Шерзат Болат ісі бойынша өтіп жатқан сот процесінде айыпталушы Абзал Шынасылдың адвокаты Жұмат Әбенов резонансты мәлімдеме жасады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Қазақ “көрпеңе қарай көсіл” дейді. Өкінішке қарай, біздің халық мұны түсініп жатқан жоқ. Заң жақсы жазылған, бірақ орындалуы мен қолданылу жағы ақсап тұр, – деді қорғаушы.
Адвокат қоғамдағы агрессияға назар аудартып, оның сот процесіне әсер етіп жатқанын да меңзеді:
Кейбірі бәріне бірдей ату жазасын сұрап отыр. Бұл дұрыс па? Біз алдымен нақты дәлелге сүйенуіміз керек, – деді ол.
Жұмат Әбеновтың айтуынша, Абзал Шынасыл төбелес басталған кезде оқиға орнында болмаған, бұл сотта ескерілмей отыр.
Төбелес Абзал бармай тұрып басталып кеткен. Біз нақты қай пышақтан адам қайтыс болғанын, қай пышақтың енгенін бүгінге дейін анықтадық деп айта алмаймыз, – деді ол.
Қорғаушының сөзінше, дәлел жетіспей жатқанда адамның тағдырын шешуге асығу — ауыр қателік.
Осындай жетіспеушілік тұрғанда, бір бауырымызды түрмеге жауып, екіншісінен айырылып жатсақ – бұл әділдік емес, бұл біздің қоғамды артқа тартады, – деп түйіндеді адвокат.
Бұған дейін белгілі болғандай, мемлекеттік айыптаушы Дана Сәрсенбай марқұм Шерзат Болатты тірі болуға лайық еді деп мәлімдеді. Сондай-ақ ол Шерзат ісі бойынша қоғамда үрей бар екенін айтты.
Прокурорлар сотталушыларға 23 жылға дейін жаза беруді сұраған болатын. Сондай-ақ прокурор айыпталушыларға қандай жаза тағайындайтынын мәлімдеген еді. Соның ішінде кәмелетке толмаған Думан Ысқаққа ҚК 434-бабы (ауыр қылмыс туралы хабарламау) бойынша 1 жыл 6 ай бас бостандығынан айыру жазасын сұраған еді.
Жәбірленуші тараптың адвокаты Мейірман Шекеев жарыссөз кезінде маңызды мәлімдеме жасады. Айтуынша, Шерзаттың туыстары кәмелет жасқа толмаған сотталушы Думан Ысқақты кешіруге дайын.
Сондай-ақ, бүгінгі сот отырысында сотталушының адвокаты Шерзат пен оның туыстарына қылмыстық іс қозғауды сұрады. Жарыссөз кезінде сотталушылардың бірінің адвокаты Нұрлан Келебаев кінәсіздік презумпциясының бұзылғаны мен іске қоғамдық қысымның әсер еткенін мәлімдеді.
Дархан Әскентайдың адвокаты оның кінәсін дәлелдеуге негіздер жеткіліксіз деген мәлімдеме жасап, оны ақтауды сұрады. Сондай-ақ айыпталушы Абзал Шынасылдың адвокаты Жұмат Әбенов мәлімдеме жасап, соттағы куәлік пен сараптамалық қорытынды арасында айтарлықтай қайшылықтар бар екенін алға тартты. Ол іске тіркелген пышақ пен нақты оқиға арасындағы сәйкессіздікке назар аударып, пышақты Шерзаттың әкесі Қаржаубай Нұрымов абайсызда салуы мүмкін екенін айтты.