Қазақстанның соңғы жаңалықтары

Шерзат Болат ісі: Дана Сәрсенбай үндеу жасады

Олжас АДАЙ
5 Маусым 2025, 17:29
2168
Бөлісу:
 Жоғарғы Сот
Фото: Жоғарғы Сот

Мемлекеттік айыптаушы Дана Сарсенбай өзінің атын, суретін және қызметтік мәліметтерін пайдаланып әлеуметтік желіде жалған аккаунттар ашылып жатқанын мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Бұл туралы ол Шерзат Полаттың өліміне қатысты қылмыстық іс аясында ресми бейнеүндеу жасап, қазақстандықтарды сақ болуға шақырды.

Менің Instagram желісіндегі жалғыз парақшам – @s.d.n__ – тек жеке мақсатта, отбасым және жақындарыммен байланыс үшін ашылған. Онда ешқандай ресми мәлімдеме не кәсіби жазба жарияланбайды. Қалған барлық парақшалар – фейк, – деді Дана Сарсенбай.

Ол алаяқтар атынан:

  • блогерлерге жазылуға шақырулар таратылып жатқанын,
  • жалған сауалнамалар мен ұтыс ойындары ұйымдастырылып жатқанын,
  • жалған мәліметтер мен пікірлер жарияланып жатқанын айтты.

Айыптаушының сөзінше, мұндай фейк парақшалар тергеу барысына кері әсер етуі мүмкін және құқық қорғау органдарының беделіне нұқсан келтіреді. Халықты шатастырып, жеке деректерді заңсыз жинауға бағытталуы ықтимал.

Ол қазақстандықтарды фейк аккаунттарға жазылмауға, күмәнді сілтемелер мен ұтыс ойындарына қатыспауға шақырды.

Барлық ресми ақпарат тек мемлекеттік органдардың ресми арналары арқылы таратылады. Жалған парақшаларға сенбеңіздер, – деді ол.

Бұған дейін Шерзат Болат ісі бойынша 9 сотталушыға үкім шықты. Ал мемлекеттік айыптаушы Дана Сәрсенбай марқұм Шерзат Болатты тірі болуға лайық еді деп мәлімдеді. Сондай-ақ ол Шерзат ісі бойынша қоғамда үрей бар екенін айтты.

Сондай-ақ прокурор айыпталушыларға қандай жаза тағайындайтынын мәлімдеген еді. Соның ішінде кәмелетке толмаған Думан Ысқаққа ҚК 434-бабы (ауыр қылмыс туралы хабарламау) бойынша 1 жыл 6 ай бас бостандығынан айыру жазасын сұраған еді.

Жәбірленуші тараптың адвокаты Мейірман Шекеев жарыссөз кезінде маңызды мәлімдеме жасады. Айтуынша, Шерзаттың туыстары кәмелет жасқа толмаған сотталушы Думан Ысқақты кешіруге дайын.

Сондай-ақ, бүгінгі сот отырысында сотталушының адвокаты Шерзат пен оның туыстарына қылмыстық іс қозғауды сұрады. Жарыссөз кезінде сотталушылардың бірінің адвокаты Нұрлан Келебаев кінәсіздік презумпциясының бұзылғаны мен іске қоғамдық қысымның әсер еткенін мәлімдеді.

Дархан Әскентайдың адвокаты оның кінәсін дәлелдеуге негіздер жеткіліксіз деген мәлімдеме жасап, оны ақтауды сұрады. Сондай-ақ айыпталушы Абзал Шынасылдың адвокаты Жұмат Әбенов мәлімдеме жасап, соттағы куәлік пен сараптамалық қорытынды арасында айтарлықтай қайшылықтар бар екенін алға тартты. Ол іске тіркелген пышақ пен нақты оқиға арасындағы сәйкессіздікке назар аударып, пышақты Шерзаттың әкесі Қаржаубай Нұрымов абайсызда салуы мүмкін екенін айтты.

Адвокат Жұмат Әбенов резонансты мәлімдеме жасап, халықты сабырға шақырды. Бүгінгі сот отырысының соңында ол айыпталушы Абзал Шынасылдың шынайы болғанын, бірақ бір сәттік сенгіштігі өзіне кері әсер етіп, істі мойнына ала салғанын айтты.

Өзгелердің жаңалығы