Шерзат ісі: Дархан Әскентайдың адвокаты оны ақтауды сұрады

2 Маусым 2025, 17:33
857
Бөлісу:
 видеодан скриншот
Фото: видеодан скриншот

Талдықорғанда Шерзат Болаттың өліміне қатысты іс бойынша сот процесі өтіп жатыр, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Жарыссөз кезінде сотталушылардың бірі – Дархан Әскентайдың адвокаты оның кінәсін дәлелдеуге негіздер жеткіліксіз деген мәлімдеме жасады. 

Сотқа дейінгі тергеп-тексеру қаншалықты айыптау бағытында жүргізіліп, көптеген өрескел заң бұзушылыққа жол беріліп отыр. Сотта мен берген бірде-бір өтінішхаттар қанағаттандырылмады. Жан-жақты объективті қарау мүмкіндігі болмады деп есептеймін. Дархан Әскентай "Қамажай" дүкенінде болған әңгіменің, кездесудің себепкері болмағаны ақиқат. Дархан Әскентай сотталушы Тоқтаубаевтан басқа сотталушыларды танымайтынын, олармен араласпайтынын, оларға телефон соғып шақырмағанын айтып, ол деректі барлық сотталушылар қолдап, растап отыр, - дейді адвокат. 

Сонымен қатар ол қорғауындағы сотталушыны соттауға дәлелдемелер жеткіліксіз деп отыр. 

Дархан Әскентай бұрын сотты болмаған, берген жауаптары біркелкі және нақты. Дархан Әскентайдың кінәсін айқындайтын дәлелдемелердің жеткіліксіз болуына, ал істегі бар дәлелдемелерді бір-біріне қарама-қайшы келіп теріс шығуына орай, сот ақтау үкімін шығарады деп сенемін, - деді заңгер.

Бұған дейін белгілі болғандай, мемлекеттік айыптаушы Дана Сәрсенбай марқұм Шерзат Болатты тірі болуға лайық еді деп мәлімдеді. Сондай-ақ ол Шерзат ісі бойынша қоғамда үрей бар екенін айтты.

Прокурорлар сотталушыларға 23 жылға дейін жаза беруді сұраған болатын. Сондай-ақ прокурор айыпталушыларға қандай жаза тағайындайтынын мәлімдеген еді. Соның ішінде кәмелетке толмаған Думан Ысқаққа ҚК 434-бабы (ауыр қылмыс туралы хабарламау) бойынша 1 жыл 6 ай бас бостандығынан айыру жазасын сұраған еді.

Жәбірленуші тараптың адвокаты Мейірман Шекеев жарыссөз кезінде маңызды мәлімдеме жасады. Айтуынша, Шерзаттың туыстары кәмелет жасқа толмаған сотталушы Думан Ысқақты кешіруге дайын.

Сондай-ақ, бүгінгі сот отырысында сотталушының адвокаты Шерзат пен оның туыстарына қылмыстық іс қозғауды сұрады. Жарыссөз кезінде сотталушылардың бірінің адвокаты Нұрлан Келебаев кінәсіздік презумпциясының бұзылғаны мен іске қоғамдық қысымның әсер еткенін мәлімдеді.

Өзгелердің жаңалығы