Ұлттық құрылтай: Кеше, бүгін және ертең

17 Шілде 2023, 19:33
8362
Бөлісу:
Ұлттық құрылтай: Кеше, бүгін және ертең
Фото: BAQ.KZ

Ел тарихында қайта жаңғырып, қолға алынған Ұлттық құрылтайдың Ұлытаудағы алғашқы отырысына биыл 1 жылдан асты. Ал Түркістанда ұйымдастырылған екінші жиынның өткеніне бүгін 1 ай болды. Осы орайда BAQ.KZ тілшісі халқымыздың құрылтай сияқты ата дәстүрінің тарихына тоқталып, еліміз үшін маңызды да іргелі іс-шараға жан-жақты тоқталып өтуді жөн көрді.

Құрылтай тарихы

Құрылтай – түркі-моңғол ақсүйектерінің ресми кеңесі. «Құрылтай» сөзінің түпкі мағынасы құралу, жиналу, түгелдену дегенге келеді. Түркілерде, кейін Шыңғыс хан империясында Құрылтай үлкен рөл атқарған. Құрылтайдың тарихы арғы дәуірлерге кеткенімен, нақты көрініс тапқаны – Ұлы Монғол ұлысы немесе Шыңғыс хан империясы құрылғаннан бергі кезең болып саналады. Құрылтай – дәрежесіне қарай кіші және ұлы құрылтай болып бөлінген.

Құрылтайға хандықтың билік өкілдері қатысумен қатар, хан сайлау құрылтайына хан мен оның ханымдары, ұлдары, туыс-туғандары қатысатын болған. Әскери істер, қызметке тағайындау, келісім-шарттар жасау, ішкі-сыртқы шаруалар т.б. құрылтайда күн тәртібіне қойылып, шешіліп отырған.

Сонымен қатар ханды таққа ұсыну, ханға кеңес беру, мемлекттік биік лауазымдық билікті бейсауат әлдекімнің заңсыз иеленіп кетуінен сақтандыру, жаңадан сайланатын хан билігінің заңдық негіздемесін бекіту қатарлы мәселелер – құрылтайдың маңызын арттырып отырған.

1259 жылы Мөңке ханның өлімінен кейін жалпы моңғолдық, яғни ұлы Құрылтай шақырылмайтын болды. Ал XV-XVIII ғасырларда түркі мемлекеттерінде, соның ішінде Қазақ хандығында аса маңызды мәселелерді шешу үшін Құрылтай шақырылған.

Мәселен 1710 жылы үш жүз өкiлдерiнiң жоңғар басқыншылығына қарсы күрес ұйымдастыру үшiн Қарақұм құрылтайы шақырылған еді. Ол Арал теңiзiнiң солтүстiгiндегi Қарақұм алқабында өттi. Бұл бас қосуға ықпал жасаған Тәуке хан болды. Ол қазақ жасақтары мен қазақ руларын басқаруды құрылымдық тұрғыдан қайта ұйымдастырудың жоспарын ұсынды.

Сондай-ақ ел тарихында 1726 жылғы Ордабасы құрылтайы да ерекше орынға ие. Ол кезде қазақтың үш жүзі өкілдерінің Бадам өзені бойы Ордабасы тауындағы тарихи бас қосады. Бұл XVIII ғасырдың басында қазақ жеріне баса-көктей кіріп, бейбіт елді қырып-жойып, қасіретті «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» апатына душар еткен жоңғар басқыншылығына қарсы күрес ұйымдастыруға арналған халық құрылтай еді.

Орынбордағы бірінші қазақ құрылтайында Алаш партиясы құрылып, Екінші құрылтайда Алаш автономиясы жарияланғанын да еске сала кетейік.

Құрылтайдың жөні бір бөлек...

Осындай тарихы терең құрылтай дәстүрі қазіргі кезде де жалғасын тауып жатыр. Мәселен Қазақтардың Дүниежүзілік құрылтайы. Оның алғашқы отырысы 1992 жылы Алматыда өтті. Құрылтайға алыс және жақын шет мемлекеттерден, соның ішінде Түркия, Германия, Франция, Норвегия, Моңғолия, Қытай, Аустрия және басқа 33 елдерден 800-ден астам өкіл қатысты. Содан бері елімізде шетелдегі қандастардың басын қосқан осындай 5 жиын ұйымдастырылды.

Бұдан бөлек алыстағы ағайынның алқалы жиындары да Кіші құрылтай аясында өтіп тұрады. Мысалы осыған дейін әлем қазақтары Германия, Түркия, Моңғолия сияқты елдерде жиналды. Стамбұлдағы Кіші құрылтай жұмысына Түркия және Еуропадағы қазақ диаспорасының өкілдері қатысты.

Сондай-ақ жақында ғана Моңғолиядағы қазақтарының IV кіші Құрылтайы өткенін айта кетейік. Ұлан-Батырдан бастау алған Моңғолия қазақтарының кездесуі Баян-Өлгийлегі негізгі жиын – кіші Құрылтайға ұласты. Құрылтай қатысушылары арасында Қазақстаннан келген дипломатия ардагерлері, зиялы қауым өкілдері, қоғам қайраткерлері мен Түркия және Ресейден келген қандастар да болды.

Бұдан бөлек құрылтай түркі халықтарының деңгейінде де өтіп тұрады. Мысалы Мажарстанда түркі халықтарының үлкен құрылтайы өтті. Іс-шарада түркітілдес мемлекеттердің өкілдері бас қосып, ортақ мәдени-рухани құндылықтарды талқылады. Бұл бауырлас халықтардың бір-бірін жете тану мен ортақ қасиеттерді айшықтауға бағытталды.

Ұлытаудағы Ұлттық құрылтай

Құрылтай шақыру – ертеден келе жатқан ата дәстүріміз екенін жақсы білесіздер. Бабаларымыз маңызды мәселелерді осындай алқалы жиында талқылаған. Халық өзара ақылдаса отырып, бір тоқтамға келген. Мұндай шешімдер бүкіл елді біріктірген. «Кеңесшіл ел кемдік көрмейді» деген нақыл сөз содан қалса керек. Біз бабалар жолын ұстанып, Құрылтай шақыру дәстүрін жаңғырттық. Елдігімізді нығайтып, бірлігімізді бекемдейік деп, бүгін бас қосып отырмыз. Ұлттық құрылтайдың бірінші отырысын Ұлытауда өткізуге ұйғарым жасалды. Ұлық ұлыстың бастауында тұрған Жошы хан кесенесінің іргесіне ақ шатыр орнаттық. Мұның зор символдық мәні бар. Елдің бірлігі, ұлттың тұтастығы дегеніміз – осы, - деп жариялаған еді мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев.

Осыдан 1 жыл бұрын өткен Ұлттық құрылтайдың алғашқы отырысы мазмұнды болып, халықтың көкейінде жүрген көптеген келелі мәселелер айтылды. Тың ойлар ортаға салынды. Енді соларды тізбектеп, еске салып өтсек.

Біріншіден, президент жалпыұлттық бірлікті нығайту туралы айтты.

Біз демократия дәстүрі жетілген, мықты азаматтық қоғам құрамыз. Бұл – стратегиялық бағытымыз. Осы бағдарды берік ұстануымыз керек. Соңғы 3 жылда бұл салада біраз нәтижеге жеттік. Билік пен халық арасында мазмұнды диалог орнаттық. Бұған Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі зор септігін тигізгенін атап өткім келеді. Сол арқылы бірқатар озық идеялар ұсынылды. Митингілер туралы демократиялық заң шықты. Партиялық сайлау тізіміне әйелдер мен жастар үшін отыз пайыздық квота енгізілді. Қоғамдық кеңестердің жұмысы жандана түсті. Саяси жаңғыру бағдарламасы арқылы оң бастамалар лайықты жалғасын табары сөзсіз. Елімізде әлі шешімін таппаған түйткілдер көп. Оған көз жұма қарау қоғамда әділетсіздік жойылмайды деген теріс ой туғызып, әлеуметтік депрессияға әкеп соқтырады. Біз бар күш-жігерімізді салып, осы мәселені шешуіміз керек. Мемлекет пен халық мүддесін бәрінен биік қойғанда ғана, мақсатымызға жетеміз, - деді Тоқаев.

Екіншіден, ол реформалардың мән-маңызын халыққа түсіндіру бойынша жұмыстарға тоқталды.

