Кінәсіздік презумпциясы бұзылды – Шерзат ісіндегі сотталушының адвокаты

2 Маусым 2025, 17:19
917
Бөлісу:
 видеодан скриншот
Фото: видеодан скриншот

Талдықорғанда марқұм Шерзат Болаттың өліміне қатысты іс бойынша сот процесі өтіп жатыр, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Жарыссөз кезінде сотталушылардың бірінің адвокаты Нұрлан Келебаев кінәсіздік презумпциясының бұзылғаны мен іске қоғамдық қысымның әсер еткенін мәлімдеді.

Біз осы істе қауіпті тенденцияны байқаймыз. Қақтығысқа ұласқан оқиғаның салдарынан Шерзат Болат қаза тапқан соң әлеуметтік желілерде қарқынды ақпараттық кампания басталды. Бұл ретте оқиғаның мән-жайын тексермеген және бұрмаланған оқиғалар таралды. Мұндай сөздер қоғамдық резонанс туғызып, объективтілік пен бейтараптықтан алшақтатты, - деп атап өтті адвокат Келебаев. 

Айтуынша, сотқа дейінгі тергеу жәбірленушілердің тарапынан арандату болмағанын елемеген. 

Дәл осындай істерде кінәсіздік презумпциясы шеттетілген заң формуласы болып қалмай, адам құқығын қорғаудың нағыз кепіліне айналады. Тергеу болжам құрып отыр, ал болжам – дәлел емес, - деді Нұрлан Келебаев.

Бұған дейін белгілі болғандай, мемлекеттік айыптаушы Дана Сәрсенбай марқұм Шерзат Болатты тірі болуға лайық еді деп мәлімдеді. Сондай-ақ ол Шерзат ісі бойынша қоғамда үрей бар екенін айтты.

Прокурорлар сотталушыларға 23 жылға дейін жаза беруді сұраған болатын. Сондай-ақ прокурор айыпталушыларға қандай жаза тағайындайтынын мәлімдеген еді. Соның ішінде кәмелетке толмаған Думан Ысқаққа ҚК 434-бабы (ауыр қылмыс туралы хабарламау) бойынша 1 жыл 6 ай бас бостандығынан айыру жазасын сұраған еді.

Жәбірленуші тараптың адвокаты Мейірман Шекеев жарыссөз кезінде маңызды мәлімдеме жасады. Айтуынша, Шерзаттың туыстары кәмелет жасқа толмаған сотталушы Думан Ысқақты кешіруге дайын

Сондай-ақ, бүгінгі сот отырысында сотталушының адвокаты Шерзат пен оның туыстарына қылмыстық іс қозғауды сұрады.

Өзгелердің жаңалығы