Тоқаев екі министрді тағайындады: Көлік және Әділет министрліктеріне кім келді?

Мемлекет басшысының Жарлықтарымен Нұрлан Сауранбаев пен Ерлан Сәрсембаев министр қызметіне тағайындалды. Жаңа министрлердің еңбек жолы қандай?

3 Қыркүйек 2026, 11:16
АВТОР
 Ақорданың баспасөз қызметі 3 Қыркүйек 2026, 11:16
3 Қыркүйек 2026, 11:16
230
Фото: Ақорданың баспасөз қызметі

Мемлекет басшысының Жарлықтарымен Қазақстан Үкіметінің құрамында бірқатар кадрлық өзгеріс болды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Нұрлан Ермекұлы Сауранбаев Қазақстан Республикасының Көлік министрі лауазымына тағайындалды.

Сондай-ақ Ерлан Жақсылықұлы Сәрсембаев Қазақстан Республикасының Әділет министрі қызметіне тағайындалды.

Нұрлан Сауранбаев туралы не белгілі?

Нұрлан Ермекұлы Сауранбаев 1967 жылғы 20 мамырда дүниеге келген. Алматы қаласындағы №30 орта мектепті тәмамдап, 1991 жылы С.М. Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетін «Саяси экономия» мамандығы бойынша бітірген.

Еңбек жолын бизнес құрылымдарында бастаған.

1997-2011 жылдары теміржол және мұнай-газ салаларындағы ұлттық компанияларда түрлі қызмет атқарды. Кейін мемлекеттік қызметке ауысып, Қазақстан Республикасының Индустрия және жаңа технологиялар вице-министрі, Қорғаныс министрінің орынбасары қызметтерін атқарды.

2017-2018 жылдары Шымкент қаласының әкімі болды. 2019-2021 жылдары Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің Мемлекеттік бақылау және аумақтық-ұйымдастыру жұмысы бөлімінің меңгерушісі қызметін атқарды.

Сондай-ақ Нұрлан Сауранбаев бұған дейін «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясының басқарма төрағасы қызметін атқарған.

Мемлекеттік органның ресми мәліметінде оның көлік саласындағы қазіргі қызметі де көрсетілген. (gov.kz)

Ерлан Сәрсембаев туралы не белгілі?

Ерлан Жақсылықұлы Сәрсембаев 1975 жылы Алматы облысында дүниеге келген. Алматы энергетика және байланыс институтын, сондай-ақ Д.А. Қонаев атындағы Гуманитарлық университетті тәмамдаған.

1998-2002 жылдары Қазақстан Республикасының Қарулы күштерінде офицерлік қызмет атқарды.

2002-2005 жылдары ҚР Премьер-министрі Кеңсесінде кеңесші және сектор меңгерушісі болды. 2005-2011 жылдары Қазақстан Республикасы Парламенті Сенаты Аппаратының бөлім меңгерушісінің орынбасары және бөлім меңгерушісі қызметтерін атқарды.

2011-2016 жылдары Ұлттық қауіпсіздік органдарында басшылық қызметтерде еңбек етті.

2016-2017 жылдары Сенат Аппаратының бөлім меңгерушісі, 2017-2019 жылдары Сенат Аппараты басшысының орынбасары, ал 2019-2022 жылдары Сенат Аппаратының бөлім меңгерушісі болды.

2023-2025 жылдары Қазақстан Республикасы Конституциялық Сотының судьясы қызметін атқарды.

Ресми өмірбаянға сәйкес, Ерлан Сәрсембаев 2025 жылғы 9 қаңтарда Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен Әділет министрі болып тағайындалған. 

Министр ретінде ол биыл Парламентте жаңа Конституцияны іске асыруға бағытталған бірқатар заң жобаларын таныстырды. Атап айтқанда, «Президенті туралы» және «Қазақстан Халық Кеңесі туралы» конституциялық заң жобалары бойынша баяндама жасады. 

Осылайша, Нұрлан Сауранбаев көлік саласына, ал Ерлан Сәрсембаев әділет жүйесіне жауапты министрлік қызметке тағайындалды.

Бұған дейін Дәурен Қосанов Қорғаныс министрі лауазымына тағайындалғанын жаздық. 

Ержан Сәденов Ішкі істер министрі лауазымына қайта тағайындалды.

Серік Жұманғарин Ұлттық экономика министрі лауазымына қайта тағайындалды.

Жаслан Мәдиев жаңа қызметке тағайындалды. Бұған дейін Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі болған, енді Премьер-министрдің орынбасары қызметін де қоса атқаратын болады.

Мәди Такиев Қаржы министрі лауазымына қайта тағайындалды.

Наверх