BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 352.54 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 415.15 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.31
Астана:

Франция дәрігерлерінен Гиппократ антын қабылдайтын қазақ қызы

Танымал журналист, қазақ журналистикасына ұзақ жыл еңбек сіңірген ардагер, бүгінде зейнет демалысындағы Гүлмәрия Барманбекованың жаһан қазақтары жайлы жазған мақалалары, жолжазбалары бір бұл емес. Дегенмен Францияда тұрып, қазақ ұлтының абыройын асқақтатып, мәртебесін көтеріп жүрген Жанара Төребаева жайлы жазбасы көпке ой салар, қазақ қызының ары мен ибасын, тектілігі мен білімділігін танытар жазба екен. Жаһан қазақтарын түгендеуде Baq.kz ақпарат агенттігі де өзіндік бағыт-бағдарын қалыптастырып үлгерді. Сол ізімізді жалғап, Гүлмәрия Барманбекованың жазбасын жариялауды жөн көрдік.

Зейнетке шыққалы бергі ермегім – ел аралып, жер көру. Европаға жыл сайын барып қайтам. Биылғы (2018 ж) сапарымның жөні бөлек болды. Бельгияның Антверпен қаласында 31- наурыз күні өткен Европа қазақтарының және 1- маусым күні Парижде өткен Франция қазақтарының Наурыз тойына қатыстым. Шетелде тұрып жатқан қандастарымыздың тыныс-тіршілігі мені қашанда қызықтыратын.

Осы сапарымда көрген қызықтар жеткілікті. Басқасын қоя тұрып, мен сіздерге мынаны айтайын. Парижде ғайыптан бір ғажайып жанды кездестірдім! Ғайыптан емей немене, өзін бұрын-соңды көрген емеспін. Ол да мені көрмеген. Мен оның қайда жүрсе де, тек қана қазақ деп соғатын «алып жүрегінің» дүрсілін бірден таныдым. Жүрегі қаншалықты «алып» болса, жаны соншалықты нәзік екен. Мейірім мен сүйіспеншіліктен жаралған ба дерсің. Парижден 400 шақырым қашықтықта жатқан Ренн қаласынан бұрын-соңды көріп-білмеген жанмен бір жүздесіп, қазақи болмыстың жұпарына бір мауқын басып қайту үшін кім келеді, өзіңіз айтыңызшы? Мен айтып отырған ғажайып жан екі өкпесін қолына алып жетті! Айтпақшы оның есімі Жанара, тегі Төребаева. Кәдімгі өзіміздің Алматы облысындағы Шелек ауылының тумасы. Жұмысын, бала-шағасын, басқа да мың-миллион шаруаларын ысырып тастап жетіпті. Мың-миллион дейтіндей бар, ол жәй бір жүрген үй шаруасындағы әйел емес. Франция медицина ғылымдарының докторы. Франция дәрігерлері Жоғарғы Аттестациялық Кеңесінің кеңесшісі. Бұл нағылған қызмет дерсіз. Бұл осы елге тән дәрігер атаулы мамандық иемденген сәтте қазақтың қара қызының алдында Гиппократ антын қабылдайды деген сөз. Әне, мәселе қайда жатыр! Қазақ қызы оңай шағыла салатын жаңғақ деп кім айтыпты? Жанараның өмірбаяндық анкетасын алып қарасаңыз, жарық дүниеге көзін тырнап ашқаннан білімнің соңына шам алып түскен бе дерсіз. Бірнеше тілді жетік білетінін айтпағанда оқымаған оқуы, үйренбеген мамандығы қалмаған. Терапевт, Эндокринолог, Геронтолог, Oнкогериатр, Паллиативтік терапевт дей ме, Құдай-оу? Тіпті, кейбір мамандық атауларына тіліміз жетсе де, тереңіне миымыз жете бермейді. Бір мамандықтың өзін шала-пұла тәмамдап, Құдайдың құлағын ұстағандай боп жүретіндер толып жатқан жоқ па осы? Ананың бәрін меңгеру үшін Жанара қыз аз оқымағаны анық. Сонда да болдым-толдым деп тұрған жанды көрмедік. Қарапайым ғана қазақтың қара домалақ қызы. Құрақ ұшып жүгіріп жүр. Ұлық болсаң, кішік бол деген осындайда айтылатын болар! Дарынды жанның Қазақстаннан басталған білім жолы Петерборда жалғасын тауып, одан Францияға барып шарықтау шегіне жетіпті. Сосын сол елде тұрақтап қапты. Себебі нақты. Ғылым-білімі жаңа бүршік жарып келе жатқан Қазақстанда жүріп, дәп бүгінгідей дәрежеге жетуі, қалай десеңіз де мүмкін еместігін мойындамасқа болмас.

Жоғарыда «қазақ деп соққан жүрек» жайлы айтып қалдық емес пе. Енді неге солай дегеніміздің мән-жайына тоқталайық. Бүгінде Жанара қызымыздың Франция секілді азуын айға білеген алып елдің денсаулық сақтау ұйымын аузына қаратып отырғаны былай тұрсын, ендігі жерде осынау дамыған өркениет жұрнағын атамекеніне жұғысты ету мақсатында тер төгіп жүрген жайы бар екен. Қара басының ұпайы түгел, атақ-даңқ деген жетеді, қарны тоқ, көйлегі көк, қағанағы қарқ, сағанағы сарқ, соншама жанын жейтіндей не басына күн туыпты дерсіз. Жоқ, бұл оған аз! Қазағының қамын ойлап жүріпті! Бармақтай болып ап бәлекетін қарай гөр өзінің! Қанына тартпағанның қары сынсын деуші ме еді қазақ? Даладан тапқан бір тал дәнін қындай белі қайыса ініне таситын құмырсқаның әрекеті емес деп көріңізші мұны! Геронтология саласындағы Францияның озық тәжірибесін Қазақстанға енгізбек ниетімен арнайы жоба жасапты қызымыз. Оны Астанадағы атағы жер жаратын емдеу мекемелерінің біріне тапсырғанына біршама жылдардың жүзі бопты. Осы арада әттең деп, бармағыңды тістемеске лаж жоқ. Қазақ халқының жасын ұзартуға байланысты жобаның маңыздылығы жергілікті шененуніктердің жетесіне ұзақ уақыт бойына жете алмай жатқан көрінеді. Әлде басқа да себептері бар ма екен, кім білсін... Ал сіздің қазақ қызының Францияда несі бар, неге елге келіп қызмет етпейді деген бүлікшіл сұрақтың көмекейіңізде бүлкілдеп тұрғаны айдан анық.

Жанара қыздың тағы бір игі жұмысын айтпай кетуге қақымыз жоқ. Алматы мен өзі тұрып жатқан Ренн қалаларын бауырлас қалалар етуге көп еңбектеніпті. Өзі сол мақсатта құрылған арнайы комитеттің президенті бола жүріп, Ренн қаласынан Абай саябағын ашуға ат салысыпты. Оған ұлы ақынның мүсінін қойғызуға мұрындық бопты. Әне, жат жұртта жүрген қазақ қызының әрекеті! Өз елімізде алшаң басып жүріп не тындырдым осы деген ой миыңның мың-сан қатпарын шарлап өтіп, кеуде тұсыңа тығын боп тіреледі екен осындайда. Нағыз қазақ – африкада да қазақ дегеніміздің сыры осында жатыр!

Гүмәрия Барманбекова, ардагер журналист


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер