2025 жылы экономиканың үштен бірі шағын және орта бизнеске тиесілі болады – Дәленов

6 Қараша 2019, 10:07
2472
Бөлісу:
2025 жылы экономиканың үштен бірі шағын және орта бизнеске тиесілі болады – Дәленов

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов Үкімет отырысында Дәленов "Бизнестің жол картасы - 2020" шаралары биыл аяқталатынын, сондықтан  мемлекеттік бағдарламаның жаңа жобасы әзірленетінін айтты. 

Жобада мақсаттар мен міндеттер сақталды. Қолдау құралдары жетілдірілді.  Олардың тиімділігі мен қолжетімділігі артты. Бірінші, айналым қаражатын несиелеу көлемі 60-тан 360 млн теңгеге дейін ұлғаяды. Екінші, несиелеудің қолжетімділігі арттырылып жатыр. Бұл үшін микроқаржы ұйымдардың несиелерін субсидиялау және кепілдендіру енгізіледі. Үшінші, кәсіпкерлерге жұмыспен қамту және салық түсімдерін арттыру талабы жетілдірілді. Төртінші, кәсіпкерлерді әр сатыда сүйемелдеу күшейтіледі. Бұл оқыту, несие және қолдау алу үшін тиісті құжаттарды дайындау және тауарларды өткізу жолдарын ұйымдастыру, - деп түсіндірді Дәленов.

Министр бағдарламаның келесі кезеңіне 421 млрд теңге қарастырылғанын, қаржыландыру өткен бес жылдық кезеңге қарағанда бір жарым есеге ұлғаятынын айтты.


"Бизнестің жол картасы - 2025" бағдарламасында нысаналы индикаторлар көзделген. Олар еліміздің 2025-ші жылға дейінгі Стратегиялық даму жоспарына сәйкес келеді. Жалпы ішкі өнімдегі шағын және орта бизнестің үлесін кем дегенде 35%-ға, өңдеуші өнеркәсіптің үлесін кемінде 13,4%-ға жеткізу болып белгіленген. Шағын және орта бизнестің үдемелі дамуы экономиканың сапалы өзгеруіне ықпал етеді. Бұл үшін қажетті шаралар қабылданып жатыр. Бизнесті жүргізу шарттары түбегейлі жақсарады. Кедергілер төмендетіледі және рұқсат беру құжаттарының тізбесі қысқарады. Шағын және орта бизнесті дамыту үшін ынталандыру шаралары қабылданып жатыр, - деді ол.

Министр іскерлік ортаны жетілдіру экономиканың өсуіне ықпал ететінін, 2025 жылы экономиканың үштен бірінен астамы шағын және орта бизнеске тиесілі болатынын айтты. Ал 2050 жылға қарай шағын және орта бизнес жалпы ішкі өнімінің жартысын құрайды.

Естеріңізге сала кетейік, "Бизнестің жол картасы - 2020" нәтижелері қорытындыланған болатын.
.
Өзгелердің жаңалығы