Алматыдағы Республикалық физика-математика мектебінде (РФММ) оқушылардың жаппай сырқаттануына байланысты жүргізілген санитариялық-эпидемиологиялық тергеп-тексеру жалғасып жатыр. Зертханалық зерттеулер нәтижесінде тағам сынамаларының жекелеген түрлерінен микробтық ластану анықталып, дезинфекция талаптарының бұзылғаны белгілі болды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау органдарының мәліметінше, ас блогының төрт қызметкерінен Staphylococcus aureus бактериясын тасымалдаушылық анықталған. Осыған байланысты олар уақытша жұмыстан шеттетілді.
Тексеру қорытындысы бойынша әкімшілік құқық бұзушылық туралы екі хаттама толтырылған. «MasterFood» ЖШС-нің асханасы мен РФММ мектеп-интернатының қызметі 60 күнге тоқтатылды.
Қазіргі уақытта ауру өршуі оқшауланған. Ауруханаға жатқызылған 58 науқастың барлығы қанағаттанарлық жағдайда үйлеріне шығарылған. Медициналық бақылауда болған 961 байланыстағы адамның арасында аурудың жаңа жағдайлары тіркелмеген.
Сонымен қатар мектеп-интернатта, оқу корпусында және асханада қорытынды дезинфекция жүргізілген. Санитариялық-эпидемиологиялық тергеп-тексеру және заңнамада көзделген өзге де процестік шаралар жалғасып жатыр.
РФММ-де сабақ қашықтан өтеді
Республикалық физика-математика мектебінің әкімшілігі де жағдайға қатысты түсініктеме берді. Мектептің мәліметінше, қазір қажетті санитариялық-профилактикалық және дезинфекциялық шаралар жүргізіліп, анықталған кемшіліктерді жою жұмыстары қолға алынған.
Оқушылардың күзгі демалысы кезінде санитариялық-эпидемиологиялық тексеру жалғасады. Екінші тоқсанда сабақтар уақытша қашықтан оқыту форматында ұйымдастырылады.
Дәстүрлі оқу форматына оралу мәселесі барлық қажетті санитариялық-профилактикалық шаралар толық аяқталып, санитариялық талаптардың сақталуы қамтамасыз етілгеннен кейін қарастырылады, – деп хабарлады мектеп әкімшілігі.
Мектеп өкілдері осы мәселеге қатысты ақпарат алған кезде тек ресми дереккөздерге сүйенуді сұрады.
Не болды?
Еске сала кетейік, РФММ оқушыларының жаппай сырқаттануы қазан айында орын алған еді. 12 қазанда инфекциялық ауруханаға барлығы 58 бала түсті.
Бұған дейін ауырған оқушылардың білім беру мекемесінің интернатында тұрғаны хабарланған болатын. Медицина мамандары қарым-қатынаста болған адамдарды бақылауды ұйымдастырып, эпидемияға қарсы шаралар жүргізді.
Алматы қаласы Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, ауруханаға жатқызылған 58 оқушының барлығы емдеуді аяқтап, стационардан шығарылды.
Балалардың сауығып кеткеніне қарамастан, жаппай сырқаттанудың түпкілікті себептері әлі анықталған жоқ. Полицияның санитариялық-эпидемиологиялық тергеуі мен тергеу әрекеттері жалғасуда.
Еске салайық, 14 қазанда Алматыда оқушылар жаппай уланып, РФММ қызметі уақытша тоқтатылғаны белгілі болған еді. Қазанның 12-14 аралығында Республикалық физика-математика мектебінің 48 оқушысы жедел ішек инфекциясының белгілерімен Балалар қалалық клиникалық жұқпалы аурулар ауруханасына жатқызылған.
Артынша Денсаулық сақтау министрлігі бұл жағдайға байланысты байланысты мәлімдеме жасады. Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің мәліметінше мамандар «Master Food» ЖШС-нің тамақтану блогын тексеру барысында азық-түлік өнімдерін сақтау, дайын тағамдардың тәуліктік сынамаларын алу және тамақтануды ұйымдастыру талаптарының бұзылғанын анықтады. Бостандық аудандық Полиция басқармасы жанындағы полиция бөлімінде бұл жайтқа қатысты қылмыстық іс қозғалды.
Тағы оқи отырыңыз: Алматыдағы оқушылардың улануы: Тергеу туралы не белгілі?