Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Биыл елорданың қысы қатты болып тұр. Қалың жауған қар қала тұрғындарын әбігерге салып, әкімдік жұмысын сынаққа алғандай.
Мамандардың айтуынша, қаңтар айында еліміздің бас қаласына әдеттегіден үш есе көп қар жауған. Осыған орай қала тіршілігі мен тынысын бақылап көру үшін және қазіргі жағдайдың қандай екенін көрсету мақсатында елорда көшелерін аралап шығуды жөн көрдік.
Нұр-Сұлтанда қаңтар басынан бері 49 миллиметр қар жауды. Ал елорда бойынша бір айлық норма 16 миллиметр. Яғни қалада бір айда үш айлық норма қар жауған. Қазақстанның солтүстік бөлігінде жауған қар да 2-3 айлық норманы құрайды. Қатты бораннан көру қашықтығы 50-500 метр, - деді "Қазгидрометтің" қысқамерзімді ауа райы болжамы басқармасының басшысы Алуа Саханова.
Ауа райының күрт өзгеруіне байланысты Нұр-Сұлтан қаласында төтенше жағдай режимі де енгізілді.
27-сінен 28-не қараған түні қар тазалау және шығару жұмыстарына 1206 техника мен 1548 жол жұмысшысы жұмылдырылды.
Жалпы қыс басталғалы бері шығарылған қар көлемі 2 371 244 текше метрді (197 603 рейс) құрады.
Ауа райының қолайсыздығына байланысты тасжолдар жабылып, әуе рейстерінің ұшуына шектеу қойылды.
Елорданың 0-12-сынып оқушылары мен колледждің барлық курс студенттеріне сабақ тоқтатылды.
Дегенмен оқушылар мен балалар тек қуанышты сияқты.
Қалалық Төтенше жағдайлар департаментінің басшысы Бауыржан Сыздықовтың мәліметі бойынша, бүгінде қар құрсауынан 645 адам құтқарылып, 133 көлік шығарылды.
Зардап шеккен тұрғындарға көмек көрсету мақсатында құтқарушылар тобынан жасақталған жедел штаб құрылып, арнайы үш желі (24-52-12, 24-51-47, 24-51-71) іске қосылды.
Елорда жастары "Біз біргеміз" (#BizBirgemiz) акциясын бастап кетті.
Әкімдік түрлі мекеме басшыларына жұмыс күнін қысқартуды ұсынды.
Адамдардың тұратын жері мен жұмыс орнына жетуі қиындап кетті.
Алайда кей тұрғындар мұндай қыстан аман шығудың жаңа "әдісін" тапқан сияқты.
Төртжолақты жолдар "біржолаққа" айналып кетті.
Қазіргі ауа райының қолайсыздығына байланысты бұзылатын кей құқықбұзушылықтар "Сергек" камерасына жазылмайтыны белгілі болды.
Қала көшелеріндегі күрделі жағдай, үйлер арасында да, адамдар жүретін жолдарда да байқалады.
Тұрғын үйлердің ішкі ауласын пәтер иелерінің кооперативі тазалауда, алайда кей көлік жүргізушілерінің салдарынан қар дұрыс толық шығарылмай жатыр.
Қарға кішкентай көліктер де, үлкен техника да батып қалып жатыр.
Қар жауған күні 2 сағат қана ұйықтаймын. Алғашқы қар жауғанда 5 күн ұйықтамадым, - дейді қала әкімінің орынбасары Алтынбек Қайсағалиев.