Ұлытаудағы құрылтайға - 1 жыл: Уәде мен меже

14 Тамыз 2023, 17:00
2750
Бөлісу:
Ұлытаудағы құрылтайға - 1 жыл: Уәде мен меже
Фото: Ақорда

Ұлытауда өткен Ұлттық құрылтайдың I отырысының өткеніне 1 жылдан асты. Сол кезде мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев біраз жоспар қойып, бірқатар міндеттер белгілеген еді. Сол кезден бері не өзгерді, қандай іс-шаралар орындалды және болашақ қандай болмақ? BAQ.KZ тілшісі осы және өзге де сұрақтарға жауап іздеп көрді.

Жаңа 3 облыс 

2022 жылғы 8 маусымда Қазақстанда 3 жаңа облыс пайда болды. Нақты айтсақ, біреуі қайта құрылып, екеуі басқа өңірден бөлініп шықты.

Өңір басшылары Ата заңның жаңа талаптарына сәйкес тағайындалды. Мәслихат депутаттары дауыс беріп, әкімді мен ұсынған азаматтардың ішінен таңдады. Конституциялық өзгерістер, осылайша, кезең-кезеңімен қолданыла бермек, - деген еді президент.

Осылайша еліміздің шығысы, орталығы және оңтүстігінде жаңа өңірлер пайда болып, ол жақта жаңа өмір басталды. Жақында 1 жылдығын тойлаған облыстардың әрқайсысына тоқтала кетейік.

Ұлытаудағы құрылтайға - 1 жыл: Уәде мен меже
Фото: Абай облысының әкімдігі

Абай облысы

8 маусымда 1 жылдығын тойлаған Абай облысы қарқынды дамып келеді. Өңір басшысы Нұрлан Ұранхаевтың айтуынша, осы уақыт аралығында экономикалық өсімнің оң қарқыны бар.

Қысқа мерзім ішінде құрылыс жаңданып, тұрғын-үйлер мен заманауи ғимараттар, әлеуметтік нысандар бой көтере бастады. Аймаққа инвестициялар тартылып, тың жобалар іске асуда. Жаңа жұмыс орындары мен бизнес субъектілері ашылып келеді. Бұның барлығы, еншісін алып, еңсесін тіктеген халғымыздың ортақ жеңісі мен жемісі! – дейді облыс әкімі.

Мәселен 2023 жылдың алғашқы 6 айында өңір кәсіпорындары 673,6 млрд теңгеге өнім өндірді. Негізгі үлесі – 56,3% тау-кен өнеркәсібі және кенорындарын қазуға тиесілі. Бұл салада 379,5 млрд. теңгеге, ал өңдеу өнеркәсібінде 269,2 млрд теңгеге өнім шығарылды.

Өңірде ауыл шаруашылығы белсенді дамып келеді. Бұл салада жалпы өнім көлемі 143,7 млрд теңгені құрады. Мал саны жылдан жылға артып келеді. Ірі қара мал саны 863,7 мың, ұсақ мал - 1 471, 3 мың, жылқы – 385,5 мың, құс – 1 477, 9 мың басты құрады.

Облыста егіс егу науқаны толығымен аяқталған. Оның көлемі жалпы 654,2 га ауданды құрады. Оның ішінде дәнді дақылдар – 297,3 мың га, майлы дақылдар – 306,2 мың га, картоп – 7,7 мың га, көкөністер – 3,6 мың га, бақша дақылдары – 2 мың га.

Абай облысында құрылыс белсенді қарқынмен жүргізілуде. Құрылыс жұмыстарының көлемі 63,1 млрд теңгені құрады. Жыл басынан бері 130,1 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілген.

Бірінші жартыжылдықта облыста 11 773 жұмыс орны құрылып, оның 7 242-сі тұрақты. Жұмыспен қамту органдарына жұмысқа орналасу үшін 12 282 адам жүгінген, оның ішінде 6 512 адам жұмысқа орналастырылды. Ақылы қоғамдық жұмыстарға – 3 074 адам жіберілді.

Ұлытаудағы құрылтайға - 1 жыл: Уәде мен меже
Фото: ulytau.invest.gov.kz

Ұлытау облысы

Құрылғанына 1 жылдан астам уақыт болған жаңа облыс қарқынды дамудың жолына түсті. Облыс басшысы Берік Әбдіғалиұлыдың айтуынша, өңір экономикасы 6%-ға өскен.

Ал биылғы 5 айда әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіші бойынша Ұлытау облысы 20 облыстың ішінде 7-ші орынға тұрақтады. Өңірдің жалпы экономикасы 60%-ға өсті. ЖӨӨ 1,4 есе ұлғайып, 1,7 трлн теңге болған.

