутаттың айтуынша, бөлініп-жарылған отбасылардың қайта қосылуына ықпал жасауға негіз болатын халықаралық ратификациялар, комиссиялар, Хельсинки, Вена және Женева конвенциялары бар. Оларда сондай отбасыларды қайтадан қосуға ықпал жасауға негiз болатын халықаралық құжаттар жоқ емес.

«Соған сүйене отырып бір қайран жасауға болмай ма? Қандастарымыз босып кетті ғой, шын мәнінде қиналып жатыр. Не iстерiмiздi бiлмеймiз. Оған бiр тепсiнiп айтуға да халықаралық жағдай онша келе бермейдi. Бiрақ, осындай нәрсеге заң тұрғысынан бiр жеңiлдiктермен қарауға, көмектесуге бiр мүмкiндiк бар ма?», - деп депутат Қасымовтан сұрады. Бұл өтiнiшiн депутат сыртқы iстер министрлiгiне де бiлдiрдi.

IIМ басшысы қандастарымызға көп жағдай жеңiлдетiлгенiн айтты.

«Олар оралман мәртебесiн алғаннан кейiн бiр жылдың iшiнде бiзге арыз берiп, азаматтық алуы керек. Көбiсi, осы бiр жылдық мерзiмдi сақтамай, 15-17 айдан кейiн тапсырады. Сондықтан, заң бойынша бiз оны қайтарамыз. Сонымен бiз осы заңға өзгерiстер енгiзейiн деп жатырмыз. Мезгiлдi кiшкене созамыз. Сондай жеңiлдiктер болады», - деп жауап бердi Қасымов.

Осы мәселеге қатысты Сыртқы iстер министрiнiң бiрiншi орынбасары Мұхтар Тiлеубердi де жауап бердi.

«Бұл мәселе - өте орынды. Тарихи отанына қайтамын деген қазақтар шетелде көп. Өздеріңіз білесіздер, біздің тараптан да қолдан келгенше жағдай жасалып жатыр. Мәселен, былтыр Дүниежүзі қазақтарының құрылтайында Елбасымызға Қытай қазақтарына қатысты мәселе айтылды. Оларға жеңілдікпен азаматтық алу кезінде біраз құжаттар қиындық тудырады екен. Елбасымыздың тапсырмасы бойынша Ішкі істер министрлігі сол құжаттардан бас тартты, талап етпейтін болды. Дегенмен, бүгінде бұл мәселе басқа проблемаға айналып шыға келдi. Мысалы, Қытайдан келген қазақтар жеңілдікпен азаматтық алады. Одан кейін Қытай елшілігіне барып паспорттарын тапсыратын. Ал Үрімші жаққа қайтып барған кезде олар тұрақты тіркеуден шықпағандықтан қамалып жатыр. Өйткені, олар тұрақты тіркеуден шықпағаннан кейін қосымша әлеуметтік төлемдер алып отыр. Жергілікті билік соған тыйым салмақ. Міне, осындай мәселелер туындауда», - деді Тiлеубердi.

Вице-министр шетелден келген қандастарымыздың азаматтық алуына жеңілдік жасау мәселесін жан-жақты қарастыру қажеттігін баса айтты.

«Сол елдегі талаптарға қайшы келмейтіндей жасауымыз керек. Жалпы жоғарыда айтқан мәселеге қатысты Қытай үкіметімен келіссөздер өткізіп жатырмыз. Мен ертең Үрімшіге сапарламақпын. Сол жақтағы қазақ диаспорасы мәселесін талқылау үшін ресми сапармен барамын», - деп ойын түйiндедi Мұхтар Тілеуберді.

Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер