Қазақстанның соңғы жаңалықтары

Шерзат Болат ісі: 9 сотталушыға үкім шықты

5 Маусым 2025, 16:24
2971
Бөлісу:
 коллаж BAQ.KZ
Фото: коллаж BAQ.KZ

Шерзат Болаттың ісі бойынша үкім шықты. Үкімді судья Ержан Жанұзақов оқыды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Үкім бойынша:

Сот үкімімен Абзал Шынасыл қылмыстық кодекстің 293-бабы 3-бөлігі (бұзақылық), 99-бабы 2-бөлігі 5,9 және 14-тармағы (адам өлтіру), 24-бабы 3-бөлігі – 99-бабы 2-бөлігі 1,7 және 9-тармағында (адам өлтіруге оқталу) көрсетілген қылмысты жасағаны үшін кінәлі деп танылды. Ол 23 жылға бас бостандығынан айырылды.

Равиль Сакиев – қылмыстық кодекстің 293-бабы 3-бөлігі (бұзақылық), 24-бабы 3-бөлігі – 99-бабы 2-бөлігі 7 және 9-тармағында (адам өлтіруге оқталу) бойынша 20 жылға бас бостандығынан айырылды;

Азамат Тоқтаубаев – қылмыстық кодекстің 293-бабы 3-бөлігі (бұзақылық), 188-бабы 1-бөлігі (ұрлық) бойынша 15 жылға бас бостандығынан айырылды;

Нұрқияс Ілиясов – қылмыстық кодекстің 293-бабы 3-бөлігі (бұзақылық) бойынша 9 жылға сотталды.

Дархан Әскентай, Дидар Қалиахмет, Нұрбол Тоқтаубаев, Шыңғыс Белқожаев – қылмыстық кодекстің 293-бабы 3-бөлігі (бұзақылық) бойынша кінәлі деп танылып, 7 жылға бас бостандығынан айырылды.

Думан Ысқақ – 434-бабы (қылмысты жасыру) кінәлі деп танылып, 1 жыл 6 айға сотталды.

Еске сала кетейік, бұл қылмыстық іс бойынша барлығы 9 адамға айып тағылып отыр. Өткен аптада өткен жарыссөз кезінде мемлекеттік айыптаушы Дана Сәрсенбай сотталушыларға 1,5 жылдан 23 жылға дейін бас бостандығынан айыруды сұрады.

Ең ауыр жаза – Абзал Шынасылға:

Прокурордың айтуынша, Шынасылға бірнеше бап бойынша айып тағылып отыр:
• 293-баптың 3-бөлігі – 7 жыл,
• 99-баптың 2-бөлігі (5, 9, 14-тармақтары) – 20 жыл,
• 24-баптың 3-бөлігі, 99-баптың 2-бөлігі (1, 7, 9-тармақтары) – 15 жыл.

Осы баптарды 58-баптың 4-бөлігіне сәйкес ішінара қосу арқылы, орташа қауіпсіздіктегі мекемеде 23 жыл бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалуы сұралды.

Равиль Сакиевке:
• 293-баптың 3-бөлігі – 7 жыл,
• 24-баптың 3-бөлігі, 99-баптың 2-бөлігі (7, 9-тармақтары) – 15 жыл.
Жалпы 20 жыл бас бостандығынан айыру жазасы сұралды.

Азамат Тоқтаубаевқа:
• 293-баптың 3-бөлігі – 7 жыл,
• 188-баптың 1-бөлігі – 3 жыл,
• Бұған қоса 106-баптың 2-бөлігі (7-тармақ) бойынша бұрынғы сот үкімі бар.
Жалпы жаза – 15 жыл бас бостандығынан айыру.

Нұрқияс Ильясовқа:
• 293-баптың 3-бөлігі – 7 жыл,
• 60-баппен үйлестірілген басқа үкімдер негізінде,
Жалпы – 9 жыл бас бостандығынан айыру сұралды.

Дархан Әскентай, Нұрбол Тоқтаубаев, Шыңғыс Белгожаев және Дидар Қалиахметке:
• Әрқайсысына 293-баптың 3-бөлігі бойынша
7 жылдан бас бостандығынан айыру сұралды.

Кәмелетке толмаған сотталушы Думан Ысқаққа:
• 434-бап бойынша,
1 жыл 6 айға бас бостандығынан айыру жазасы сұралды.

Бұған дейін мәлім болғандай, мемлекеттік айыптаушы Дана Сәрсенбай марқұм Шерзат Болатты тірі болуға лайық еді деп мәлімдеді. Сондай-ақ ол Шерзат ісі бойынша қоғамда үрей бар екенін айтты.

Сондай-ақ прокурор айыпталушыларға қандай жаза тағайындайтынын мәлімдеген еді. Соның ішінде кәмелетке толмаған Думан Ысқаққа ҚК 434-бабы (ауыр қылмыс туралы хабарламау) бойынша 1 жыл 6 ай бас бостандығынан айыру жазасын сұраған еді.

Жәбірленуші тараптың адвокаты Мейірман Шекеев жарыссөз кезінде маңызды мәлімдеме жасады. Айтуынша, Шерзаттың туыстары кәмелет жасқа толмаған сотталушы Думан Ысқақты кешіруге дайын.

Сондай-ақ, бүгінгі сот отырысында сотталушының адвокаты Шерзат пен оның туыстарына қылмыстық іс қозғауды сұрады. Жарыссөз кезінде сотталушылардың бірінің адвокаты Нұрлан Келебаев кінәсіздік презумпциясының бұзылғаны мен іске қоғамдық қысымның әсер еткенін мәлімдеді.

Дархан Әскентайдың адвокаты оның кінәсін дәлелдеуге негіздер жеткіліксіз деген мәлімдеме жасап, оны ақтауды сұрады. Сондай-ақ айыпталушы Абзал Шынасылдың адвокаты Жұмат Әбенов мәлімдеме жасап, соттағы куәлік пен сараптамалық қорытынды арасында айтарлықтай қайшылықтар бар екенін алға тартты. Ол іске тіркелген пышақ пен нақты оқиға арасындағы сәйкессіздікке назар аударып, пышақты Шерзаттың әкесі Қаржаубай Нұрымов абайсызда салуы мүмкін екенін айтты.

Адвокат Жұмат Әбенов резонансты мәлімдеме жасап, халықты сабырға шақырды. Бүгінгі сот отырысының соңында ол айыпталушы Абзал Шынасылдың шынайы болғанын, бірақ бір сәттік сенгіштігі өзіне кері әсер етіп, істі мойнына ала салғанын айтты.

Өзгелердің жаңалығы