БҰҰ-ның бұрынғы Бас хатшысы Пан Ги Мун Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың халықаралық су ұйымын құру бастамасын толық қолдайтынын мәлімдеді. «24KZ» телеарнасына берген сұхбатында ол Мемлекет басшысымен бірлесіп атқарған көпжылдық жұмысын да атап өтті.
«Президент Тоқаев екеуіміз мен – Кореяның, ол – Қазақстанның сыртқы істер министрлері болған кезде тығыз жұмыс істедік. Кейін жолдарымыз БҰҰ-да да түйісті. Мен оны Нью-Йорктегі штаб-пәтерден кейінгі екінші орында тұрған ұйымның Женевадағы бөлімшесінің бас директоры етіп тағайындадым», - деді ол.
Пан Ги Мун Тоқаевтың БҰҰ жүйесіндегі жұмысына жоғары баға беріп, бұл тәжірибенің оның одан арғы саяси мансабына әсер еткенін атап өтті.
«Ол бұл міндетті тамаша атқарды. Оның БҰҰ-дағы сәтті тәжірибесі Қазақстан Президенті болып сайлануына зор септігін тигізді деп ойлаймын», - деді Пан Ги Мун.
Сондай-ақ БҰҰ-ның бұрынғы басшысы Қазақстан Президентінің халықаралық су ұйымын құру бастамасын қолдайтынын білдірді.
«Су – өмірдің негізі. Сусыз адамдар да, жануарлар да, өсімдіктер де тіршілік ете алмайды. Бір жағынан, судың жетіспеушілігі қақтығыстарға себеп болады. Екінші жағынан – су өмірдің, денсаулық пен өркендеудің көзі. Ежелгі қытай философы Лао-Цзы адамның ең жоғары ізгілігі суға ұқсас әрекет ететінін айтқан», - деп атап өтті ол.
Пан Ги Мун БҰҰ Бас хатшысы қызметін атқарып жүрген кезінде де бұл философиялық ойды көшбасшылық үлгісі ретінде басшылыққа алғанын айтты.
«Философиялық және практикалық тұрғыдан алғанда, президент Тоқаевтың идеясы өте маңызды және ол бұл жобаны жүзеге асыра алады деп шын жүректен үміттенемін. Оған менің толық қолдауымды жеткізіңіздер», - деп түйіндеді сөзін Пан Ги Мун.