АҚШ президенті Дональд Трамп Әділет министрлігіне Демократиялық партия өкілдерінің республикашылдар мен олардың жақтастарына қоқан-лоқы көрсетуі мүмкін деген деректерді тергеуді тапсырды. Бұл туралы АҚШ басшысы Truth Social желісіндегі жазбасында мәлімдеді.
Өз мәлімдемесінде Трамп демократтарды жоғары лауазымды шенеуніктерге, соның ішінде АҚШ бас прокурорына қысым көрсетуге тырысты деп айыптады. Оның айтуынша, олар импичмент жариялау және басқа да жазалау шараларымен қорқытқан.
Президенттің мәлімдеуінше, Демократиялық партия өкілдері Республикалық партияның демеушілерін де қылмыстық қудалаумен және түрмеге қамаумен қорқытқан.
Бұл – ең жоғары деңгейдегі бопсалау, сондықтан оған қатысы барлар жауапқа тартылуы керек, – деп жазды Трамп.
Сондай-ақ АҚШ президенті Мичиган штатынан сайланған сенатор Элисса Слоткинді сынға алды. Оның айтуынша, сенатор республикашыл көзқарасты ұстанатын жастарды қудалауды көздеп отыр.
Бұдан бөлек, Трамп Демократиялық партия өкілдері ешқандай құқық бұзушылық жасамаған адамдарға да қоқан-лоқы мазмұнындағы хаттар жібергенін мәлімдеді.
Осы мәлімдеме арқылы Әділет министрлігіне аталған қылмыстық әрекеттерді дереу тергеуді тапсырамын, – деп атап өтті АҚШ президенті.
Алайда Трамп өз жазбасында айтылған қоқан-лоқыларға қатысты нақты дәлелдер келтірмеген. Әзірге ресми тергеудің басталғаны туралы ақпарат жоқ.
Бұл мәлімдеме АҚШ Конгресіне өткен аралық сайлаудан кейін елдегі саяси күштердің ара салмағы өзгерген тұста жасалды.