Бұрынғы сүйіктісінің телефонын ұрлап, 2,6 млн теңге несие алған: Ер адам ұсталды

Күдікті 23 жастағы қыздың телефоны арқылы 2 млн 650 мың теңге несие рәсімдеген. 33 жастағы ер адам ұсталды.

 istockphoto.com 8 Қараша 2026, 11:51
8 Қараша 2026, 11:51
242
Фото: istockphoto.com

Ақмола облысында 23 жастағы астаналық қыздың телефонын ұрлап, оның атына заңсыз несие рәсімдеген ер адам ұсталды. Күдікті жәбірленушінің бұрынғы бірге тұрған азаматы болып шықты. Бұл туралы Polisia.kz хабарлады.

Полиция мәліметінше, биыл қазан айында ер адам бұрынғы бірге тұрған қызының телефонын ұрлап кеткен. Кейін оның банктік қосымшасы арқылы жәбірленушінің атына 2 миллион 650 мың теңге көлемінде несие рәсімдеген.

Қыз өз атына қарыз пайда болғанын кейін білген. Осыған байланысты ол 5 қарашада полицияға арызданған.

Аталған дерек бойынша ұрлық фактісімен қылмыстық іс қозғалды. Жедел-іздестіру шаралары барысында полицейлер күдіктінің кім екенін және жүрген жерін анықтады. Сол күні 33 жастағы ер адам полиция бөліміне жеткізіліп, кінәсін мойындаған.

Осы оқиғаға байланысты полиция азаматтарды жеке деректері мен қаржылық қауіпсіздігіне мұқият болуға шақырды.

Құқық қорғау органдарының ескертуінше, телефонды, құпиясөздерді, PIN-кодтарды және банктік қосымшаларға кіру деректерін бөгде адамдарға беруге болмайды. Тіпті ол жақын немесе таныс адам болса да, мұндай мәліметтерді жария етпеу маңызды.

Сондай-ақ мамандар телефон экранына сенімді құлып орнатуға және банк сервистерінің құпиясөздерін ашық жерде сақтамауға кеңес береді. Егер телефон жоғалса немесе ұрланса, SIM-картаны және банктік қосымшаларға қолжетімділікті дереу бұғаттап, полиция мен банкке хабарлау қажет.

Наверх