BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 352.54 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 415.15 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.31
Астана:

Ақыт Үлімжіұлының кітабы моңғол тілінде жарыққа шықты

Қазақтың танымал ақыны, жазба әдебиеттің негізін қалаушылардың бірі Ақыт қажы Үлімжіұлының кітабы Моңғолияның астанасы Ұланбатыр қаласында моңғол тілінде жарық көрді, деп хабарлайды Baq.kz ақпарат агенттігі МОНЦАМЭ сайтына сілтеме жасап.

Аталған кітапты қазақ тілінен моңғол тіліне танымал ақын, Моңғолияның мәдениет қайраткері, аудармашы Шынай Рахметұлы аударған. Тіл ғылымдарының докторы Гагаагийн Золбаяр редакторлаған бұл басылымға қазақстандық бір топ ғалым алғысөз жазған екен. Атап айтқанда М.Абдулдин, У.Қалижан, Н.Бәйтенова, С.Негимов, Г.Омарова өз лебіздерін білдіріпті. Ал кітаптың жарық көруіне Түркияда тұратын Ақыт қажының қызы Мәстура мен немересі Ұшар қолдау көрсеткен.

Ақыт қажы Үлімжіұлы 1866 ҚХР, Шыңжаң өлкесінде дүниеге келген. Атақты қазақ ақыны, діни қайраткері, халық ағартушысы. Шығыс Түркістандағы Алтай аймағының Көктоғай ауданында кедей отбасында дүниеге келді. Бала кезінен бастап ауыл молдасынан, одан кейін Бұқар медресесінде дәріс алып араб, парсы тілдер, сондай-ақ шариғат пен тәжуитті үйренген. 1908 жылы Алтай, Қобда аймақтары қажылар тобының аудармашы ретінде Меккеге қажыға сапар шегіп барады. 1910 жылы елге қайтып келген соң, Сарытоғай ауылында мешіт салдырып, медіресе ашып мұғалім болады. 1939 жылы Шэнь Шицайдің үкіметіне наразы шыққан халық көтерілісіне белсене қатысқаны үшін тұтқынға алынып, мешіті талқандапып, кітаптары өртеліп, 1940 жылы Үрімжі түрмесінде азаптап өлтірілген.

1891 — 1914 жылдары Санкт-Петербург, Қазан баспаларынан Ақыт қажының “Жиһанша”, “Ахиретбаян”, “Сәйпілмүлік - Жамал” дастандары, “Абият ғақидия”, “Сейітбаттал Ғазы”, “Ишан Махмұд” аталатын кітаптары бірнеше рет жарық көрді. Оның шығармалары “А. Алтайский” деген бүркеншік атпен “Айқап” журналына да жарияланып тұрған.

Ақыт өлеңді алуан ырғақта насихат, назира, ғақлия түрінде жазған. Ой толғауда Абай мәнеріне ден қояды. Абай өлеңдерін үлгі ете отырып, “Дәлейлул-ғақылия” (“Ақыл түбі”) өлеңдер топтамасын жазып шыққан. “Адамның жасы”, “Асан ата”, “Шыңжан қаритасы”, “Керей шежіресі”, “Ер Жәнібек”, “Алтай” деп аталатын туындылары ел арасына кеңінен таралған. Ақын Ақыт Үлімжіұлы Қарымсақовтан бастап 30-дан астам халық ақындарының шығармалары жинастырылып, зерттеліп, ел игілігіне айналды.

Бұған дейін де Ақыт Үлімжіұлының кітаптары Кәкей Жаңжыңұлының, Шынай Рахметұлының және Х.Хабидаштың аударуында моңғол тілінде бірнеше рет жарық көрген болатын.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер