Биыл Өзбекстанда Қазақстан жылы өтуі мүмкін

11 Наурыз 2019, 17:03
3047
Бөлісу:
Биыл Өзбекстанда Қазақстан жылы өтуі мүмкін

Астана, BAQ.KZ тілшісі. Ташкентте өтетін Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы екіжақты ынтымақтастық жөніндегі Үкіметаралық комиссия отырысы өтеді. Бұл туралы СІМ баспасөз хатшысы Айбек Смадияров брифинг барысында айтты.

«Осы аптада Ташкентте Қазақстан мен Өзбекстанның ресми өкілдері арасында бірқатар іс-шаралар, сондай-ақ Орталық Азия мемлекеттері арасында көпжақты форматта кездесулердің өткізілуі жоспарланған. Атап айтқанда, 15 наурызда Өзбекстан астанасында Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы екіжақты ынтымақтастық жөніндегі бірлескен үкіметаралық комиссиясының 18-ші отырысы өтеді. Комиссияның жұмысында Қазақстан делегациясын Премьер-министрінің орынбасары Жеңіс Қасымбек, ал Өзбекстан тарапын - Премьер-министрдің бірінші орынбасары - Көлік министрі Ачилбай Раматов басқарады», - деді Смадияров.

Отырыстың күн тәртібіне екіжақты сауда-экономикалық ынтымақтастық, оның ішінде екі ел арасындағы тауар айналымын арттыру, ауыл шаруашылығы, су-энергетикалық, ғарыш және ақпараттық салалардағы өзара іс-қимыл, транзит-көліктік ынтымақтастық, сондай-ақ өңіраралық және шекара маңындағы байланыстарды дамыту мәселелерінің кең ауқымы кіріп отыр. Тараптар сондай-ақ мәдени-гуманитарлық, білім, ғылым, денсаулық сақтау және туризм салаларындағы екіжақты ынтымақтастық мәселелерін талқылайды.

«Оған қоса, отырыс барысында 2019 жылы Өзбекстанда Қазақстан жылын өткізу жөніндегі бірлескен іс-шаралар жоспарының қабылдануы жоспарлануда», - деді ресми өкіл.

Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы ынтымақтастық тақырыбын жалғастыра келсек, 2018 жылы екі ел арасындағы тауар айналымы 2 млрд 488 млн АҚШ долларын құрады. Бұл көрсеткіш 2017 жылмен салыстырғанда 25,3% жоғары. Қазақстаннан экспорт 31,6% өсіп, 1 млрд 643 млн долларын құраса, Өзбекстаннан импорт 14,8% өсіп, 845 млн долларын құрады.

Рахиля Бекназарқызы

Өзгелердің жаңалығы