Арман Қырықбаев Мәдениет және ақпарат министрі болып тағайындалды

 Ақорда 3 Қыркүйек 2026, 13:00
3 Қыркүйек 2026, 13:00
133
Фото: Ақорда

 Арман Қырықбаев ҚР Мәдениет және ақпарат министрі болып тағайындалды. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.

Мемлекет басшысының Жарлығымен Арман Оразбайұлы Қырықбаев Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрі болып тағайындалды, ол бұрынғы атқарған лауазымынан босатылды, – делінген Ақорданың хабарламасында.

Арман Қырықбаев 1976 жылы Астана қаласында дүниеге келген. 1996 жылы Қазақ мемлекеттік басқару академиясын экономист мамандығы бойынша, 2002 жылы Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің Дипломатиялық академиясын халықаралық қатынастар мамандығы бойынша тәмамдаған. 

Еңбек жолын 1996 жылы Сыртқы істер министрлігінің ТМД және Балтық елдері басқармасында референт болып бастаған. 1997-2000 жылдары Қазақстанның Өзбекстандағы елшілігінде атташе және үшінші хатшы, 2002 жылы Сыртқы істер министрлігінде екінші хатшы қызметтерін атқарды. Кейін жеке секторда да еңбек етті. 

2005-2006 жылдары Алматы қаласы Медеу ауданы әкімінің орынбасары, Алматы қаласының Жастар саясатын дамыту мемлекеттік қорының директоры болды. 2006-2008 жылдары Мәдениет және ақпарат министрлігінің Қоғамдық-саяси жұмыс және жұртшылықпен байланыс департаментін басқарды. 2008-2010 жылдары осы министрліктің Мәдениет комитетінің төрағасы қызметін атқарды. 

2010-2012 жылдары Қарағанды облысы әкімінің орынбасары, 2012-2013 жылдары Мәдениет және ақпарат вице-министрі болды. Кейін «Нұр Отан» партиясында қызмет атқарып, 2015-2019 жылдары Алматы қаласы әкімінің орынбасары болды. 2020-2022 жылдары «Nur Otan» партиясының хатшысы, 2022-2024 жылдары қайтадан Алматы қаласы әкімінің орынбасары қызметін атқарды. 

2024-2025 жылдары Президент Әкімшілігінің Коммуникациялар бөлімін басқарды. 2025 жылғы 24 ақпанда Мемлекет басшысының Жарлығымен Президенттің ішкі саясат мәселелері және коммуникациялар жөніндегі көмекшісі болып тағайындалған еді. 

Айта кетейік, Арман Қырықбаевқа дейін Аида Балаева 2023 жылдың қыркүйегінен бері Мәдениет және ақпарат министрлігін басқарды. 2025 жылдың желтоқсанынан бастап ол Премьер-министрдің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі қызметін атқарды. 2026 жылғы 31 тамызда Мемлекет басшысының Жарлығымен Аида Ғалымқызы Балаева Қазақстан Республикасы Қауіпсіздік Кеңесі Төрағасының орынбасары лауазымына тағайындалды.

Еске сала кетейік, бұған дейін кеше, яғни 2 тамызда Мемлекет басшысының Жарлығымен Мұхтар Бескенұлы Тілеуберді Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрі болып тағайындалды. 

Ал бүгін Дәурен Қосанов Қорғаныс министрі лауазымына тағайындалғанын жаздық. 

Ержан Сәденов Ішкі істер министрі лауазымына қайта тағайындалды.

Серік Жұманғарин Ұлттық экономика министрі лауазымына қайта тағайындалды.

Жаслан Мәдиев жаңа қызметке тағайындалды. Бұған дейін Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі болған, енді Премьер-министрдің орынбасары қызметін де қоса атқаратын болады.

Мәди Такиев Қаржы министрі лауазымына қайта тағайындалды.

Нұрлан Ермекұлы Сауранбаев Қазақстан Республикасының Көлік министрі лауазымына, ал Ерлан Жақсылықұлы Сәрсембаев Қазақстан Республикасының Әділет министрі қызметіне тағайындалды.

Мұрат Сейтмолдаұлы Мұханов Қазақстан Республикасының Төтенше жағдайлар министрі лауазымына, ал Ерлан Құдайбергенұлы Ақкенженов Қазақстан Республикасының Энергетика министрі қызметіне тағайындалды.

Ерсайын Қайырғазыұлы Нағаспаев Қазақстан Республикасының Өнеркәсіп және құрылыс министрі лауазымына, Жұлдыз Досбергенқызы Сүлейменова Қазақстан Республикасының Оқу-ағарту министрі қызметіне, ал Арман Абайұлы Шаққалиев Қазақстан Республикасының Сауда және интеграция министрі лауазымына тағайындалды.

Нұржан Молдиярұлы Нұржігітов Қазақстан Республикасының Су ресурстары және ирригация министрі лауазымына, Ақмарал Шәріпбайқызы Әлназарова Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрі қызметіне, ал Әлібек Сакенұлы Қуантыров Қазақстан Республикасының Экология және табиғи ресурстар министрі болып тағайындалды. Осыған байланысты ол бұрын атқарған лауазымынан босатылды.

Айдарбек Сейпілұлы Сапаров Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрі лауазымына, ал Асқарбек Маратұлы Ертаев Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі лауазымына тағайындалды.

Сондай-ақ, Ербол Қуантайұлы Мырзабосынов Қазақстан Республикасының Туризм және спорт министрі лауазымына, ал Мемлекет басшысының Жарлығымен Саясат Нұрбек Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім министрі лауазымына тағайындалды.

Наверх