Сапарбаев 340 мың көпбалалы анаға қолдау қалай көрсетілетінін түсіндірді

9 Сәуір 2019, 09:57
2768
Бөлісу:
Сапарбаев 340 мың көпбалалы анаға қолдау қалай көрсетілетінін түсіндірді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. ҚР Еңбек және халықты әлеуметітк қорғау министрі Бердібек Сапарбаев Елбасының «Әлеуметтік қамқорлық» бастамасын іске асыру аясындағы әлеуметтік жобалар туралы баяндады. 

«Негізгі құжаттар, заңдар, бұйрықтар әзірленді. Қаржымен толығымен қамтамасыз етілген. 1 сәуірден бастап 180 мың қазақстандықты қабылдадық. Министрлік жанындағы жұмыс тобы көпбалалы аз қамтылған аналармен кездесу жұмыстарын жалғастыруда. Министрлікте call-центр жұмыс істейді. Барлық баспасөзге тиісті мәліметтерді беріп жатырмыз», - деді министр.

Бердібек Сапарбаев Мемлекет басшысының, Премьер-министр тапсырмасына сәйкес Гүлшара Наушанқызы бастаған үкімет мүшелері 7 өңірі мен Нұр-Сұлтан қаласының кейбір ауданында 40-қа жуық, 5 мыңға жуық адам қатысқан кездесулер өткенін айтты. Ол кездесулердегі негізгі көтерілген мәселелер: бірінші – пәтермен қамту, екінші – жұмыс орны, үшінші – атаулы әлеуметтік көмектің мөлшерін көбейту, төртінші – мүмкіндігі шектеулі азаматтарды техникалық құралдармен қамтамасыз ету. 

«Бүгінде елімізде 340 мыңнан астам көпбалалы ана өмір сүреді. Оларға мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан көмектердің ең біріншісі – әлеуметтік көмек. Биыл жоспарда 83 млрд теңгеге 820 мыңнан астам адамды қамту қаралған. Бірінші тоқсанның өзінде 9 млрд-тан астам қаржы бөлінді. Ол 280 мыңға жуық қазақстандықты қамтыды», - деп айтты Сапарбаев.

Минитср ең негізгі мәселенің бірі – осындай отбасыларды жұмыспен қамтамасыз ету екенін атап өтті. 

«Биыл жоспарда 370 мыңға жуық жұмыс орнын ашу керек. Соның ең кем дегенде 285 мыңы осы отбасыларға арнап ашылады. Өткен 1-тоқсанда 32 мыңға жуық жаңа жұмыс орны ашылды, оның 9 мыңға жуығы – көпбалалы аналар үшін», - деді ведомство басшысы.

Өзгелердің жаңалығы