Былтыр облыстың дамуына байланысты 2026 жылға дейінгі кешенді жоспар қабылданды. Жоспар аясында 1,4 трлн теңге көлемінде әртүрлі көзден инвестициялар тарту жоспарланған.

Бүгінгі таңда кешенді жоспар бойынша 85 млрд теңгеден астам қаржы салынды. 5 млрд теңге болатын 6 жоба іске қосылып, 430 жаңа жұмыс орны құрылды, – деді әкім.

Кешенді жоспардағы негізгі басым бағыт – өңір экономикасын әртараптандыру. 2026 жылға дейін жалпы сомасы шамамен 140 млрд теңге тұратын 14 инвестициялық жобадан тұратын пул қалыптастырылды.

Өңір экономикасының негізгі көрсеткіші – ет өндіру. Біз қазір көптеген беріліп жатқан несиелерді ірі қара, қой басын көбейтуге және өңдеуге, ет комбинаттарына басқа өнімдер шығаруға бөліп жатырмыз, – деп нақтылады Берік Әбдіғалиұлы.

Облыста жалпы 6 арендалық және 4 кредиттік, 17 коммерциялық үй салына бастады. Үй кезегінде тұрған әлеуметтік топтар үшін 998 млн теңгеге 100-ден астам пәтер салынады. Кезекте облыс бойынша 7 мың азамат тұр.

Ұлытаудағы құрылтайға - 1 жыл: Уәде мен меже
Фото: Жетісу облысының әкімдігі

Жетісу облысы

Биылғы 1 сәуіріндегі жағдай бойынша жаңа Жетісу облысында 698,8 мың адам тұрады, оның 388,3 мыңы ауылдық жерде қоныстанған. Биылғы жылы облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуындағы қол жеткізілген қарқынды сақтау үшін барлық шаралар қабылданатын болады.

Жалпы өңірлік өнімнің өсімі 2,1% деңгейінде жоспарлануда, өнеркәсіп көлемі 2,5%-ға ұлғая отырып, 330 млрд теңгеге жетті. Себебі Ақсу қант зауыты мен Текелі тау-кен байыту комбинаты сияқты тоқтап тұрған кәсіпорындар жаңғырып, қайта іске қосылып жатыр.

Облыс құрылған күннен бері 39 960 адам жұмысқа орналастырылды. Сондай-ақ өңірде 764 білім беру ұйымы бар екенін айта кетейік. Оның ішінде 205 балабақша (мемлекеттік – 91, жекеменшік – 114) , 191 шағын орталықтар, 342 күндізгі жалпы білім беретін мектептер және 26 колледж жұмыс істейді.

Өңір басшысы Бейбіт Исабаевтың айтуынша, былтыр 295 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Биыл 322 мың шаршы метр тұрғын үйді пайдалануға беру жоспарланған, оның ішінде 165 мың шаршы метр немесе 50%-ы – бюджет есебінен. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 8 есе көп.

Жалпы, жыл соңына дейін 2975 пәтер бөлінеді, оның 1917-сі - Талдықорғанда. Сонымен қатар апатты тұрғын үй мәселесі кезең-кезеңімен шешілуде. Биыл 232 пәтер сатып алуға 2,8 млрд теңге қарастырылған. Текелі және Сарыөзек қалаларында әрқайсысы 60 пәтерден тұратын екі тұрғын үй салынуда. Осылайша, келесі жылы апатты тұрғын үй мәселесі толығымен шешілетін болады, - деді әкім.

Бүгінде облыстың 2026 жылға дейінгі инвестициялық портфелінде 7 мың жұмыс орны құрумен құны 1,6 трлн. теңге болатын 146 жоба бар. Соның ішінде өнеркәсіпте облыстың аудандары мен қалаларында 45 серпінді инвестициялық жоба және «Қорғас – Шығыс қақпасы» АЭА аумағында 30 жоба іске асырылатын болады.

Туризм саласында Туристік картаға енгізілген аумақтарда: Алакөл, Балқаш көлдерінің жағалауында, «Алтын-Емел», «Жоңғар-Алатау» мемлекеттік ұлттық табиғи парктерінде және Жоңғар Алатауының етегінде орналасқан Текелі қаласында жобаларды іске асыру жоспарлануда.

«Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» Ұлттық жобасы аясында 2025 жылға дейін 59 нысан салу жоспарлануда, оның ішінде 15 дәрігерлік амбулатория, 39 фельдшерлік-акушерлік және 5 медициналық пункт бар.

