ТЖМ мен Энергетика министрлігін кім басқарады? Тоқаев шешім шығарды

Қазақстанның екі маңызды ведомствосына басшылар тағайындалды. Жаңа министрлердің еңбек жолына көз жүгіртсек, қызық деректер бар.

 ©BAQ.KZ архиві 3 Қыркүйек 2026, 11:38
3 Қыркүйек 2026, 11:38
200
Фото: ©BAQ.KZ архиві

Мемлекет басшысының Жарлықтарымен Қазақстан Үкіметінің құрамында кадрлық өзгерістер болды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Мұрат Сейтмолдаұлы Мұханов Қазақстан Республикасының Төтенше жағдайлар министрі лауазымына тағайындалды.

Сондай-ақ Ерлан Құдайбергенұлы Ақкенженов Қазақстан Республикасының Энергетика министрі қызметіне тағайындалды.

Мұрат Мұханов туралы не белгілі?

Мұрат Сейтмолдаұлы Мұханов 1985 жылы Маңғыстау облысында дүниеге келген.

2006 жылы Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігінің Көкшетау техникалық институтын, ал 2020 жылы Ресей ТЖМ Мемлекеттік өртке қарсы қызметінің Санкт-Петербург университетін тәмамдаған.

Ол азаматтық қорғау органдарында 2002 жылдан бері қызмет атқарып келеді. Қызмет жолын Мәлік Ғабдуллин атындағы Азаматтық қорғау академиясының курсанты ретінде бастап, Төтенше жағдайлар департаментінің бастығына дейінгі барлық қызметтік сатылардан өткен.

Мұрат Мұханов еңбек жолын Маңғыстау облысының Төтенше жағдайлар саласындағы мемлекеттік бақылау және қадағалау басқармасының нормативтік-техникалық бөлімінің бас маманы болып бастаған.

2006-2010 жылдары мемлекеттік өрт бақылауы бағытында түрлі лауазымдарда жұмыс істеді. 2010 жылы мемлекеттік өрт бақылау бөлімінің бастығы, 2016 жылы өрт қауіпсіздігі саласындағы бақылау және профилактикалық қызмет басқармасының бастығы болып тағайындалды.

2017 жылдан бастап департамент бастығының орынбасары қызметін атқарды. Ал 2020 жылдан Маңғыстау облысы Төтенше жағдайлар департаментінің бастығы болды.

2026 жылғы маусымда Мұрат Мұханов Төтенше жағдайлар министрлігінің Аппарат басшысы қызметіне тағайындалған еді. Енді ол ведомство басшысы болды. 

Мұрат Сейтмолдаұлы II дәрежелі «Айбын» орденімен марапатталған. 

Ерлан Ақкенженов туралы не белгілі?

Ерлан Құдайбергенұлы Ақкенженов 1979 жылы Алматы қаласында дүниеге келген.

«Әділет» жоғары құқық мектебін заңгер-құқықтанушы мамандығы бойынша, «Астана» университетін мұнай-газ ісі мамандығы бойынша бітірген. 2025 жылы И.М. Губкин атындағы Ресей мемлекеттік мұнай және газ университетінде «Энергетикалық бизнесті басқару» бағыты бойынша MBA бағдарламасы аясында кәсіби қайта даярлау туралы диплом алған.

Ақкенженов еңбек жолын 2002 жылы «ҚазМұнайГаз сауда үйі» ЖШС-де бас маман болып бастаған. Кейін осы компанияда бас менеджер, мұнай және мұнай өнімдерін экспорттау департаментінің директоры қызметтерін атқарды.

2004-2006 жылдары Ұлыбританияда Chevron Texaco Global Trading компаниясының «Қылыш» бағдарламасы аясында шикі мұнай трейдері болды. Кейін «KazMunaiGaz Singapore» компаниясының директоры қызметін атқарды.

2006-2012 жылдары «ҚазМұнайГаз» тобының құрылымдарында, сондай-ақ «Қазақойл Ақтөбе», «ҚазМұнайГаз Өнімдері», «ҚазМұнайГаз қайта өңдеу және маркетинг» компанияларында басшылық қызметтер атқарды.

2013-2016 жылдары Румыния мен Болгариядағы KMG International (Rompetrol) құрылымдарында басшылық лауазымдарда жұмыс істеді.

2016-2020 жылдары мұнай және мұнай өнімдерін өңдеу және тасымалдаумен байланысты жеке құрылымдарда еңбек етті.

2022 жылғы шілдеден 2023 жылғы маусымға дейін «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ мұнай өнімдері маркетингі басқармасының бастығы болды. 2023 жылғы маусымнан 2025 жылғы наурызға дейін Қазақстан Республикасы Энергетика вице-министрі қызметін атқарды.

2025 жылғы 19 наурызда Мемлекет басшысының Жарлығымен Энергетика министрі болып тағайындалған. 

Ресми мәліметке сәйкес, Ерлан Ақкенженов қазақ, орыс және ағылшын тілдерін меңгерген. 

Осылайша, Төтенше жағдайлар министрлігін азаматтық қорғау жүйесінде ұзақ жыл қызмет атқарған Мұрат Мұханов басқарса, Энергетика министрі болып мұнай-газ саласында мол тәжірибесі бар Ерлан Ақкенженов қайта тағайындалды.

Еске сала кетейік, бұған дейін Дәурен Қосанов Қорғаныс министрі лауазымына тағайындалғанын жаздық. 

Ержан Сәденов Ішкі істер министрі лауазымына қайта тағайындалды.

Серік Жұманғарин Ұлттық экономика министрі лауазымына қайта тағайындалды.

Жаслан Мәдиев жаңа қызметке тағайындалды. Бұған дейін Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі болған, енді Премьер-министрдің орынбасары қызметін де қоса атқаратын болады.

Мәди Такиев Қаржы министрі лауазымына қайта тағайындалды.

Нұрлан Ермекұлы Сауранбаев Қазақстан Республикасының Көлік министрі лауазымына, ал Ерлан Жақсылықұлы Сәрсембаев Қазақстан Республикасының Әділет министрі қызметіне тағайындалды.

Наверх