Шерзат ісі бойынша қоғамда үрей бар – прокурор

2 Маусым 2025, 10:44
921
Бөлісу:
 Жоғарғы сот
Фото: Жоғарғы сот

Талдықорғанда Шерзат Болаттың өліміне қатысты іс бойынша сот процесі өтіп жатыр, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Сот тараптарының жарыссөзі кезеңінде мемлекеттік айыптаушы Дана Сәрсенбай сөз алды. 

Қатаң жаза мен заңға сәйкес қабылданған сот үкімі ғана әділдікті қалпына келе алады. Өз кезегінде қылмыстық істі әділ әрі заң талаптарына сәйкес шешу үшін уәкілетті органдар тарапынан барлық шаралар қабылданған. «Тас – түскен жеріне ауыр» дейді. Біз мемлекет атынан сөйлеп тұрғандықтан сол тастың ауырлығын жеңілдетпесек те, әділ шешіммен орнын толтыруға тиіспіз. Бұл оқиға – адамшылықтың шекарасынан шыққан зұлымдық., - деп атап өтті мемлекеттік айыптаушы. 

Сонымен қатар прокурор бұл істің қоғамның әділетке деген сенімінде маңызы зор деп отыр. 

Қоғамда «Ертең менің балама да осындай қауіп төнбей ме?» деген үрей бар. Әрине, қоғамның ондай уайымын түсінуге болады. Қазақта тағы бір сөз бар: «Жазасыз кеткен жауыз – тағы бір қылмыстың басы». Сондықтан сотталушылардың әрекеттері заң аясында әділ бағаланып, қатаң жаза тағайындалуға тиіс. Бұл – қоғамның әділетке деген сенімін нығайтып, болашақта мұндай қылмыстардың алдын алуға септігін тигізеді, - деді Дана Сәрсенбай.

Бұған дейін белгілі болғандай, мемлекеттік айыптаушы Дана Сәрсенбай марқұм Шерзат Болатты тірі болуға лайық еді деді.

Талдықорғанда өтіп жатқан Шерзат Болат ісі бойынша бүгінгі сот отырысында жәбірленуші тараптың қорғаушысы Мейірман Шекеев қосымша екі куәгерді шақыру туралы өтініш жасады.

Сондай-ақ, сотта көліктегі дыбыстық файлдар тыңдалып, көліктегі сөз сотта жария болды. Сот барысында күдікті Шыңғыс Белғожаевтың оң мінездемесі мен денсаулығына қатысты деректер жарияланды. Сот отырысында сотталушы Дархан Әскентай өз уәжін айтты. Ол оқиғадағы басты себепті атады.

Куәгер Эльмира Нұрбекова мен Дана Жақсыгелдінің әрекетіне байланысты жеке қаулы шығару сұралды. Олар "Жалған айғақ берді" деген күдікпен жауапқа тартылуы мүмкін. Марқұм Шерзат Болаттың әкесі әр сотталушыдан 20 млн теңге өтемақы талап етті.

Өзгелердің жаңалығы