Қазақстан мен АҚШ әуе қатынасы туралы келісімге қол қойды

6 Қаңтар 2020, 10:33
16026
Бөлісу:
Қазақстан мен АҚШ әуе қатынасы туралы келісімге қол қойды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Елбасы мен Қазақстан Республикасы Президентінің тапсырмаларын орындау мақсатында Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Америка Құрама Штаттарының Үкіметі арасындағы әуе қатынасы туралы келісімге қол қойылды.

Қазақстанның Үкіметі тарапынан келісімге ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов, ал Америка Құрама Штаттарының Үкіметі тарапынан – АҚШ-тың Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі – Уильям Х. Мозер қол қойды, деп хабарлайды Азаматтық авиация комитеті.

Осы Келісім Халықаралық Азаматтық авиация ұйымының (ИКАО) әуе көлігін одан әрі либерализациялау жөніндегі ұсынымдарына сәйкес "ашық аспан" қағидаттарын көздейтін Қазақстан Республикасы үшін бірінші құжат болып табылады. Бұл Қазақстан мен Америка Құрама Штаттары арасында ұшуды орындауды жоспарлайтын тасымалдаушылар үшін зор мүмкіндіктер ашады. Келісімнің аясында тараптардың тасымалдаушыларына ауа еркіндігінің "бесінші дәрежесі" беріліп, межелі мекендердің және жиіліктердің саны бойынша шектеу қойылмайды. 

Келісім екі ел арасындағы тікелей тұрақты рейстерді орындау үшін құқықтық базаны қалыптастырып, сондай-ақ Қазақстан мен Америка Құрама Штаттары арасындағы стратегиялық әріптестікті одан әрі дамытуға ықпал ететін болады.

Екі ел арасындағы тікелей рейстердің ашылуы саяси, экономикалық, мәдени өзара қарым-қатынастар мен туризмді дамытуға, сондай-ақ "Астана"халықаралық қаржы орталығының көліктік қолжетімділігін арттыруға ықпал ететін болады.
Өзгелердің жаңалығы