Алматы қаласындағы Республикалық физика-математика мектебі оқушыларының арасында ішек инфекциясының 48 жағдайының тіркелуіне байланысты қылмыстық іс қозғалды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Полиция департаментінің мәліметінше, Бостандық аудандық Полиция басқармасы жанындағы полиция бөлімінде қылмыстық іс қозғалды.
Қазіргі уақытта жүргізіліп жатқан тергеу әрекеттері, оның ішінде санитариялық-эпидемиологиялық бақылау қызметінің тексеру қорытындысы негізінде оқиғаның барлық мән-жайы анықталып, тиісті процестік шешім қабылданады.
Еске салайық, бүгін Алматыда оқушылар жаппай уланып, РФММ қызметі уақытша тоқтатылғаны белгілі болған еді. Қазанның 12-14 аралығында Республикалық физика-математика мектебінің 48 оқушысы жедел ішек инфекциясының белгілерімен Балалар қалалық клиникалық жұқпалы аурулар ауруханасына жатқызылған.
Артынша Денсаулық сақтау министрлігі бұл жағдайға байланысты байланысты мәлімдеме жасады. Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің мәліметінше мамандар «Master Food» ЖШС-нің тамақтану блогын тексеру барысында азық-түлік өнімдерін сақтау, дайын тағамдардың тәуліктік сынамаларын алу және тамақтануды ұйымдастыру талаптарының бұзылғанын анықтады.