Шерзат Болат ісі бойынша сотта Абзал Шынасылдың қорғаушысы Жұмат Әбенов айыпталушының шынайы болғанын, бірақ бір сәттік сенгіштігі өзіне кері әсер еткенін айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Қорғаушының сөзінше, Шынасыл тергеу барысында барынша шындықты айтып келгенімен, бір сәтте елдің сөзіне алданып, мойнына артық жауапкершілік алған.
Бәрін есептесек, жүз пайыз шындықты айтып жүрген – Шынасыл деуге негіз бар. Ол барлығын ашық айтты, тек бір қателік жіберді. Елдің сөзіне сеніп, "мойныма ала салайын" деді. Бұл – қарапайым адамның алданып қалуы сияқты жағдай, – деді Жұмат Әбенов.
Ол бұл әрекетті көп адамның алаяқтарға алданып қалуымен салыстырды.
Кейде адамдар телефон алаяқтарына алданып, барлық ақшасынан айырылып жатады. Бұл да сондай нәрсе. Ақыры бұл баланы ақтап алу қиынға соғайын деп тұр, – деп түйіндеді қорғаушы.
Еске сала кетейік, мемлекеттік айыптаушы Дана Сәрсенбай марқұм Шерзат Болатты тірі болуға лайық еді деп мәлімдеді. Сондай-ақ ол Шерзат ісі бойынша қоғамда үрей бар екенін айтты.
Прокурорлар сотталушыларға 23 жылға дейін жаза беруді сұраған болатын. Сондай-ақ прокурор айыпталушыларға қандай жаза тағайындайтынын мәлімдеген еді. Соның ішінде кәмелетке толмаған Думан Ысқаққа ҚК 434-бабы (ауыр қылмыс туралы хабарламау) бойынша 1 жыл 6 ай бас бостандығынан айыру жазасын сұраған еді.
Жәбірленуші тараптың адвокаты Мейірман Шекеев жарыссөз кезінде маңызды мәлімдеме жасады. Айтуынша, Шерзаттың туыстары кәмелет жасқа толмаған сотталушы Думан Ысқақты кешіруге дайын.
Сондай-ақ, бүгінгі сот отырысында сотталушының адвокаты Шерзат пен оның туыстарына қылмыстық іс қозғауды сұрады. Жарыссөз кезінде сотталушылардың бірінің адвокаты Нұрлан Келебаев кінәсіздік презумпциясының бұзылғаны мен іске қоғамдық қысымның әсер еткенін мәлімдеді.
Дархан Әскентайдың адвокаты оның кінәсін дәлелдеуге негіздер жеткіліксіз деген мәлімдеме жасап, оны ақтауды сұрады. Сондай-ақ айыпталушы Абзал Шынасылдың адвокаты Жұмат Әбенов мәлімдеме жасап, соттағы куәлік пен сараптамалық қорытынды арасында айтарлықтай қайшылықтар бар екенін алға тартты. Ол іске тіркелген пышақ пен нақты оқиға арасындағы сәйкессіздікке назар аударып, пышақты Шерзаттың әкесі Қаржаубай Нұрымов абайсызда салуы мүмкін екенін айтты.
Бүгінгі сот отырысының соңында адвокат Жұмат Әбенов резонансты мәлімдеме жасап, халықты сабырға шақырды.