Шынасыл кінәлі ме, жоқ па? – Сотта адвокаттың уәжі тыңдалды

2 Маусым 2025, 17:51
1352
Бөлісу:
 Жоғарғы сот
Фото: Жоғарғы сот

Шерзат Болаттың өліміне байланысты өтіп жатқан сот отырысында айыпталушы Абзал Шынасылдың адвокаты Жұмат Әбенов мәлімдеме жасады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Оның айтуынша, соттағы куәлік пен сараптамалық қорытынды арасында айтарлықтай қайшылықтар бар.

Нұрқанаттың жауабында бірінші пышақты Абзал, екіншісін Нұрқияс салды делінген. Кейін үш рет пышақ салады дейді. Бірақ сараптама Шерзатқа бар болғаны үш рет пышақ салынғанын көрсетті. Сонда барлығы алты рет делінген соққы қайда кетті? Бұл жерде жалған жауап беріліп отыр. Шындық біреу ғана. Неліктен өтірік айтуда? – деді қорғаушы.

Адвокат Қаржаубайдың да соттағы жауабына күмән келтірді.

Қаржаубайдың айтуынша, Шерзат пен Нұрқанат қашып бара жатқанда, арттарынан Шыңғыс пен Азамат қуған. Егер қашып үлгерсе, Шерзатта жарақат болмаған. Демек, пышақ салу оқиғасы кейін болған болуы мүмкін, – дейді Жұмат Әбенов.

Сондай-ақ ол Абзал Шынасылдың Шерзатқа пышақ салатындай мотиві болмағанын алға тартты.

Адам біреуге пышақ салу үшін себебі болуы керек. Шерзаттың өлімі үшін кім жауапты? Егер кінәсіз адам сотталып кетсе, нағыз кінәлінің ары мұны көтере ала ма? Иә, пышақ салынды. Бірақ кім? Осы балалардың бірі. Бірақ, мысалы, Әскентай Шынасылды бұрын танымайды, неге оның сөзін сөйлейді? – деді қорғаушы.

Бұған дейін белгілі болғандай, мемлекеттік айыптаушы Дана Сәрсенбай марқұм Шерзат Болатты тірі болуға лайық еді деп мәлімдеді. Сондай-ақ ол Шерзат ісі бойынша қоғамда үрей бар екенін айтты.

Прокурорлар сотталушыларға 23 жылға дейін жаза беруді сұраған болатын. Сондай-ақ прокурор айыпталушыларға қандай жаза тағайындайтынын мәлімдеген еді. Соның ішінде кәмелетке толмаған Думан Ысқаққа ҚК 434-бабы (ауыр қылмыс туралы хабарламау) бойынша 1 жыл 6 ай бас бостандығынан айыру жазасын сұраған еді.

Жәбірленуші тараптың адвокаты Мейірман Шекеев жарыссөз кезінде маңызды мәлімдеме жасады. Айтуынша, Шерзаттың туыстары кәмелет жасқа толмаған сотталушы Думан Ысқақты кешіруге дайын.

Сондай-ақ, бүгінгі сот отырысында сотталушының адвокаты Шерзат пен оның туыстарына қылмыстық іс қозғауды сұрады. Жарыссөз кезінде сотталушылардың бірінің адвокаты Нұрлан Келебаев кінәсіздік презумпциясының бұзылғаны мен іске қоғамдық қысымның әсер еткенін мәлімдеді.

Дархан Әскентайдың адвокаты оның кінәсін дәлелдеуге негіздер жеткіліксіз деген мәлімдеме жасап, оны ақтауды сұрады.

Өзгелердің жаңалығы