Жаны жаралы ата-ана баласынан тұлға жасай алмайды – Травмотерапия маманы

26 Сәуір 2024, 09:00
7688
Бөлісу:
Жаны жаралы ата-ана баласынан тұлға жасай алмайды – Травмотерапия маманы
Фото: Кейіпкердің жеке мұрағатынан

Мамандар бала кезде психологиялық соққы алған бала ер жеткенде өмірден көп соққы алатынын айтады. Осы мәселе бойынша кәсіби маман, балалар психологы Ахгуль Хусаянмен сұқбат жүргіздік, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Ахгуль ханым, әңгімемізді отбасындағы жанжалдың бала психологиясына әсері тұрғысынан бастасақ.

Ата-ана бала дүниеге келгеннен бастап бала жанына қауіп төнгенде, қорыққанда, шарасыз калғанда баратын жері болып табылады. Бала үшін олардың құшағы әлемдегі ең қауіпсіз орын. Алайда бала ең сенімді адамдарынан жәбір көргенде, нәр алатын бұлағы да, асқар таудай тірегі де сенімсіздіктің көзіне айналады. Біріншіден, ата-ана баласын ұрғанда, бала биологиялық өзіне тән қауіпті сезеді. Себебі баланың жаны жараланып қорыққанда, ауырсынғанда ең негізгі қажеттілілік - қамкор болатын, паналайтын орын ол құшақ. Екіншіден, сол паналайтын құшақтың қауіпке айналуы. Қол жұмсаудың балаға тағы бір кері әсері бала қандай да бір қақтығысты шешу үшін, әсіресе, өзін қорғауға әлі жетпейтіндерге қол жұмсаудан басқа тәсілдің жоқ екенін үйретеді. Сондықтан да бала қорыққанда, ауырсынғанда ата-анамен ынтымақтасып мәселені бірге шешудің орнына қашудың түрлі жолдарын іздейді, яғни ұрлайды, өтірік айтады.

Қоғамда «тиран әке» мен «безбүйрек» аналар көбейіп кетті. Олардың белгілері бола ма?

Тиран немесе безбүйрек, социопаттар деп айтқаннан қарағанда, жаны жаралы немесе жан деңгейінде ересек емес ата-ана деп айтқан дұрысырақ болар. Бұлардың барлығының себебі осы. Баламды байлап қойып ұрдым, балконнан салбыратып жазаладым деп өкінішпен келетін клиенттердің шырылдаған жанын естігенде жастайынан жаны жаралы баланы көресің. Иә жаны жаралы ата-ана жаны жаралы бала өсіреді, әрине бұларды бейсаналы түрде жасайды. Менің үнемі айтатын бір сөзім бар " бала дүниеге келгенде, баламен қоса ата-ананың балалығы да дүниеге" қайта туады. Осылайша өзінің балалық кезіндегі мұңын, ашуын жарақаттарын  баладан алады. Мысалы, оның белгілері  баламен сезім деңгейінде ұзақ болмауы, үнемі алаңдаушылық сезімдері тұрақсыз- биполяр немесе депрессия сияқты мәселелермен ата-ананың эмоционалды түрде баласынан алшақтауына себеп болуы мүмкін. Бұндай адамдардың баланың қажеттіліктеріне немқұрайлылы қарауы немесе елемеуі баланың эмоционалдық дамуына теріс әсер етеді.

Отбасында тұрмыстық зорлықты көріп өскен бала өскенде сол тағдырды қайталамайды ма?

Балалардың зорлық-зомбылыққа ұшырауы дегенде ең бірінші ойға балаларға қатысты зорлық келеді. Алайда, бала зорлық-зомбылық көргенде, өзі  көргендей жарақат алады. Таяқ жеу ересектер үшін айтарлықтай қорқынышты. Ал енді баланың көзқарасы бойынша осындай сезімдермен жүздесу, күресу әлдеқайда қиын оқиға. Олар үшін әлем өте үлкен, осы үлкендіктің қасында құмырсқадай болып жүрген бала үшін зорлық-зомбылық олардың өмірге бейімделуін одан сайын қиындатады.

Иә, кейде әкенің ананы тепкілегенін көру бала түгіл ересектерге қиын соғады...

