BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 363.26 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 420.11 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.54
Астана:

ҚР СІМ Қытайдағы этникалық қазақтардың жағдайы туралы: Келіссөз жүргізуде кедергілер жоқ

Фото: primeminister.kz

ҚР Сыртқы істер министрі Қайрат Әбдірахманов қамауға алынған Қытайдағы этникалық қазақтар мәселесін шешуде кедергілер жоқ екенін айтты, деп хабарлайды Baq.kz тілшісі.

«Шетелдегі Қазақстан азаматтарының ары мен мүдделерін қорғауда дәйекті және қағидатты түрде жұмыс істеп жатырмыз. Қытай тарапынан келіссөз жүргізуде ешқандай кедергі жоқ. Атап айтқанда, осы 1-2 айдың ішінде 3-4 ресми кездесулер болды. Олардың арасында бұрын мәлім еткеніміздей бірінші орынбасарым үлкен делегацияны басқарып Үрімшіге барып қайтты. Ол жерде біз тек сауда-экономикалық немесе инвестициялық мәселелерді ғана талқылаған жоқпыз, Қытай тарапымен сондағы этникалық қазақтардың жағдайы, өзіміздің азаматтарымыз туралы мәселе көтердік», - деді Әбдірахманов Үкімет кулуарында.

Ол Бейжің қаласына жасаған ресми сапарында Қытай сыртқы істер министрімен кездесіп, екі жақты қатынастарды егжей-тегжей талқылағанын атап өтті.

«Күн тәртібінде тұрған мәселелердің бірі – Қазақстанның азаматтығын алған этникалық қазақтардың Қытайдағы жағдайлары туралы. Біздің сол кездегі мәліметтер бойынша 12 азаматымыз қамауға алынған болатын. Келіссөз нәтижесінде оның 9-ы босатылды. Бізге Қытай тарапы әрбір азаматымыз туралы мәліметті беріп отыр. Бұл жұмыста өзіміздің дипломатиялық құралдарымызды пайдаланамыз. Біздің консулдық мекемелер осы жұмысқа тікелей араласып отыр. Алматы қаласындағы Қытайдың бас консулдығымен де біз тұрақты түрде келіссөздер жүргізіп жатырмыз. Тағы да қайталаймын, Қытай тарапымен нақты жұмыс жүргізуде ешқандай кедергілер жоқ», - деді ҚР СІМ басшысы.

Ол сондай-ақ келесі айда ҚХР төрағасының шақыруымен ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Қытайға мемлекеттік сапармен баратынын айтты.

«Күн тәртібінде қалыптасқан дәстүрлер бойынша өте көп мәселелер болады. Олардың ішінде екі елдің арасындағы сауда-саттық, инвестициялық қарым-қатынастарды нығайту қарастырылады. Саяси тұрғыдан алғанда екі ел арасында ешқандай қайшылықтар жоқ. (...) Шыңжаң автономиялық округімен байланыс орнатып, шекаралық аймақтармен қарым-қатынасты нығайтуға күш салып жатырмыз. Қазақстан азаматтарының мүдделері мен олардың құқықтары біз үшін өте маңызды мәселе. Бұның бәрін дәйекті және қағидатты түрде қорғауға дайынбыз. Бұл жәй сөз емес, іске асырып отырмыз. Дәл қазір 170-тей біздің этникалық қазақтар туралы мәлімет бар. Әрбіреуі бойынша жұмыс істеп жатырмыз. Әрбір этникалық қазақтың тағдырына немқұрайлы қарамаймыз», - деді ол.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер