Астана сотында фельдшер Ұлдана Мырзуанның қаза болуына қатысты іс бойынша Тәуелсіздік даңғылы, 24B үйінің тұрғыны Халил Бабалиев куәгер ретінде жауап берді. Ол үйдің қазіргі жағдайы, кейін пайда болған жаңа жарықтар және тұрғындардың әкімдікке жасаған өтініштері туралы айтып берді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Куәгердің айтуынша, пәтерін сатып алған кезде оған үйде бұған дейін техникалық тексеру жүргізілгені туралы айтылмаған. Бұл ақпаратты ол кейін білген.
Пәтерді сатып алған кезде бізге ұнады, сондықтан алдық. Кейін осы жарыққа байланысты сараптама жүргізілгенін білдім. Бірақ сараптама туралы да, үйде қандай жағдай болғаны туралы да бізге ешкім айтқан жоқ, – деді Халил Бабалиев.
Қарашадағы оқиғадан кейін тұрғындар жиналып, үй бойынша қандай шаралар қабылдау керегін талқылай бастаған. Бабалиевтің сөзінше, тұрғындар аудан әкіміне екі рет қабылдауға барған.
Оның айтуынша, оқиғадан кейін пәтерінің үстіне уақытша жабын мен қорғаныс торы орнатылған. Алайда қазіргі уақытта жұмыстар тоқтап қалған.
Бізге тиісті шаралар қабылданатыны айтылды. Пәтерімнің үстіне тор орнатылды. Бірақ қазір жұмыс тоқтады, ештеңе істеліп жатқан жоқ, – деді ол.
Куәгердің айтуынша, аудан әкімімен екінші кездесуде тұрғындарға жұмыстар жүргізу үшін пәтерлерге кіруге барлық меншік иесінің келісімі қажет екені түсіндірілген. Бастапқыда кейбір тұрғындар бұған қарсылық білдіргенімен, кейін олардың барлығынан келісім алынған.
Осыдан кейін тұрғындардың 100 пайыз келісімін жинап, әкімдікке тапсырдық. Қазір үйімізді ешкімге керек емес сияқты сезінеміз. Бәріміз қорқып жүрміз. Ұйықтауға жатқанда, таңертең далада оянып қаламыз ба деп алаңдаймыз. Үйіміз сөгіліп бара жатқандай, – деді Бабалиев.
Тұрғын үйде жаңа жарық пайда болғанын да айтты. Оның сөзінше, жарық жақында өз пәтерінің жатын бөлмесінен байқалған. Бұл бөлменің терезесі аулаға қарайды, яғни қарашада үйдің бір бөлігі құлаған жерге қарама-қарсы орналасқан.
Бабалиевтің айтуынша, қараша айында пәтерінің үстіне қойылған бақылау белгілері де кейіннен жарылып кеткен.
Еске сала кетейік, 2025 жылғы 8 қарашада Астанада тұрғын үйдің қасбеті құлап, бірнеше адам зардап шеккен. Оқиға кезінде жедел жәрдем фельдшері Ұлдана Мырзуан ауыр жарақат алып, кейін ауруханада көз жұмды.
Бүгінгі сот отырысында оқиға болған үйдің тұрғыны куә Марина Самсонова үйдің техникалық жағдайына қатысты тұрғындар бірнеше жылдан бері мәселе көтеріп келе жатқанын айтты. Оның сөзінше, қазір тұрғындар ғимараттың тағы да құлауы мүмкін екеніне алаңдап отыр.
Ал Астана қаласы Тұрғын үй және тұрғын үй инспекциясы басқармасының техникалық бөлім басшысы Ербол Ахметов фельдшер Ұлдана Мырзуан ісіне қатысты өтіп жатқан сот отырысында көппәтерлі тұрғын үйді авариялық деп тану тәртібін түсіндірді.
Тағы оқи отырыңыз: Мырзуан ісі: 2017 жылғы техникалық қорытынды туралы сот басталғанда ғана білдік – Тұрғын үй инспекциясы