Республика күні ұлттық мереке қатарына қайта қосылды

24 Қазан 2022, 12:38
4864
Бөлісу:
Республика күні ұлттық мереке қатарына қайта қосылды
PHOTO

Елімізде қарапайым кәсіби мерекеден бастап ұлттық деңгейде аталып өтетін мереке саны біршама бар. Десе де биылғы, анығы бүгінгі мерекенің орны ерекше, деп жазады BAQ.KZ тілшісі.

13 жыл бұрын тойлауы тоқталған мереке неге биыл қолға алынды деген сұраққа жауап іздеп көрсек.

Мен Республика күніне ұлттық мереке мәртебесін қайтаруды ұсынамын. Сондықтан, қазанның жиырма бесі күні жыл сайын Егемендік күнін еліміздің басты мерекесі ретінде атап өтуіміз керек – бұл биыл Ұлытау өңірінде өткен Ұлттық құрылтайда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтқаны.

Республика күні ұлттық мереке қатарына қайта қосылды
Ақорда

Сол жолы Президент 25 қазан – Республика күні мерекесі қайтарылатынын мәлімдеген болатын. 

Республика күні елдің мемлекет құру жолындағы тарихи қадамының символы болуы керек. Әрине, Тәуелсіздік күнінің бастапқы мәні сақталады. Бұл күн мемлекеттік мереке болып қала береді. Бірақ, тәуелсіздік алуға зор үлес қосқан ұлттық батырларымызға тағзым күні ретінде атап өтілуі керек – деген еді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Республика күнінің тарихы тереңде. Себебі қазақ елінің егемендігі туралы декларация Қазақстан өзіндік көзқарасы бар жеке мемлекет ретінде тануына негіз болды. 1990 жылы қазан айының 25-і күні Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің шешімімен «Қаз КСР-нің мемлекеттік егемендігі туралы» Декларация қабылданып, жеке территориясы, азаматтығы, мемлекеттік бюджеті, халықаралық қатынастардағы дербестігі, мемлекеттік рәміздеріміз бекітілді. Бұл қаулының көшірмесі ҚР Президентінің Архиві қорында сақтаулы тұр. Онда:

Республика күні ұлттық мереке қатарына қайта қосылды

Қазақ Советтік Социалистік Республикасының Жоғары Советі қаулы етеді: Қазақ Советтік Социалистік Республикасының мемлекеттік егемендігі туралы Декларация қабылдансын. Қазақ ССР Жоғары Советінің Председателі Е. Асанбаев. Алматы, 1990 жылғы 25 қазан, - делінген. 

Сонымен қатар Декларацияда «Қазіргі шекарасындағы ҚазССР-дің территориясы бөлінбейді және оған қол сұғылмайды, оның келісімінсіз пайдалануға болмайды» деп жазылған.

Республика күні ұлттық мереке қатарына қайта қосылды

Одан бөлек, сол алғашқы Декларация қазіргі қолданыстағы Ата заңымыздың түп-тамыры болды десек болады. Оған дәлел:

Жер және оның қойнауы, су, әуе кеңістігі, өсімдіктер мен хайуанаттар дүниесі, табиғи ресурстары халықтың қазынасы екені айтылған. Тағы бір айта кететін жайт, республикада ядролық қарудың сыналуына, полигон жұмысына тыйым салынатыны да ескертілген. Сыртқы саясатта да өзге елдермен тең дәрежеде экономикалық, сауда байланысы орнатылатыны, мемлекеттік рәміздер егемендіктің символы екені туралы жазылғандығында. 

Бұл туралы белгілі саясаттанушы, академик Зарема Шәукенова былай дейді.

1990 жылғы 25 қазанда мемлекеттік егемендік туралы Декларацияның қабылдануы шынайы мемлекеттілікті қалыптастыру, азаматтардың нақты құқықтары мен бостандықтарын қамтамасыз етудің сапалы жаңа кезеңіне өту үшін құқықтық негіз қалыптастырды. Декларация өзінің негізгі принциптерімен ұлттық заңнама мен мемлекеттің жаңа Конституциясын құруға негіз болды – дейді Зарема Кәукенқызы.

Республика күні ұлттық мереке қатарына қайта қосылды

Осылайша 25 қазан Қазақстанның болашақ егемендігінің іргетасы қаланған күн ретінде белгілі болды. Осы кезден бастап демократиялық қоғам құру мақсатында ел ішіндегі қоғамдық-саяси құрылымға біраз өзгерістер енгізіле бастады. 

Декларациядағы бағдарлама негізінде 1991 жылы 16 желтоқсанда «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Тәуелсіздігі туралы» Конституциялық Заң қабылданғанын атап өту керек. Қазақстан Республикасы Президентiнiң 1995 жылғы 18 қазандағы жарлығында 25 қазан ұлттық мереке деп көрсетілген. Кейін 2001 жылы 13 желтоқсанда қабылданған «Қазақстан Республикасындағы мерекелер туралы» №267 заңында ұлттық мереке 16-17 желтоқсан Тәуелсiздiк күнi деп жазылған. Ал 25 қазан – Республика күнін мемлекеттік мерекелер қатарына қосқан. Аталған заң ҚР Президент Архиві қорында сақтаулы – дейді ҚР Президенті Архивінің қоғаммен байланыс маманы Дайана Тоқбергенова.

Республика күні ұлттық мереке қатарына қайта қосылды

Осы жерде Мемлекет басшысының Ұлытауда сөйлеген сөзінен бір үзінді келтіре кету орынды болар еді.

1990 жылы 25 қазанда Қазақстанның Егемендігі туралы декларация қабылданды. Бұл еліміздің тәуелсіздік жолындағы тұңғыш қадамы болатын. Осы құжатты қабылдаған кезде Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаев аса маңызды, тіпті шешуші рөл атқарды – деді Мемлекет басшысы өз сөзінде.

Ал «Қазақстан Республикасындағы мерекелер туралы» №267 заңда не айтылғанына назар аударын көрсек.

Мемлекеттік мерекелер – қоғамдық-саяси маңызы бар оқиғаларға арналған, сондай-ақ Қазақстан Республикасының азаматтары дәстүрлі түрде атап өтетін мерекелер. Мемлекеттік мерекелерді мейрамдау кезінде ресми іс-шаралар өткізілуі мүмкін – делінген аталған заңның 1-бабында.

Республика күні ұлттық мереке қатарына қайта қосылды

Ал тура осы заңның 3-бабында 25 қазан – Республика күні мемлекеттік мерекеге санатына қосылғаны анық көрсетілген.

Халық сұранысынан, ұлтымыз өзінің ғасырға жуық уақыт бойы тапталған намысы мен рухының азаттық алған күнін ардақтауға негізделген ұлттық мереке небары 8-ақ жыл аталып өтті.

ҚР Президенті Архивінде бұл мерекенің қай жылы тоқтап қалғаны да анық сақтаулы тұр. 2009 жылғы сәуірдегі «Мерекелер туралы» Қазақстанның жаңа заңына Республика күні енбеген екен. 2022 жылы 29 қыркүйекте Мемлекет басшысы «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне кинематография, мәдениет және мерекелер мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңына қол қойды. Соған сәйкес, Республика күніне биыл қайтадан «ұлттық мереке» деген мәртебе беріліп, республикамыздың барлық аймағында аталып өтеді. Бұл тарихи мерекенің қайтадан жандануы ел егемендігін ұлықтаудың көрінісі іспетті – дейді Дайана Тоқбергенова.

Ал мемлекеттік наградалар мен сыйлықтар тапсыруға арналған салтанатты рәсімде сөйлеген сөзінде Қасым-Жомарт Тоқаев бұл күннің «қазақтың сан ғасырлық мемлекеттілік дәстүрі жаңғырған күн» екенін айтты.

Бұл – бостандық үшін күрескен бабалар арманы ақиқатқа айналған күн. 1990 жылы 25 қазанда Қазақстанның Егемендігі туралы декларация қабылданды. Бұл құжат Тәуелсіздігіміздің саяси-құқықтық негізін қалыптастырды. Бір сөзбен айтсақ, Декларация – еліміздің  тәуелсіздік алуына жол ашқан ақжолтай құжат – деді Мемлекет басшысы.

Біз де мақаламызды Президент сөзімен аяқтауды жөн көрдік.

Өзгелердің жаңалығы