Шерзаттың анасы ұлын өлтіргендерді өмір бойына бас бостандығынан айыруды сұрады

2 Маусым 2025, 13:12
707
Бөлісу:
 видеодан скриншот
Фото: видеодан скриншот

Талдықорғанда Шерзат Болаттың өліміне қатысты іс бойынша сот процесі өтіп жатыр, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Жәбірленуші тараптың адвокаты Мейірман Шекеев жарыссөздер кезінде эмоцияға толы сөз сөйледі. Ол Шерзат Болаттың анасы Гүлбара Бишімбиеваның өтінішін жеткізді. Жәбірленуші тарап соттан өмір бойына немесе 20 жылдан астам мерзімге бас бостандығынан айыруды сұрады. 

Сотталушылардың әрекеті салдарынан бір адамның ғана өмірі қиылған жоқ. Тағдырлары астаң-кестең тозаққа айналды. Бір әулеттен екі адам кетіп, Қаржаубайдың отбасы қайғының шырмауынан әлі шыға алмай келеді. Үйлерін белгісіз біреулер өртеп жіберді. Жан-жақтан қысымның астында қалды. Атап өту керек, жәбірленушілердің ажалы абайсыздықтан болған кездейсоқ әрекет емес. Сотталушылар өзінің озбырлығын неге апаратынын алдын ала біле отырып, адам денсаулығына аса ауыр зиянды әрекетті қасақана жасаған, - деп атап өтті адвокат. 

Айтуынша, әділетті үкім – адам жанын тыныштандырады.

Қалай болғанда да, қандай шешім қабылданса да, қайғының орнын енді ешкім толтыра алмас. Десе де, әділетті үкім – адам жанын тек тыныштандырады. Ал әділетсіз үкім оның қайталануына жол береді. Дәлелдерді талдау, сот-медициналық сараптаманың қорытындысы, куәлардың жауаптары және істің өзге де материалдары сотталушылардың жәбірленуші Шерзатқа жасаған қасақана әрекеттері, нәтижесінде кәмелетке толмаған Шерзат Болаттың көз жұмғаны сот тергеуімен анықталды деп есептейміз. Сотталушыларды жасаған ауыр қылмысына сай қатаң жазалануын сұраймыз, - деді Мейірман Шекеев.

Еске салайық, осыған дейін прокурорлар сотталушыларға 23 жылға дейін жаза беруді сұраған болатын. 

Өзгелердің жаңалығы