Білім беру саласында оқушылар орнының тапшылығын жою және бейімделген мектептердің санын қысқарту мақсатында 21 жаңа мектеп, оның ішінде «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 8700 орындық 10 мектеп салу жоспарлануда. Оның ішінде 1800 орындық 2 мектептің құрылысы 2023 жылы басталады.

Ұлытаудағы құрылтайға - 1 жыл: Уәде мен меже

Қайта жаңғырған Республика күні

Еске салайық, 2009 жылға дейін Республика күні 25 қазанда Қазақ КСР-ның мемлекеттік егемендігі туралы Декларация қабылданған күн ретінде тойланып, демалыс күні болатын. Кейіннен ол мереке мемлекеттік мерекелер қатарынан шығып қалған еді.

Алайда биыл Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайда Республика күніне ұлттық мереке статусын қайтаруды ұсынды. Яғни былтырдан бастап бұл мереке қайта жанданады.

Елдің тарихи жадын жаңғырту үшін үйлесімді саясаттың болуы ерекше маңызды. Осы орайда, біз ел дамуының жаңа басымдықтарын белгілеп алуымыз керек. Ұлттық мерекелер мен атаулы күндер тізбесіне бірқатар өзгеріс енгізген жөн. Мен Республика күніне ұлттық мереке мәртебесін қайтаруды ұсынамын. Сондықтан, қазанның жиырма бесі күні жыл сайын Егемендік күнін еліміздің басты мерекесі ретінде атап өтуіміз керек. Республика күні елдің мемлекет құру жолындағы тарихи қадамының символы болуы керек. Әрине, Тәуелсіздік күнінің бастапқы мәні сақталады. Бұл күн мемлекеттік мереке болып қала береді. Бірақ, тәуелсіздік алуға зор үлес қосқан ұлттық батырларымызға тағзым күні ретінде атап өтілуі керек, - деген еді сол кезде президент.

Қазақстан халқы бұл мерекені көп қошеметпен қарсы алды. Оны біздің ақпарат агенттігі жүргізген сауалнамадан да көруге болады. Жалпы ел болсын, шетел болсын қазақстандықтар мейрамды кең ауқымда тойлады.

Мәселен парашютист Олег Тощев Іле Алатауының аспанында Қазақстанның ең үлкен туын жайып, Қазақстанның Гиннес рекордтары кітабына енді. Ал Ыстанбұл, Бурса, Измир және Сакарья сияқты қалаларда тұратын белсенді азаматтарымыз бен оқитын студенттеріміз арнайы әзірленген және безендірілген кемеде бас қосты.

Тарихшы Аққали Ахметтің айтуынша, жастар санасына осынау айтулы датаның маңыздылығын сіңірсек, ұтылмаймыз.

Академик Салық Зиманов декларацияны қабылдау ел өміріндегі ерекше күн екенін, тәуелсіз елдің алғашқы баспалдағы болатынын көре білді деп айтуға болады. Оған көптеген сауал қойылды. Зиманов оның барлығына тиянақты нақты жауап беріп, егемендік туралы декларацияны қорғап шыққан. Сол жылдардағы депутаттардың белсенділігі, болашақ жолында аянбай еңбек еткені сөзсіз. Декларация кіріспесінде қазақ ұлттық, қазақ халқы деген сөзіне таласпақ болып, алып тастамақ болғандар кездескен. Бірақ депутаттар дәл сол нұсқаның дұрыстығын қолдаған, - деп сұхбат берді тарихшы Аққали Ахмет.

Ұлытаудағы құрылтайға - 1 жыл: Уәде мен меже
Фото: Үкімет

Жаңа әкімдер мен министрлер

Алғашқы құрылтай барысында мемлекет басшысы кадр саясатына тоқталған еді.

Әділетті Қазақстанды құру кадрлардың орнын ауыстыра беру деген сөз емес. Өз ісін жетік білетін кәсіби мамандар, отаншыл азаматтар қашанда бағалы. Әлеуметтік желіде «ескі кадрмен Жаңа Қазақстанды қалай құруға болады?» дейтіндер бар. Бұл – орынды сұрақ. Бірақ негізінен кадрларды біртіндеп ауыстыру керек. Жалпы мемлекеттік қызметшілерді қолынан түк келмейді деп кемсітуді доғару керек. Тіпті, оларды «Халық жаулары» сияқты көретіндер де бар. «Шенеунік» деген сөз жағымсыз ұғымға айналып барады. Бұл – дұрыс емес. Мемлекеттік қызметте адал әрі білікті кадрлар өте көп. Олар Отанымыздың игілігі жолында тынбай еңбек етіп жүр. Бірақ, өкінішке қарай, «Бір қарын майды бір құмалақ шірітеді» деген де бар. Ондай адамдармен біз бірден қоштасып жатырмыз. Болашақта да солай болады, - деген еді.

