Эпидемиологиялық көрсеткіші жоқ азаматтарға тесттен өту қажет емес

19 Маусым 2020, 18:54
1744
Бөлісу:
Эпидемиологиялық көрсеткіші жоқ азаматтарға тесттен өту қажет емес

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы ҚР Денсаулық сақтау министрінің міндетін атқарушы Ләззат Ақтаева бүгін ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте айтты.

Жүргізіліп жатқан тесттердің саны бойынша мәліметті келтірсек: 100 мың адамға есептегенде Қазақстан тәулігіне 7 мың адамды тесттен өткізеді. Басқа елдермен салыстырып көрелік: 100 мың адамға есептегенде, Австрия мен Канадада күніне 6 мың адам, АҚШ-та 8 мың адамды өткізеді. Бұл тізімде Қазақстан 34-орында тұр, - деді ол.

Денсаулық сақтау министрінің міндетін атқарушы тестілеу азаматтарға тек клиникалық және эпидемиологиялық көрсеткіш бойынша жүргізілуі керегін еске салды.

Тестілеуден медициналық ұйымдардағы инфекциялық және провизорлық стационарларға жатқызылған, ЖРВИ, пневмония белгілері бар немесе КВИ жұқтырған, медициналық бақылаудағы азаматтар өтеді. Эпидемиологиялық көрсеткіштер бойынша науқастармен жақын қарым-қатынаста болған азаматтар, стационарға жоспарлы немесе шұғыл түскен пациенттер, медициналық-әлеуметтік мекемелерге түскен азаматтар тесттен өтеді. Сонымен қатар, тест алдын алу шарасы үшін де өткізіледі. Ол санат бойынша өтетіндер: Қазақстанға шетелден келетін азаматтар, жұқтыру қаупі жоғары медицина қызметкерлері (айына бір рет) мен әскерге шақырылушылар, - деді ол.

Ләззат Ақтаева не клиникалық, не эпидемиологиялық көрсеткіші жоқ азаматтарға тесттен өту қажет емес екенін жеткізді. 

Халықтан тек медициналық көрсеткіш бойынша тест тапсыруды өтінеміз. Адамдардың тесттен өтуі керектігін клиникалық немесе эпидемиологиялық көрсеткіш расталған жағдайда дәрігер немесе эпидемиолог шешеді. Мен бұған дейін коронавирус инфекциясы анықталған науқастардың ішінде 24 пайызының клиникалық көрсеткіші барын атап өткен едім. Сол себепті клиникалық көрсеткіші бар адамдарға басымдық берілуі тиіс. Себебі коронавирусты уақтылы анықтау – саналы ем-домның кепілі. Яғни, егер медициналық көрсеткішсіз қаралатын болсаңыз, бұл жағдай зертханаларға жүктемені үдетіп, тиісінше, тест нәтижесін алу уақыты да созылып кетеді, - деді Ақтаева.

Өзгелердің жаңалығы