Атырау перзентханасындағы сұмдық жағдай: дәрігерлердің де айтары бар

7 Қазан 2019, 20:40
18794
Бөлісу:
Атырау перзентханасындағы сұмдық жағдай: дәрігерлердің де айтары бар
PHOTO
Фото: автордан

Атырау, BAQ.KZ тілшісі. Атыраулық дәрігерлер әріптестеріміздің кінәсі нақты дәлелденбей, жала жабылып жатыр деп ашынады. Тіпті, осы шу басталғалы орталыққа келген халық түрлі мінез-құлық танытып, перзентханадағы барлық қызметкерді қылмыскер көреді екен.

«Іште қазір әйелдер жағы, жүкті әйелдер, партнерлар жағынан біздерге психологиялық тұрғыдан шабуыл жасалып жатыр деуге болады. Себебі олардың барлығы бізді дәрігер деп санамайды. Осы жерде бала мен ананы өлтіретін оңбағандар, жалмауыздар деп, қылмыскерлер ретіндеміз. Барлығымыз да ақ халатты абзал жандар. Тек осы себептен жұмыстан кету туралы арызымызды жаздық", - деді Атырау облыстық перинаталдық орталығының босану бөлімінің меңгерушісі Айгүл Шымалина. 

WhatsApp Image 2019-10-07 at 20.24.47 (1).jpeg

Атырау облыстық перинаталдық орталығының жансақтау бөлімінің меңгерушісі Қолқанат Медетовтің сөзінше, соттың нақты шешімі шықпай жатып, жала жапқаны жанына батқан.

«Біздің жұмыстан шығамыз деп арыз жазуымызға себеп ҚР Мемлекеттік қызмет істер агенттігінің соттың нақты шешімі шықпай, бізге жала жапқаны жанымызға батады. Халық бізге неше түрлі сөз айтып, моральдық-психологиялық қысым жасап жатыр", - дейді Қолқанат Медетов.

WhatsApp Image 2019-10-07 at 20.24.46.jpeg

Ал Атырау облыстық перинаталдық орталықтың дәрігері Бақыт Ғалымжанқызының айтуынша, оның қызметі барысында мұндай жағдай бірінші рет болып тұр.

«Жиырма жылдан астам қызмет етемін. Мұндай жағдай бірінші рет болып жатыр. Біздің ақ халатты абзал жандар деген атағымызға кір келді. Халық сыйламай барады. Әлі қылмысы дәлелденген жоқ. Әлеуметтік желілер, БАҚ-тағы түрлі ақпараттар, тіпті кейбірі жалған мәліметтер жазып, қаралап жатыр. Біз темірден жаралған жоқпыз. Бұл орталыққа облысымыздың барлық аудандарынан, ауылдарынан әйелдер келеді. Бәріне қызмет көрсетеміз. Қызметімізде құрмет көрсетулерін сұраймыз», - дейді Атырау облыстық перинаталдық орталықтың дәрігері Бақыт Ғалымжанқызы.

Ал облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы мұндай қиын жағдайда бұл саланы тастап кете алмаймын деп отыр. 

«Мен мұндай қиын кезеңде ұжымымды тастап кете алмаймын. Дәрігерлермен бірге болуым керек. Бірлесіп, әрі қарай қызмет атқарамыз. Бір қате кеткен болар. Сондықтан барлық дәрігердің намысына тиетіндей жазғыруға болмайды», - деді Атырау облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Мәншүк Аймұрзиева.

Атырау перинаталдық  орталығында 400 шақты адам қызмет етеді. Оның 60-тан астамы дәрігер. Қазіргі кезде олардың 31-і жұмыстан өз еріктерімен кететіндіктері туралы арыз жазған. 

Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртановтың сөзінше, елімізде жылына екі жарым мың нәресте шетінеп кетеді. Мұндай көрсеткіш жағынан Түркістан, Қызылорда, Алматы облыстары алда келеді. Ал, Атырау өңіріндегі сәби өлімі олардан екі есе аз. 

Естеріңізге сала кетейік, Атыраудағы дәрігер жаңа туған сәбиді тоңазытқышқа салып өлтірді деген күдікке ілінген болатын. Сонымен қатар, Атырау облысының бас дәрігері нәресте өліміне қатысты пікір білдірген еді. Егер ақ халаттылардың кінәлары дәлелденсе, олар 20 жылға дейін бас бостандықтарынан айрылулары мүмкін.

Сонымен қатар, Біртанов баланың өлімі туралы жазбаны өзгертуге болатынын айтқан еді. 

Сондай-ақ бұған дейін Атырау перинаталдық орталығының 31 дәрігері жұмыстан шығу туралы өтініш жазғаны хабарланған болатын.

Өзгелердің жаңалығы