Сол кезден бері ел Үкіметіндегі 19 министрдің жартысынан көбі ауысты. Тіпті Тәуелсіздік құрдастары саналатын жас буын өкілдері келді.

Бұдан бөлек жаңа құрылған облыстарды және тағайындауларды ескерсек, облыс пен қала деңгейіндегі әкімдер де жаңарды.

Осы тұста 2 жыл бұрын елімізде тұңғыш рет аудандық маңызы бар қалалардың, ауылдардың, кенттер мен ауылдық округ әкімдерін сайлау өткенін де айта кетейік. Биыл шілде-тамыз айларында еліміз бойынша жүздеген елді мекенде әкімдерді сайлау өтті.

Ұлытаудағы құрылтайға - 1 жыл: Уәде мен меже
Фото: Ақорда

Қазақ мемлекеті аман тұрғанда, қазақ тілі жасай береді - Тоқаев

Мемлекеттік тіл мәртебесін көтеру – қашан да өзекті мәселелердің бірі. Ұлттық құрылтай барысында президент қазақ тілінің мәртебесін баса айтқан болатын.

Мемлекеттік рәміздерімізге, ана тілімізге деген құрмет әрқашан жоғары болуға тиіс. Қазақ тіліне қатысты алаңдаушылық елдегі жағдайды дұрыс түсінбегеннен туындап отыр. Шын мәнінде, бұрынғы ахуал мен қазіргі кезеңді мүлде салыстыруға келмейді. Мемлекеттік тілдің тұғыры күн өткен сайын нығайып келеді. Оған қоса, әлемнің басты ақпарат құралдары қазақша шығып жатыр, - деді сол кезде Тоқаев.

Мәселен қазір IT саласының мамандары қазақ тілін үйренуге пайдасы тиетін қазақ сөздігін іске қосты. Ал А. Байтұрсынов атындағы Тіл білімі институты қазақ тілінің ұлттық корпусын жасап жатыр.

Сондай-ақ Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектің айтуынша, «Coursera қазақ тілінде» жобасы аясында жұмыс басталды.

Қазір елімізде қазақша еркін сөйлейтін Вероника Фонова сияқты жастар көбейіп келеді. Мәселен оның қазақ тілін үйреніп жүргеніне 9 ай болды. Оның айтуынша, жаңа тілді үйрену оңай емес, бірақ ешқашан кеш болмайды. Ал 22 жасар Венгрия азаматшасы Богларка Фехер қазақ тілі мен қобызды үйрену үшін арнайы Қазақстанға келген.

Қазақ мемлекеті аман тұрғанда, қазақ тілі жасай береді. Бұған ешқандай күмән болмауы керек. Біздің елде ұлтына, тіліне бола ешбір азаматтың құқы шектелмеуге тиіс. Әйтпесе, қоғамда жанжал тууы мүмкін. Ел ішіне іріткі түскенін қалайтындар осыны тілеп отыр. Сондықтан, тіл мәселесі бойынша бәріміз ұстамдылық танытуымыз керек деп ойлаймын, - деп нақты айтты мемлекет басшысы.

Ұлытаудағы құрылтайға - 1 жыл: Уәде мен меже
Фото: Ақорда

Сөз соңында

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайдың алғашқы отырысын мазмұнды болғанын айтты. Оның айтуынша, халықтың көкейінде жүрген көптеген келелі мәселелер айтылып, тың ойлар ортаға салынды.

Ұлттық құрылтайдың шақырылуы – ел өміріндегі елеулі оқиға. Құрылтайдың басты мақсаты – жаңа идеялар мен жасампаз қадамдар арқылы ұлт бірлігін нығайту. Құрылтай – белгілі бір адамдар ғана бас қосатын жер емес. Ол, шын мәнінде, жалпыұлттық жиынға айналуы керек. Бұл – өте маңызды міндет, - деп бекер айтпаса керек.

Осынау келелі жиында айтылған идеялар мен міндеттердың орындалуы әрдайым халық назарында болады. Сол себепті біз халқымыздың құрылтай сияқты ата дәстүр тарихына тоқталып, еліміз үшін маңызды да іргелі іс-шара туралы жан-жақты тоқталып өткен едік.

Өзгелердің жаңалығы