Ұшақ апаты: Қаза тапқандардың отбасына 12,5 млн теңгеден төленеді

29 Желтоқсан 2019, 14:02
3796
Бөлісу:
Ұшақ апаты: Қаза тапқандардың отбасына 12,5 млн теңгеден төленеді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Компания кімге және қандай төлемдер берілетінін айтты.

Amanat сақтандыру компаниясы өзінің Facebook-тегі парақшасында Bek Air ұшақ апатынан жапа шеккен адамдарға төлемдер жүргізетінін мәлімдеді.

Хабарламада Amanat компаниясы Bek Air компаниясының UP-F1007 борттық нөмірі бар Fokker 100 ұшағының сақтандырушысы екені айтылған. Көлік құралы иесінің жауапкершілігі Amanat-та тасымалдаушының жолаушылар алдындағы азаматтық-құқықтық жауапкершілігін міндетті сақтандыру шарты бойынша сақтандырылған.

"Тасымалдаушының жолаушылар алдындағы азаматтық-құқықтық жауапкершілігін міндетті сақтандыру туралы" заңы бойынша сақтандыру төлемдерін денсаулығына зиян келген жолаушылар, сондай-ақ қаза тапқан жолаушылардың асырауында болған туыстары алады.

Біз қаза болғандардың туған-туыстарына көңіл айтамыз. Төлемдерді ресімдеу жедел әрі еш қиындықсыз өту үшін барлық күшімізді саламыз. Біз қаражатты Bek Air мен жолаушылардан қажетті барлық құжатты алғаннан кейін 7 күн ішінде төлейміз, – делінген хабарламада.

Осыған қоса сақтандыру компаниясында кімге қандай төлемдер берілетінін хабарлады: 

- мертіккен, жарақат алған немесе денсаулығына басқа де зақым келген жолаушылар емделуге жұмсалған нақты шығындар бойынша 200 АЕК-ке дейін (бүгінгі күні бұл 505 000 теңге) төлемдер алады;

- егер апат салдарынан адам мүгедек болып қалса, Amanat мүгедектік тобына қарай 2 500-ден 5 000 АЕК-ке дейін (6 312 000 – 12 625 000 теңге) төлейді;

- туған-туыстарынан айырылған адамдарға 5000 АЕК (12 625 000 теңге) төленеді.

Толық ақпарат алу үшін 7310 телефоны арқылы хабарласуға болады.

Айта кетейік, Алматыдан шыққан Bek Air жолаушылар ұшағы құлаған еді. Ұшақ Қызыл ту ауылында апатқа ұшыраған. Ұшақ апатына байланысты шұғыл телефон желісі ашылды. Тоқаев ұшақ апатынан қаза болғандардың отбасына көңіл айтты.

Сондай-ақ, зардап шеккендерге барлық топтағы қан керегі де хабарланды. Кейіннен, зардап шеккендер мен бортта болған жолаушылар тізімі жарияланды. 

Бұған дейін хабарлағанымыздай, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев жолаушылар ұшағының апатқа ұшырауына байланысты көңіл айтты

Ауруханада тағы бір адам көз жұмып, қаза тапқандардың саны 15 адамға жетіп отыр. 

Сол апатта Informburo.kz редакторы Дана Круглова қайтыс болды. 

Болған жағдайға байланысты Bek Аir авиакомпаниясының лицензиясы тоқтатылды. 

Мемлекет басшысының бұйрығымен 28 желтоқсан еліміз бойынша қаралы күн деп жарияланды. 

Бұдан бөлек, ұшақ бортындағы экипаждардың есімдері белгілі болды. Бүгін Fokker компаниясы Bek Air ұшағының құлау себептерін анықтау мақсатында Алматыға мамандарды жіберетіні айтылды

ҚР ІІМ арнайы тексеру жүргізіп жатқандығын хабарлады. Үкімет басшысы Асқар Мамин де ұшақ апатының себебін 10 қаңтарды жариялауды тапсырған болатын. 

Қазір зардап шеккендерге көмек үшін арнайы шот ашылды.

Өзгелердің жаңалығы