Реформаны жүзеге асыру барысын елге ұдайы түсіндіріп отыруымыз керек. Қазірдің өзінде жаңғыру үдерісі біртіндеп жалпыұлттық сипатқа ие бола бастады. Шын мәнінде, жаңғырудың әсерін әрбір азаматымыз сезінуі қажет. Елдегі өзгеріске әркім өз ісіндей қараса, шын мәнінде, жаңару жолына түсеміз. Мұны еліміздің әрбір азаматы терең түсінгені жөн. Қазір – интернет дәуірі. Жастар өзіне қажет мәліметті ғаламтордан алады. Дәстүрлі ақпарат құралдарымен қатар, әлеуметтік желіге баса мән беру қажет. Жаңғырудың маңызын ұрпақ санасына сіңіру үшін жаңа тәсілдерді қолдану керек. Жалпы, түсіндіру жұмысы кезінде жастарға айрықша назар аударған жөн. Өйткені, бүгінгі реформалардың игілігін ертең солар көреді. Біз не істесек те бәрін ұрпақ үшін істеп жатырмыз, - деп нақтылады ол.

Оның айтуынша, үшінші мәселе – жаңа технологиялар арқылы халықты ауқымды реформаларға қатыстыру.

Құрылтайға қанша адам кірсе де, қоғамды толық қамти алмайды деген пікір айтылып жүр. Бірақ, Құрылтай мүшелерін көбейте берсек, одан пайда болмайды. Бұдан жұмыстың берекесі қашып, ұйымдастыру ісі қиындап кетуі мүмкін. Құрылтай – белгілі бір адамдар ғана бас қосатын жер емес. Ол, шын мәнінде, жалпыұлттық жиынға айналуы керек. Бұл – өте маңызды міндет. Мен Qurultay деген арнайы мобильді қосымша әзірлеуді ұсынамын. Сол арқылы халық елді жаңғырту туралы ой-пікірін онлайн режимде айта алады, - деп түйіндеді мемлекет басшысы.

Түркістандағы Ұлттық құрылтай

Ал осыдан 1 ай бұрын киелі Түркістанда Ұлттық құрылтайдың екінші отырысы өтті. Көтерілген мәселелер ауқымы кеңейіп, бір жылға жұмысқа қорытынды шығарылды. Сонымен қатар болашақта шешілуі тиіс мәселелер айтылды. 

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Ұлттық құрылтай бұл – арқаны кеңге салып отыратын жиын емес. Сән-салтанатпен өткізетін той да емес. Бабаларымыз маңызды шешім қабылдар кезде немесе елге қатер төнген сын сағатта құрылтай шақырған» деп сөз бастауы да бекер емес еді.

Осыдан кейін ол ұлттық бірегейлігімізді нығайтып, еліміздің жаңа құндылықтарын орнықтыру үшін жүйелі жұмыстың нақты 8 бағытына тоқталды.

БІРІНШІ. Мемлекеттік нышандарды жетілдіру.

Қазір кез келген елдің ықпалды болуына ұлттық брендтің әсері мол. Сондықтан оның танымалдығын арттыра түсу керек. Ол үшін бірыңғай дизайн-кодты, ортақ стандартты сақтау өте маңызды. Нышандарымыз бірегей ұлттық кодымызды нақты әрі айқын көрсетуі керек. Алдымен аймақтардың және қалалардың таңбасын бірыңғай үлгіге келтіру керек деп санаймын. Қазір олардың көбінің мазмұны және пішіні әркелкі. Соған байланысты қоғамда жиі сын да айтылады. Бұл салаға мұқият талдау жасап, ортақ ұстанымдар әзірлеу қажет, - деп тапсырма берді президент.

Ол мемлекеттік наградалар мәселесіне жеке тоқталды.

Бұл саланың қалыптасқан өзіндік дәстүрі бар. Елімізде күнделікті қажырлы еңбегімен мемлекетімізді өркендетуге және азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге мол үлес қосып жүрген жандар аз емес. Олардың қатарында мұғалім, дәрігер, ғалым, кәсіпкер, тәртіп сақшысы, әскери қызметші, құтқарушы және басқа да мамандық иелері бар. Қоғамға үлгі болатын осындай жасампаз әрі отаншыл жандарды мемлекет әрдайым қолдауға тиіс. Мен өзім бұл мәселеге айрықша мән беремін. Сол себепті әрбір орден-медальдің терең мағыналы әрі ерекше болуы, жұрт көңілінен шығатындай болуы өте маңызды. Сол үшін мемлекеттік марапаттар жүйесін халықтың жанына жақын әрі түсінікті етіп жасау қажет, - деді ол.

Сонымен қатар «Ел бірлігі» атты жаңа мемлекеттік награда әзірленетін болды. Алдағы Республика күнінде бұл марапат алғаш рет тапсырылады. Ал келесі жылғы Республика күнінде тарихи тұлғалардың атымен аталған ордендер табысталады.

ЕКІНШІ. Ұлтымыздың тарихи сана-сезімін жаңғырту.

Қазақстанның академиялық үлгідегі жаңа тарихын жазу туралы бастама көтердім. Бұл жұмысқа еліміздің және шетелдің бір топ ғалымдары жұмыла кірісті. Ежелгі заманнан бүгінге дейінгі аралықты қамтитын жеті томдық жинақты әзірлеу үшін біраз шаруа атқарылды. Жиналған материалға енді стилистикалық және ғылыми редакция жасалуы керек. Сондай-ақ жинақты бірыңғай үлгіде безендірген жөн. Еңбекте осыған дейін жіберілген тұжырымдамалық қателіктер мен кемшіліктер қайталанбауы қажет. Оған соңғы кезде ашылған тарихи жаңалықтар түгел енгізілуі керек. Қарама-қайшы мәліметтер болмауға тиіс. Қазақстан аумағында өткен тарихи оқиғалардың әлемдік үдерістермен тығыз байланыста сипатталуы маңызды. Бір сөзбен айтсақ, жеті томдық еңбекте еліміздің шынайы шежіресі толығымен жазылуы қажет. Көптомдықтың тілі – жеңіл, мәтіні – кез келген жастағы оқырманға түсінікті болуы керек. Бұл – аса маңызды мәселе, - деп бастама көтерді президент.

Бұдан бөлек Алматыдағы Археология институтын жаңғыртып, оның жұмысына тың серпін беру үшін оған барынша жағдай жасалады. Сондай-ақ төл тарихымызда ерекше орны бар тұлғалардың бірыңғай тізімі әзірленеді.

Ономастика саласы тарихи сана-сезімді жаңғыртудың маңызды идеологиялық құралы екені белгілі. Кейбір адамдардың қалауымен жалған өмірбаяны әдейі қолдан жазылған Кеңес дәуірінің қайраткерлері бар. Ондай жасанды тұлғалардың есімін түрлі нысандарға беруді доғару қажет. Жалпы ономастика саласын тәртіпке келтірген жөн. Бұл шаруа кешенді және дәйекті түрде бір орталықтан атқарылуға тиіс. Ономастика бұл – ата-бабаларымызға байланысты я белгілі тұлғалардың туысқандарының ісі емес. Бұл – мемлекеттің шаруасы. Осы саладағы барлық рәсімдерді іс жүзінде реттеу маңызды. Онда аймақтардың ерекшелігімен қатар, жалпыұлттық басымдықтар да ескерілуі керек, - деп тапсырма берді Тоқаев.

ҮШІНШІ. Мәдени мұраны жан-жақты дәріптеу.

Елімізді жаңғырту үшін «жұмсақ күштің» мүмкіндіктерін тиімді пайдаланған жөн. Сыртқы істер министрлігі жанындағы «КazAID» халықаралық даму агенттігі осы жұмысқа ұйытқы болуға тиіс. Көптеген мемлекетте мұндай ұйымдар ұлттық брендті, тарихты және мәдениетті насихаттайды. Сол арқылы мемлекеттің жағымды имиджін қалыптастыруға ықпал етеді. Сыртқы саяси бастамаларды жүзеге асыруға қолайлы жағдай жасайды. Кәсіпкерлердің әлемдегі беделін арттыруға көмектеседі, - деп атап өтті Тоқаев.

Оның айтуынша, Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне ұлттық мәдени-тарихи ескерткіш мәртебесі берілетін болды. Ал ғұламаның еңбектерін жан-жақты зерттеп, дәріптеу үшін «Ясауитану» ғылыми орталығын немесе институтын құру мәселесін ойластыруға болады.

ТӨРТІНШІ. Өскелең ұрпақтың тәрбиесі.

Оқушылар театрға, мұражайға және тарихи орындарға жиі барып, рухани жағынан дамуы қажет. Біз еңбек адамының мәртебесін көтеруге баса мән береміз. Елімізде түрлі саланың кәсіби мерекесі бар. Көбінесе мұндай мейрамдар назардан тыс қалып жатады. Менің ойымша, «Еңбек күніне» орай ең үздік мамандарды мемлекеттік деңгейде ұлықтаған жөн. Бұл қадам қоғамда еңбек культін орнықтыруға жол ашады, - деді мемлекет басшысы.

Оның айтуынша, нашақорлық – ұлт саулығына зор қауіп төндіретін кесел.

Есірткі жастардың жанын да, тәнін де улап жатыр. Біз есірткіні қолданудың, дайындаудың және таратудың жолын кесіп, тамырына балта шабуға тиіспіз. Әйтпесе, бүкіл еліміздің болашағы бұлыңғыр болады. Бұл мәселе мені қатты алаңдатады. Химиялық есірткілер нарықта кең ауқымда сатылуда. Криминалдық топтар жастарды осындай заңсыз әрекеттерге тартып жатыр. Елімізде 2016 жылдан бері есірткімен күрес жұмыстарын реттейтін арнаулы құжат болған жоқ. Сондықтан былтырғы Жолдауымда кешенді жоспар әзірлеуді тапсырдым. Үкімет таяу күндері осы мәселе бойынша арнайы жоспарды қабылдайды. Бұл – өте маңызды құжат. Осы құжаттың аясында жан-жақты жұмыс атқарылады, - деп сендірді ол.

БЕСІНШІ. Ақпарат саясатының тиімділігін арттыру, креативті индустрияны дамыту.

Президенттің айтуынша, креативті индустрияны жаңа деңгейге көтеру керек. Қазір медиа саласы, кино және сериал, мультфильм, спорт және музыка шоулары, компьютер ойындары мен кітаптар – бәрі бірігіп, біртұтас жүйеге айналды.

Қазір еліміздегі мектеп кітапханаларында 130 миллионнан астам кітап бар. Бірақ ондағы көркем әдебиеттің үлесі мардымсыз. Шын мәнінде, кітап оқитын ел зиялы ұлтқа айналады. Біз жас ұрпақтың кітапқа құштарлығын оятуымыз керек. Бұл қиын мәселе екенін түсінемін. Әсіресе олардың бар назары әлеуметтік желіде болған кезде, тіпті, қиын. Бірақ бұл мәселемен айналысу керек. Басқа жол жоқ. Сондықтан «Балалар кітапханасы» атты жаңа бағдарламаны қолға алуды тапсырамын. Қазақ әдебиетінің түрлі кезеңдерін және жанрларын қамтитын арнайы тізім жасалуға тиіс. Сол тізімдегі кітаптар барлық балаға қолжетімді болуы керек. Мартин Лютер Кинг сияқты менің де көкейімде жүрген бір арман бар, бұл – тәулік бойы жұмыс істейтін Президент кітапханасын ашу. Мен мұндай кітапхананы Анкарада көрдім. Оның оқырмандары әлемнің әр түкпірінде басылып шыққан көркем шығармаларды, арнаулы әдебиетті оқи алады. Мұндай кітапхананы елімізде де салуға болады деп ойлаймын, - деп бір арманын айтты Тоқаев.

Осы тұста «Қазақстанның Халық жазушысы» атағы қайтарылғанын да айта кетейік.

АЛТЫНШЫ. Мемлекеттік саясаттағы талдау, сараптама жасау қызметі.

Қазір әлеуметтік зерттеу жүргізу үшін түрлі мекемелерге қыруар қаржы бөлінеді. Бірақ жұмыс жүйелі емес, сондықтан нәтижесі күмәнді болып шығады. Бұл жұмысты бір жерден ұйымдастырып, кешенді түрде жүргізу керек. Мемлекеттік «ақыл-ой орталықтарының» да қызметі көңіл көншітпейді. Олар нақты бір мәселемен тиянақты айналыспайды. Көбінесе бір-бірінің жұмысын қайталайды, - деді президент.

