Парашютист Қазақстанның ең үлкен туын көкте қалықтатып рекорд орнатты

22 Қазан 2022, 15:44
5460
Бөлісу:
Парашютист Қазақстанның ең үлкен туын көкте қалықтатып рекорд орнатты
Фото: Фото: Ізтұрған Алдауев

Парашютист Олег Тощев Республика күніне орай Іле Алатауының аспанында Қазақстанның ең үлкен туын жайып, Қазақстанның Гиннес рекордтары кітабына енді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Ту елордадағы тудан екі есе үлкен. Тудың өлшемі – 800 шаршы метр, ені 40 метр болса, ұзындығы – 20 метр. Тәжірибелі парашютист 2500 метр биікте Қазақстан байрағын жайды.

Күтпеген жағдайлар болмау үшін ең алдымен қауіпсіздікті ойлаймын. Парашютті міндетті түрде тексердік. Айтарлықтай қиындық жоқ. Бұған дейін 190 келі жүкпен жерге түскенмін. Ал мұнда жүктің жалпы салмағы 80-90 келіге жуықтайды. Ұшу сипаттамасын, туды шығару бағытын, биіктіктегі жел қарқынын, жылдамдығын анықтап алдық. Өзім 12 жылда 5800 рет парашютпен секіргенмін, – деді парашютист Олег Тощев.

Парашютист Қазақстанның ең үлкен туын көкте қалықтатып рекорд орнатты
Фото: Ізтұрған Алдауев

"Ашық Аспан" акциясы Алматы облысы Талғар ауданы Еркін ауылы маңында Байсерке аэродромында Республика күніне орай өткізілді.

"Мемлекеттік рәмізіміздің бірі ту – бізді біріктіретін Тәуелсіздігіміздің нышаны. Акция мақсаты – ту мен елге деген құрметті көрсетіп, патриоттық сезімді нығайту. Тәжірибесі көп парашютист Олег Тощев жақсы орындап шықты. Бұл іс-шараға ұзақ уақыт дайындалдық. Қазақстанның көк байрағын көкте қалықтатып, жастарымыз бен балаларымызға дәріптегіміз келді, – деді ұйымдастырушылар командасының өкілі Тілек Қаналин.

Парашютист Қазақстанның ең үлкен туын көкте қалықтатып рекорд орнатты
Фото: Ізтұрған Алдауев

Арнайы сөмкеге салынған жалауды парашютист алып шығып, көкте әдемілеп жаю керек болды. 

"Ашық Аспан" акциясының мақсаты – Қазақстанның ең үлкен мемлекеттік туын парашютист көмегімен биікте қалықтату. Қатты материалдан жасалғандықтан жалаудың салмағы ауыр. Мұны аспанда орындау өте қауіпті, неге десеңіз жоғары биіктіктегі жел бізге байқалмайды. Жүз метрден жоғары көтерілгеннен кейін аспанда неше түрлі ауа құбылыстары болады. Сондықтан жылы күннен бұрын, желсіз кұнде өткізу қажет болды. Бұл акция мемлекетімізге деген сүйіспеншілігімізді білдіреді. Тудың өзі аспан түстес, көк түсті. Бұл акция басқа мемлекеттерге еліміздің қандай ел екенін, халықаралық және дипломатиялық қағидаларды сақтайтынымызды, бейбітшілікке үндейтінімізді көрсетеді.  Мен осы сәтті көзіммен көріп, елімнің ынтымағы мен асқақтығының рухын сезіну бақытына ие болдым, - дейді Қазақстан рекордтар кітабының ресми өкілі Қуандық Құдайбергенов.

Парашютист Қазақстанның ең үлкен туын көкте қалықтатып рекорд орнатты
Фото: Ізтұрған Алдауев

Науқанды кәсіпкер Жомарт Қияс бастаған белсенді топ ұйымдастырды. Олардың бастамасын түрлі сала өкілдері, Қазақстан азаматтары қолдады. Жомарт Қиястың айтуынша, бұл науқанның мақсаты – барша қазақстандықтың патриоттық рухын көтеріп, нығайту, сонымен бірге ұлтына, дүниетанымына қарамастан бірі біріне төзімділік танытуды дәріптеу болатын. 

Көптеген адам үшін қазір тап Қазақстан тыныштық пен бейбітшіліктің тұғыры болып тұр. Мұны барлық халықаралық қауымдастық өкілдері растайды. Ең үлкен байрақтың аспанда қалықтауында терең мән бар, ол ашық аспан астындағы еліміздегі барлық халықтардың ынтымағын білдіреді, - деді меценат.

Шараның ұраны болған «Ашық Аспан» деген сөзде тұтастық, қазақстандықтардың бейбіт аспаны деген мән жатыр. 

Өзгелердің жаңалығы