BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 371.31 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 419.32 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.59
Астана:

Әбдуақап Қара: Қазақстанның латын әліпбиіне көшуі біз үшін үлкен жетістік Эксклюзив

Астанада өтіп жатқан «Заманауи әлемдегі оқу мәдениеті» тақырыбындағы ІІІ Халықаралық Оқу Конгресіне Түркиядан арнайы келген ғалым, Мимар Синан университетінің профессоры Әбдуақап Қарамен Түркиядағы қазақ қаламгерлері жайлы әңгімелескен едік.

- Түркияда қазақ тілінде жазатын жазушы бар ма?

Қазіргі таңда шынын айтар болсақ, жазушы деген жоқ.

- Қазақ тілінде жазатын жазушы ғой?

- Иә. Қазақ тілінде жазатын жазушыларды айтып отырмын. Бұрын бар еді. Алтайдың суын ішіп, ауасын жұтып Анадолыға алғаш келген ағаларымыздың ішінде ауыз әдебиетін дамытқан, өлең айтып, терме айтып, жыр төгетін жырауларымыз көп болды. Өкінішке қарай, соның барлығы хатқа түсіп, қағаз бетінде қалтыра алмадық. Өйткені Алтайдан Такламаканды басып, Гималайды асып Анадолыға жеткенше азап тартып, қазіргідей оқу-тоқуды меңгеруге мүмкіндік болмады, сондықтан ондай адамдар саусақпен санарлық қана болды. Оның үстіне Түркияға келген алғашқы жылдары қиыншылықтар көп кездесті. Солардың барлығынан арылып, енді ғана мектеп көріп, оқу көріп, ғылым жолына бет бұра бастадық. Жастардан да ғылымға бет бұрғандар көп.

- Қазақ тілінде ме?

- Жоқ. Барлығы да түрік тілінде. Себебі де жоқ емес. Қазақ «қысқа жіп күрмеуге келмейді, күрмеуге келсе, сүйреуге келмейді» дейді. Сұраныс жоқ, қазақ тілінде сөйлейтіндердің саны аз болғандықтан, ол тілде газет ашу, журнал ашу, тіпті мектеп ашу деген қиын.

- Сонда Түркия билігі тарапынан қолдау көрсетілмей отыр ма?

- Түркия тарапынан ешқандай қысым жоқ. Қалағанымызды жасауға мүмкіндіктер беріп отыр. Бірақ сол мүмкіндікті пайдаланып, әрекет жасайтын көпшілік жоқ. Яғни, қазақ тілін пайдаланушылар, қазақ тілінде сөйлейтіндер аз. Сол себепті сіздің қазақ тілінде шығарған газет-журналыңыз, қазақ тілінде оқытатын мектептеріңіз өзін-өзі ақтамайды.

- Сіздер сонда мұндай тығырықтан қалай шығып жүрсіздер?

- Бізге Қазақстанмен тығыз байланыс жасау тиімді. Әсіресе түрлі деңгейдегі халықаралық жиындардың берері мол. Мысалы, біз осында көрген-білгендерімізді өз ортамызға апарып айтып, баяндап, тіпті болмаса әлеуметтік желілерде бөлісіп, шетте жүрген қазақтардың көзін үйретуге барымызды саламыз. Мұндағы мақсат, шетелдегі жастарға, бір ғана Түркия емес, басқа шетелде тұратын жастарды да айтып отырмын, ой салу. Мысалы, Түркиядан кетіп, Германияда, Францияда, Аустралияда да қазақ жастары оқып жатыр. Өкінішке қарай, олар да ана тілінде емес. Германиядағылары – неміс тілінде, Франциядағылары – француз тілінде дегендей. Осындайда біз оларға «қай тілде оқысаңда оқы, бірақ ана тілін ұмытпа!» дегенді үнемі айтып отырамыз.

Мұндай жағдайлар менің өз басымнан да өткен. Біз оқыған кезде Тәуелсіз Қазақстан деген жоқ еді. Кеңес үкіметінің құрамында болатын. Ол кезде Қазақстанмен байланыс қазіргідей мықты емес еді. Мен өз-өзімді жетілдіруді қолға алдым. Әуелі крилицаны оқып үйрендім. Одан кейін түрлі әдеби кітаптарды оқып, өз ана тілімді жетілдіріп алдым. Соның арқасында қазір Қазақстанға танымал ғалым болып, емін-еркін келіп-кетіп жүрмін.

Сондықтан да мен жастарға ана тілін білу ол – ұлтшылдық немесе ұлтын сүю ғана емес, әлемдік деңгейдегі абырой, жұмыс көзі және борыш екенін айтамын. Онымен қоса, көп тіл меңгеру әрқашан пайдалы. Әсіресе осындай жиындардың жастарымызға берері көп. Оқуға, жазуға, түсінісуге мүмкіндік береді.

- Жастарды әдебиетке тартудың қандай амалдары бар?

- Қазақстанның Түркиядағы Елшілігі, ТҮРКСОЙ секілді ұйымдар және Қазақстан тарапынан Түркияда ұйымдастырылатын Абай, Әуезов, Әсет т.б. қатарлы атақты тұлғаларымыздың мерекелік күндері, болмаса мерейтойлық даталары. Мысалы, 100, 150 жылдықтары деген секілді. Осындай үлкен-үлкен әдеби, мәдени шаралар жиі болып тұратын болса, біздің жастарымызға ой салып, түп-тарихын танып, сөз өнеріне деген қызығушылығы оянар деген ойдамыз.

- Жастардың кітап оқуы, қазақтың көркем әдебиетін Түркиядағы қандастарымызға жеткізу жағы қалай?

- Жетпейді деп айтпас едім. Себебі қазір барлық жерде, барлық елде ғаламтор бар. Сол арқылы қалаған кітапты оқуға болады. Әдебиет порталынан-ақ біраз авторды біліп, біраз кітапты оқуға болады. Оның сыртында қазір көптеген кітапхананың электронды нұсқасы жұмыс істейді. Солар арқылы да іздеген кітапты табуға болады. Бірақ бір әттеген-айы бар...

- Қандай?

- Қазақстандағы кітаптың барлығы дерлік крилицамен жазылған. Бұл шеттегі қазақтар үшін қиын болып тұр.

- Өткен жылы Елбасы осы мәселенің түйінін шешуді қарастырды ғой.

- Иә, Нұрсұлтан Әбішұлы өткен жылы Қазақстанды латын әліпбиіне ауыстыру туралы жарлық шығарды. Бұл біз үшін үлкен жетістік. Олай дейтініміз, жаңағы ғаламторда тұрған кітаптың барлығын алдағы уақытта латын әліпбиінде оқи алатын боламыз. Сол кезде әсіресе Еуропада тұратын қазақтар бұл кітаптарды емін-еркін оқуға мүмкіндік алатын болады. Бұл өз кезегінде олардың ана тіліне деген сұранысын арттырып, осы олқылықтың орнын толтырады деген сеніміміз бар.

- Әңгімеңізге рахмет!


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер