Назарбаев Тамара Дүйсенованы қызметінен босатты - Саясат|09 Ақпан 2018, 19:21
BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 360.12 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 409.67 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.33
Астана:

Назарбаев Тамара Дүйсенованы қызметінен босатты

Фото: primeminister.kz

Назарбаевтың жарлығымен Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова қызметінен босатылды, деп хабарлайды Baq.kz ақпарат агенттігі Ақорданың ресми сайтына сілтеме жасап.

Оның орнына Президент ұлттық экономиканың вице-министрі болған Мадина Әбілқасымованы тағайындады.

Естеріңізге сала кетсек, бүгін Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Үкіметтің кеңейтілген отырысы кезінде Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсеноваға ескерту жасаған болатын.

«Бізге міндетті әлеуметтік медициналық сақтандырудың енгізілуін кейінге қалдыруға тура келді. Бұның негізгі себебі өзін-өзі жұмыспен қамтығандар мен бейресми жұмыс істейтін халықты жүйеге тарту проблемасы болды. Олар салық төлемейді. Қысқасын айтқанда, «көлеңкеде тұр». Менің осы туралы айтып келе жатқаныма кем дегенде бес жыл болды. Нақты тапсырмалар бердім. Дегенмен, олармен ешкім дұрыстап айналыспайды. Мен министр Дүйсеноваға бірнеше рет айтқанмын. Тамара, не болды, айтшы? Немесе, осы жұмыстан шаршадың ба?» - деген еді Үкіметтің кеңейтілген отырысында Назарбаев.

Мәдина Әбілқасымова 1978 жылы Алматы қаласында дүниеге келген.

1999 жылы Қазақ мемлекеттік басқару академиясын «халықаралық экономикалық қатынастар» мамандығы бойынша бітірген. 2002 жылы Колумбия университетін халықаралық қатынастар магистрі дәрежесімен «экономикалық саясатты басқару» мамандығы бойынша тәмамдаған. 2011 жылы Гарвард университетінің Кеннеди атындағы Мемлекеттік басқару мектебін «мемлекеттік басқару магистрі» мамандығы бойынша аяқтаған.

Түрлі жылдары Стратегиялық жоспарлау агенттігінің бас маманы, Экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігінің стратегиялық жоспарлау басқармасының басшысы, «Маркетингтік-талдамалық зерттеулер орталығы» АҚ мемлекеттік саясатты талдау департаментінің директоры болып еңбек еткен.

2006 – 2008 жылдары М. Әбілқасымова ҚР Премьер-Министрі Кеңсесінің Әлеуметтік-экономикалық бөлім меңгерушісінің орынбасары болған, одан кейін ҚР Президенті Әкімшілігінің Стратегиялық әзірлемелер және талдау орталығы меңгерушісінің орынбасары болып тағайындалған.

2011 жылғы қыркүйектен 2013 жылғы ақпанға дейін ҚР экономикалық даму және сауда вице-министрі лауазымын атқарған.

2012 жылдан бастап — Дүниежүзілік банктің Қазақстандағы басқарушысының орынбасары.

2013 – 2014 жж. — ҚР экономика және бюджеттік жоспарлау вице-министрі.

2014 жылдың тамыз айынан бастап қазіргі таңға дейін ҚР ұлттық экономика вице-министрі қызметін атқарған.

Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер