Жеке картаға ақша аударғанда нені ескеру керек? Бақылау талабы өзгерді

10 қарашадан бастап үш ай ішінде 100 және одан көп адамнан 1,5 млн теңгеден астам ақша түскен жеке шоттар салық бақылауына ілігуі мүмкін.

11 Қараша 2026, 11:43
АВТОР
 ©BAQ.KZ коллажы 11 Қараша 2026, 11:43
11 Қараша 2026, 11:43
67
Фото: ©BAQ.KZ коллажы

Қазақстанда мобильді аударымдарға қатысты бақылау талаптары өзгерді. Бұған дейін салық органдарының бақылауына жалпы сомасы 1 миллион 20 мың теңгеден асатын мобильді аударымдар ілінетін. Енді бұл шек 1 миллион 557 мың теңгеге дейін көтерілді. Бұл туралы ҚР Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің Жеке тұлғалардың кірістерін әкімшілендіру басқармасының сарапшысы Данагүл Сағынбек мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Қандай аударымдар бақылауға түседі?

2026 жылғы 10 қарашадан бастап Қаржы министрінің №718 бұйрығына сәйкес мобильді аударымдарды бақылаудың ақшалай өлшемшарты өзгерді. Бұған дейін шекті сома ең төменгі жалақының 12 еселенген мөлшерімен есептелсе, енді 360 айлық есептік көрсеткішке теңестірілді. 2026 жылы бұл 1 557 000 теңгені құрайды.

Алайда бақылауға ілігу үшін тек осы сомадан асу жеткіліксіз. Бірнеше талап қатар орындалуы керек. Атап айтқанда, азаматтың кәсіпкерлік қызметке арналмаған жеке банк шотына қатарынан үш айдың әрқайсысында 100 және одан көп әртүрлі адамнан ақша түсуі қажет. Сонымен бірге осы үш айдағы аударымдардың жалпы сомасы 360 АЕК-тен асуы тиіс.

Бір жеке тұлғаның кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыруға арналмаған жеке банк шотына қатарынан үш ай бойы 100 және одан да көп адамнан ақша аударылып, осы кезеңдегі жалпы сома 360 айлық есептік көрсеткіштен асатын болса, мұндай аударымдар бақылауға алынады, – деді Данагүл Сағынбек.

Яғни 100 адамнан ақша түсу талабы әр айға жеке есептеледі, ал 1 557 000 теңге – үш айдағы аударымдардың жалпы сомасы. Осы шарттардың барлығы бір уақытта орындалған жағдайда екінші деңгейлі банктер тиісті мәліметтерді салық органдарына береді.

Салық органдары қандай шара қолданады?

Данагүл Сағынбектің айтуынша, банктерден мәліметтер түскеннен кейін салық органдары үш кезең бойынша жұмыс жүргізеді.

Бірінші кезеңде салық төлеушілерді хабардар ету мақсатында PUSH-хабарламалар жіберіледі. Оған жауап берудің қажеті жоқ. Екінші кезеңде камералдық бақылау жүргізіледі. Оның нәтижесінде сәйкессіздіктер анықталған жағдайда азаматқа тиісті хабарлама жолданады. Үшінші кезеңде салықтық тексеруді тағайындау және жүргізу бойынша шаралар қабылданады, – деп түсіндірді сарапшы.

Сарапшының мәліметінше, азаматтарды хабардар ету мақсатында бірінші және екінші тоқсанның қорытындысы бойынша барлығы 274 318 ақпараттық PUSH-хабарлама жолданған.

Оның нәтижесінде 55 133 адам жеке кәсіпкер немесе өзін-өзі жұмыспен қамтыған тұлға ретінде тіркелген.

Хабарлама алған азамат не істеуі керек?

Салық органдарынан ақпараттық хабарлама алған азаматтар үшін келесі қадам олардың кәсіпкер ретінде тіркелген-тіркелмегеніне байланысты болады.

Егер азамат жеке кәсіпкер ретінде тіркелген болса, алған табысын қолданатын салық режиміне қарай 220 немесе 290-нысандағы салық есептілігінде көрсетуі керек. Ал жеке кәсіпкер немесе өзін-өзі жұмыспен қамтыған тұлға ретінде тіркелмеген азамат бұл табысын 270-нысандағы декларацияда көрсетуі қажет, – деді ол.

2026 жылы алынған табыс бойынша 270-нысандағы декларацияны 2027 жылғы 15 қыркүйекке дейін тапсыру керек. Ал жеке табыс салығын 2027 жылғы 25 қыркүйекке дейін төлеу қажет.

Осылайша, мобильді аударымдарға қатысты жаңа талап бақылаудың ақшалай шегін өзгертті. Дегенмен салық органдарының назарына ілігу үшін ақша көлемі ғана емес, аударым жасаған адамдардың саны мен қаражат түскен кезең де ескеріледі.

Наверх