Республикалық физика-математика мектебінің Алматы филиалының директоры болып «Математика» мамандығы бойынша PhD докторы Алмаз Мұхамбетұлы Күнғожин тағайындалды. Ол бұған дейін РФММ-да білім алған.
Мейірбек Мейірлан Едігерұлы директор қызметіндегі жұмысын аяқтады.
Алмаз Күнғожин 2018-2023 жылдары мектепті басқарған. Әр жылдары РФММ-да мұғалім, математика пәнінен олимпиадаға дайындау бойынша жаттықтырушы, Директордың бейіндік-эксперименттік жұмыс жөніндегі орынбасары қызметтерін атқарған. 2023 жылдың қыркүйегінен бастап «РФМШ» КеАҚ Басқарма төрағасының бірінші орынбасары қызметін атқарды.
Не болды?
Еске сала кетейік, РФММ оқушыларының жаппай сырқаттануы қазан айында орын алған еді. 12 қазанда инфекциялық ауруханаға барлығы 58 бала түсті.
Бұған дейін ауырған оқушылардың білім беру мекемесінің интернатында тұрғаны хабарланған болатын. Медицина мамандары қарым-қатынаста болған адамдарды бақылауды ұйымдастырып, эпидемияға қарсы шаралар жүргізді.
Алматы қаласы Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, ауруханаға жатқызылған 58 оқушының барлығы емдеуді аяқтап, стационардан шығарылды.
Балалардың сауығып кеткеніне қарамастан, жаппай сырқаттанудың түпкілікті себептері әлі анықталған жоқ. Полицияның санитариялық-эпидемиологиялық тергеуі мен тергеу әрекеттері жалғасуда.
Еске салайық, 14 қазанда Алматыда оқушылар жаппай уланып, РФММ қызметі уақытша тоқтатылғаны белгілі болған еді. Қазанның 12-14 аралығында Республикалық физика-математика мектебінің 48 оқушысы жедел ішек инфекциясының белгілерімен Балалар қалалық клиникалық жұқпалы аурулар ауруханасына жатқызылған.
Артынша Денсаулық сақтау министрлігі бұл жағдайға байланысты байланысты мәлімдеме жасады. Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің мәліметінше мамандар «Master Food» ЖШС-нің тамақтану блогын тексеру барысында азық-түлік өнімдерін сақтау, дайын тағамдардың тәуліктік сынамаларын алу және тамақтануды ұйымдастыру талаптарының бұзылғанын анықтады. Бостандық аудандық Полиция басқармасы жанындағы полиция бөлімінде бұл жайтқа қатысты қылмыстық іс қозғалды.
Тағы оқи отырыңыз: Алматыдағы оқушылардың улануы: Тергеу туралы не белгілі?
Алматыдағы РФММ асханасы 60 күнге жабылды: Қызметкерлерден стафилококк анықталды