Қызылорда қаласында BMW және Lexus автокөліктерінің жүргізушілері қоғамдық жолда дрифт жасап, жол қозғалысы ережелерін бұзған.
Полиция қызметкерлері әлеуметтік желілердегі мониторинг барысында құқық бұзушылықты анықтап, 20 жастағы екі жүргізушінің жеке басын анықтады. Оларға қатысты барлығы 13 әкімшілік хаттама толтырылды.
Жүргізушілер маневр жасау, қауіпсіздік белдігін тағу, көлікті тоқтату және тоқтап тұру қағидаларын бұзған. Сондай-ақ техникалық ақауы бар көлікті басқару және жол қозғалысына кедергі келтіріп, авариялық жағдай туғызу деректері анықталды. Жүргізушілердің бірінде көлік басқару құқығы болмаған.
Сот шешімімен ұсақ бұзақылық жасағаны үшін екі азамат та 5 тәулікке әкімшілік қамаққа алынды.
Полиция қауіпті дрифт пен жолдағы қатерлі маневрлер адам өмірі мен денсаулығына қауіп төндіретінін ескертеді.