Алматыда қазан айында оқушылары жаппай ауырған Республикалдық физика-математика мектебінің асханасы 60 күнге жұмысын тоқтатты. Санитария мамандары ереже бұзушылықтарды анықтады, дегенмен оқиғаның себептерін тергеу әлі де жалғасуда. Сонымен қатар, балалардың сырқаттану мән-жайын құқық қорғау органдары анықтап жатыр, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Мектеп асханасынан қандай ереже бұзушылықтар табылды
Алматы қаласының Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті мамандары оқушылардың тамақтануы ұйымдастырылған РФММ асханасын тексергенін хабарлады.
Тексеру барысында өндірістік үй-жайлардың санитариялық жағдайы, технологиялық және тоңазытқыш жабдықтарының жарамдылығы, технологиялық процестер мен санитариялық талаптардың сақталуы бағаланды.
Тексеру нәтижесі бойынша санитариялық-эпидемиологиялық талаптардың бұзылғаны анықталды. Асханаға қатысты жедел әрекет ету шаралары қабылданды.
«Тергеу нәтижелері бойынша санитариялық-эпидемиологиялық талаптардың бұзылғаны анықталды. Осыған байланысты құзырет шегінде тиісті шаралар, соның ішінде жедел әрекет ету шаралары мен асхана қызметін 60 күнтізбелік күн мерзімге тоқтата тұру туралы қаулы шығарылды», – деп хабарлады департамент өкілдері BAQ.KZ ресми сауалына берген жауабында.
Санитариялық-эпидемиологиялық тергеу әлі аяқталған жоқ. Ол аяқталғаннан кейін материалдар заңнамада белгіленген тәртіппен тиісті құқық қорғау органдарына жіберіледі.
Тергеу туралы не белгілі?
Оқушылардың жаппай сырқаттану мән-жайын құқық қорғау органдары да зерттеп жатыр. Алматы қалалық прокуратурасы хабарлағандай, тергеуді Бостандық аудандық полиция басқармасы жанындағы полиция бөлімі жүргізуде.
«Қазіргі уақытта тергеу жалғасуда, ол бойынша қажетті тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр», – делінген прокуратура жауабында.
Қадағалау органы сотқа дейінгі тергеп-тексерудің егжей-тегжейлері Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес жария етуге жатпайтынын нақтылады.
Тергеу әрекеттерінің нәтижелері мен жауапқа тартылған тұлғалар туралы ақпарат әлі ұсынылған жоқ.
Не болды?
Еске сала кетейік, РФММ оқушыларының жаппай сырқаттануы қазан айында орын алған еді. 12 қазанда инфекциялық ауруханаға барлығы 58 бала түсті.
Бұған дейін ауырған оқушылардың білім беру мекемесінің интернатында тұрғаны хабарланған болатын. Медицина мамандары қарым-қатынаста болған адамдарды бақылауды ұйымдастырып, эпидемияға қарсы шаралар жүргізді.
Алматы қаласы Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, ауруханаға жатқызылған 58 оқушының барлығы емдеуді аяқтап, стационардан шығарылды.
Балалардың сауығып кеткеніне қарамастан, жаппай сырқаттанудың түпкілікті себептері әлі анықталған жоқ. Полицияның санитариялық-эпидемиологиялық тергеуі мен тергеу әрекеттері жалғасуда.
Еске салайық, 14 қазанда Алматыда оқушылар жаппай уланып, РФММ қызметі уақытша тоқтатылғаны белгілі болған еді. Қазанның 12-14 аралығында Республикалық физика-математика мектебінің 48 оқушысы жедел ішек инфекциясының белгілерімен Балалар қалалық клиникалық жұқпалы аурулар ауруханасына жатқызылған.
Артынша Денсаулық сақтау министрлігі бұл жағдайға байланысты байланысты мәлімдеме жасады. Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің мәліметінше мамандар «Master Food» ЖШС-нің тамақтану блогын тексеру барысында азық-түлік өнімдерін сақтау, дайын тағамдардың тәуліктік сынамаларын алу және тамақтануды ұйымдастыру талаптарының бұзылғанын анықтады. Бостандық аудандық Полиция басқармасы жанындағы полиция бөлімінде бұл жайтқа қатысты қылмыстық іс қозғалды.