Атыраудағы дәрігер жаңа туған сәбиді тоңазытқышқа салып өлтірді деген күдікке ілінді

4 Қазан 2019, 17:58
8404
Бөлісу:
Атыраудағы дәрігер жаңа туған сәбиді тоңазытқышқа салып өлтірді деген күдікке ілінді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Атырау облысындағы перзентхана орталығының директоры мен дәрігері жаңа туған нәрестені тоңазытқыш камерасына салып өлтірді деген күдікке ілініп отыр. Бұл туралы ҚР сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының орынбасары Шыңғыс Қабдолла айтты.

«Гиппократ антын қабылдап, өз ісіне адал боламын деген денсаулық сақтау қызметкері жаңа туған нәрестені тоңазытқышқа салып өлтірді деп күдікке ілігіп отыр», - деді Шыңғыс Қабдолла.

Оның айтуынша, тексеру нәтижесінде белгілі болғандай, жаңа туған сәби қателікке байланысты құжат бойынша өлі туғандардың қатарына енгізіліп кеткен.

«Негізі нәресте тірі болған. Баланың тірі екенін білгеннен кейін шұғыл шаралар қабылдап, аман алып қалудың орнына рәсімделген құжатқа сәйкес, шетінеп кеткенше сәбиді сол жерде қалдырған. Шетінеп кеткенін күткен. Мұндай қадамға баруға себеп - алдында толтырып қойған құжат болып отыр», - дейді агенттік төрағасының орынбасары.

Оның сөзінше, тергеу-жедел тобы бұл деректі сол жерде анықтаған.

«Сәбидің денесі тоңазытқыш камерасынан табылды. Өкінішке қарай, тірі алып қалуға уақытында үлгермеді. Сот санкциясына сәйкес күдіктілер тұтқынға алынды. Енді сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр», - деді ол.

Қазіргі кезде перзентхана орталығының басшысы мен әйелді босандырған акушер-гинекологтың үстінен қылмыстық іс қозғалды. 

Екі күдіктіге тағылған айып алғашында  ҚР ҚК 317-бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілген іс қазіргі кезде ҚР ҚК 99-бабына (қасақана кісі өлтіру) өзгертіліпті.

Өзгелердің жаңалығы