Иә, әйелдерге қатысты зорлық-зомбылықтың ең бейкүнә куәгері – бала. Әсіресе, баланың ең сенімді құшағы бауыр басып басыбайлы анасы, оны тамақтандырған, сүйіспеншілігімен өсірген, дүниені танып-білуді үйреткен анасын осындай халде көрген ол өмірді үлкен минуспен бастайды. Бұл бала үшін әлем ешқашан қауіпсіз орын бола алмайды, ол болашаққа үмітпен қарай алмайды, ең бастысы өзін құнды адам ретінде сезіне алмайды.Бұндай тағдырды қайталап өмір сүріп жүрген адамдар көп, себебі бала өзіне таныс жолмен жүреді.

Бақытты бала тәрбиелеу үшін бақытты отбасыны қалай құру керек?

Бақытты отбасы деген ұғым жоқ. Баланың әлемімен қарағанда бала жанының негізгі қажеттілігі қауіпсіз орта. Қауіпсіз дегеніміз сенімге негізделген, әркімнің өзінің орны бар, сезімдерін ашық түсіндіре алатын, адамдардың бір-бірінің қажеттілігіне қарап, көре алатын орта. Баланың үнемі қуанышпен жүруі мүмкін емес, мұңаяды, жоқтайды, жылайды, алайда осындай қиын сәттерде қасында арқа сүйер адамның болуы балаға керегі осы ғана. Баланың қажеттіліктерінің бірі баланың кеңістігіне деген құрметтің болуы. Баланың өзіне, жасына сай жанының және тәнінің еркіндігі. Сондай-ақ отбасындағы әр адамның еркіндігі, шегінің болуы.

Айтыңызшы, баланы айқайсыз тәрбиелеудің қандай жолдары бар?

Баланы тәрбиелеудің керегі жоқ. Баланың табиғатын ашу керек. Біріншіден, баланың табиғаты жаратқаннан аппақ. Бала ұядан не көрсе соны іледі дегеніміз де осыдан келген болар. Бала құлағымен емес, көзімен үйренеді, көргенін жасайды. Баланы айқайсыз тәрбиелеу үшін, ата-ана өзінің ішіндегі ашуы балаға қаншалықты әсер ететінін  ажырата білу керек. Содан соң ғана баланың жанын түсіну керек. Және ата-ана баламен шынайы сезімдерімен қарым-қатынаста болса, баланы емпатиялық тұрғыдан сезіне алса, баланың ата-анаға деген сенімі болады.

Қазір ақпараттың дамыған заманы. Күнде тастанды балалар немесе өз баласын өлтірген аналар туралы естиміз, оқимыз. Адам ақпаратты сіңіруге бейім келетінін ескерсек, қоғамда сондай іс-әрекеттердің көбеюіне осы ақпараттарды көптігі септігін тигізіп отырған жоқ па?

Бұндай ақпараттардың таралуы, әсіресе 12 жасқа дейінгі кішкентай балалар үшін алаңдаушылық, қорқыныш тудырады. Балалар қоғамды қауіпті көре бастайды. Алайда қазіргі таңда таяқ жеп, оны өмірінің бір бөлігі ретінде көріп өмір сүріп жатқан әйелдер жеткілікті. Өз басым, соңғы болған жайттан кейін көптеген әйелдер таяқ жеп өмір сүргіміз келмейді деп психотерапиялық көмек алуға жүгінгенін айтқым келеді. Мұндай оқиғаларды көріп, кейбір әйелдердің көзі ашылып,  санасы оянып жатыр. Сондықтан әркімге әртүрлі әсер етеді. Күннен- күнге көбейіп келе жатқан жан түршігерлік жаңалықтар қоғамға деген сенімсіздік пен  қоғаммен байланысымызды әлсіретері сөзсіз.

Ахгуль ханым, отбасындағы өзекті мәселенің бірі - бала тәрбиесі туралы тың ақпараттар бергеніңізге алғыс білдіремін. Кәсіби маман ретінде берген сұқбатыңызды оқыған әрбір ата-ана бала тәрбиелеуде ықтияттылық танытады деп үміттенемін.

Өзгелердің жаңалығы