BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 368.28 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 419.21 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.59
Астана:

«Қасиетті қазақ елі» халықаралық өнер фестивалі аяқталды

Астана, BAQ.KZ. Шетелде тұратын отандастарымыздың қатысуымен «Қасиетті қазақ елі» халықаралық өнер фестивалі өтті. Шараны ҚР Қоғамдық даму министрлігі, «Отандастар қоры» коммерциялық емес акционерлік қоғамы, Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы және Астана қаласы әкімдігімен бірлесіп ұйымдастырды.

«Қасиетті қазақ елі» өнер фестиваліне еліміздің түкпір-түкпірінен келген қандастарымызбен қоса, Франция, Қытай, Ресей, Моңғолия, Түркия қатарлы алыс-жақын шетелдерден 50-ден астам өнерпаз қатысты. Олар мүшәйра, терме және халықтық қолданбалы өнер қаратлы үш аталым бойынша өнер көрсетті. Белгілі ақын, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, «Қазақ үні» газетінің бас редакторы Қазыбек Иса бастаған қазылар алқасы қатысушылардың өнерін бағалап, тиісті жүлделі орындар тағайындады.

Фестивальдің салтанатты марапаттау рәсімінде ҚР Қоғамдық даму министрі Дархан Калетаев құттықтау сөз сөйлеп, атажұртқа ат басын бұрған қандастарға алғыс білдірді.

Ведомство басшысы шара қонақтары мен шетелден келген отандастарымызға аталмыш фестивальдің «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында, Елбасының тапсырмасына сәйкес құрылған «Отандастар» қорының ұйымдастыруымен өтіп жатқанына тоқталды. Белгілі қоғам қайраткері, саясаткер Нұртай Әбіқаевтың басшылығындағы қор жұмысы шетелдегі және елге оралған қандастарымызға жан-жақты қолдау көрсетуге бағытталған.

Сонымен қатар, министр «Қасиетті қазақ елі» халықаралық өнер фестивалі – Қоғамдық даму министрлігінің «Отандастар» қорымен, Дүниежүзі қазақтар қауымдастығымен және Астана әкімдігімен бірлесе жасалған жұмыс пен тығыз серіктестіктің нәтижесі екендігін атап өтті.

Дархан Калетаевтың айтуынша, осындай шаралар отандастарымызбен арадағы қарым-қатынасты тек беки түсіретініне сенімді. Сөз соңында Дархан Калетаев мырза ҚХР-нан келген отандасымыз Жұматай Көксубайға фестивальдің бас жүлдесі мен 400 мың теңге көлеміндегі ақшалай сертификатты табыстады.

«Жыр мүшәйрасы» аталымының жүлдегерлерін құттықтау салтанаты «Отандастар қоры» АҚ Президенті Нұртай Абіқаев мырзаға тапсырылды. Аталым бойынша 1 орын жүлдегері – ҚХР-ның азаматы Алаш Тұрсынәліұлы, 2 орын иегері – Монғолия азаматы Нарқұлан Райханұлы және 3 орын жүлдегері болып – Түркістандық Шынарбек Жомартұлы атанды.

«Қолөнер» аталымының жүлдегерлерін марапаттау Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы төрағасының бірінші орынбасары Зауытбек Тұрысбеков мырзаға тапсырылды. Аталым бойынша 1 орын жүлдесі – Монғолиядан келген ақсақал Хайып Қабылға, 2 орын жүлдесі – ирандық қандасымыз Нарғыз Тінейге және 3 орын жүлдесі – ресейлік отандасымыз Артықбай Смағұловқа табысталды.

«Терме өнері» аталымының жүлдегерлерін Астана қаласы әкімінің орынбасары Ермек Аманшаев мырза марапаттады. Аталым бойынша 1 орын жүлдесі ҚХР-нан келген Нұржігіт Есхатқа, 2 орын сыйлығы өзбекстандық Мәмбетназаров Жанғарға және 3 орын жүлдесі астаналық Арман Қалелбекұлына бұйырды.

«Қасиетті қазақ елі» халықаралық өнер фестивалі сыйлығының жалпы жүлде қоры 3 миллион теңгені құрады. Жүлдегерлерге арнайы кубоктар мен дипломдардан бөлек қаржылай сыйлықтар табысталды. Бас жүлде иегерінен бөлек, 1 орын иегерлеріне – 250 мың теңгеден, 2 орын иегерлеріне – 150 мың теңгеден, үшінші орын иегерлеріне – 100 мың теңгеден және ынталандыру сыйлығы иегерлеріне – 50 мың теңгеден берілді.

Салтанатты марапаттау рәсімі фестиваль жеңімпаздары мен қазақстандық эстрада жұлдыздарының қатысуымен өткен гала-концертке ұласты.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер