Солтүстік Қазақстан облысы, BAQ.KZ тілшісі. Оқиға Мағжан Жұмабаев ауданының орталығы Булаев қаласында орын алған.
Таңғы 07:02-де өрт сөндіру пультіне Степная көшесіндегі жеке үйдің шатыры түтіндеп жатыр деген хабар түскен. Төтенше жағдай басқармасы қызметкерлері жеткен кезде үйдің шатыры өртеніп жатқанын көрген. Өртті сөндіру кезінде газ баллоны жарылып, төбесі опырылып түсті. Отты ауыздықтау барысында 4 адамның мүрдесі табылды.
Өрттен 1993 жылы туған үй иесі, оның 1992 жылы туған әйелі және 2017 жылы туған ұл бала мен әйелдің әпкесі қаза тапқан. Өрт туралы хабар таңғы 07:02-де түсті, 09:03-те ауыздықталды, 13:54-те толық өшірдік. Оған 3 арнайы техника мен 11 адам жұмылдырылды, - дейді СҚО ТЖД мемлекеттік өрт сөндіруді бақылау басқармасының бастығы Дмитрий Растихин.
Төтенше жағдай қызметкерлері қанша түсіндіру жұмыстарын жүргізгенімен, қауіпсіздікке немқұрайлы қарайтындар аз емес дейді мамандар. Мысалы, былтыр облыста 733 өрт болып, 47 адам ажал құшқан. Өрттің салдары да аз емес, материалдық шығын 144 миллион теңгеден асты. Ал биылғы 40 күннің өзінде өңірде 96 өрт фактісі тіркеліп, 15 адам қаза тапты.
Төтенше жағдай қызметкерлері былтыр өрт қауіпсіздігін арттыру мақсатында 46 мыңға жуық жеке үйде болып, үй иелеріне ақпараттандыру жұмыстарын жүргізген.
Атқарылып жатқан жұмыстарға қарамастан, өрт болса, азаяр емес, - дейді мамандар.