Оның айтуынша, Қазақстанға сараптау-талдау қызметін тиімді жүргізетін мықты орталықтар желісі қажет. Бұл құрылымдар сапалы әрі сұранысқа ие интеллектуалды өнім ұсынуға тиіс.

ЖЕТІНШІ. Шекаралас аймақтарды дамыту.

«Жеріміз шетелдіктерге сатылып жатыр» деген сөз ара-тұра айтылып жатады. Бұл – жалған ақпарат. Елімізде жерге қатысты түбегейлі шешім әлдеқашан қабылданған. Ол шешім заңмен біржола бекітілген. Түрлі дақпыртқа сеніп, жұртты дүрліктіретін жалған ақпарат таратуды доғару керек. Біз бабалар аманатына әрдайым адал боламыз. Шетелдіктерге қазақтың бір қарыс жерін де, бір уыс топырағын да бермейміз. Оны көздің қарашығындай сақтаймыз. Шекара маңындағы елді мекендердің ахуалы жеріміздің тұтастығына және еліміздің амандығына тікелей ықпал етеді. Шын мәнінде, бұл – стратегиялық маңызы бар мәселе. Өкінішке қарай, шекара шетіндегі кейбір елді мекенде халық саны күрт азайып кетті. Бұған бір кездегі аудандарды біріктіру жөніндегі шешімдер де ықпал еткені сөзсіз, - деді президент.

Осы орайда Ұлттық құрылтайда Қатон-Қарағай, Марқакөл және Мақаншы аудандарын қалпына келтіру туралы шешім қабылданды.

Мен мемлекеттік тілді дамытуға баса мән беріп отырмын. Қазақ тілін қолдану аясы барлық салада кеңейіп жатыр. Қазір тіліміз дамымай жатыр деп алаңдауға ешбір негіз жоқ. Болашақта мемлекеттік тілдің тұғырын нығайта түсу үшін басқа да маңызды шаралар қабылдаймыз. Мемлекеттік тілдің жағдайын айтып, шу көтеретін кейбір адамдар бұл мәселені саяси құрал ретінде пайдаланады. Халық арасында дау шығарғысы келеді. Ақырында, осындай келеңсіз, ойсыз әрекеттер мемлекетіміздің қауіпсіздігіне зиян келтіреді. Мұны ашық айту керек. Себебі тіл – біздің геосаяси кеңістікте «саяси себеп, саяси сылтауға» айналуда. Ал нақты қазіргі ахуалға қарайтын болсақ, тілдің жағдайы бұрынғыдан әлдеқайда жақсы. Мәселе тілге келгенде, дау-дамай, даңғаза жасамай, тілімізді дамыта түсу үшін нақты іс-әрекетке көшуіміз керек. Сонда ғана біз табысқа жетеміз, - деді Тоқаев.

СЕГІЗІНШІ. Мемлекеттік аппараттың жұмысы.

Басшылық құрамды жаңарту жұмысы жалғасын табады. Мемлекет басшысы ретінде айтарым, министрлердің, әкімдердің және басқа да мемлекеттік қызметшілердің бойында негізгі екі қасиет болуы керек. Бұл – профессионализм, яғни нағыз маман болу және отаншылдық. Ал олардың Президенттің жеке басына адалдығы мен үшін маңызды емес. Мемлекет басшысын мадақтаудан гөрі жұмысты адал атқарып, халықтың алдында абыройлы болу әлдеқайда маңызды. Барлық мемлекеттік қызметшілерге осыны айтқым келеді, - деп ескертті ол.

Тоқаевтың айтуынша, Қазақстан Президенті мемлекеттік басқарушы, яғни Конституцияда көрсетілген 7 жылдық мерзімге халықпен өзара келісімшартқа отыратын менеджер ретінде қызмет етеді. Президент – әулие емес, халықтан биік тұлға емес.

Осылайша Ұлттық құрылтайдың екінші отырысында елдік мәселелер көтеріліп, жиналған жұрт та өз ойын ортаға салды. Ендігі міндет – осы келелі жиында айтылған бағыт-бағдардан тайынбай, көрсетілген межелерге абыроймен жету.

Айта кетейік, Ұлттық құрылтайдың келесі отырысы Атырау облысындағы Сарайшық қаласында өтеді.

Өзгелердің жаңалығы