Министр трансшекаралық су мәселесі бойынша келіссөздер қалай жүріп жатқанын айтты

14 Шілде 2021, 16:30
4775
Бөлісу:
Министр трансшекаралық су мәселесі бойынша келіссөздер қалай жүріп жатқанын айтты

Алматы, BAQ.KZ тілшісі. ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев ҮЕҰ және азаматтық сектор өкілдерімен кездесу барысында трансшекаралық су мәселесі бойынша көрші елдермен келіссөздер қалай жүріп жатқанын айтты.

Оның айтуынша, еліміздегі 8 су бассейнінің жетеуі өзге елдерден келеді. Соған байланысты Қазақстан көрші Қытай, Өзбекстан, Қырғызстан және Ресейдің су саясатына тәуелді.

Қытаймен арада трансшекаралық суды бөлу жөнінде келісім болмаған. Бұл бағытта біз 2015 жылдан бері жұмыс істеп келеміз, келіссөздер оңай емес. Дегенмен, Қытай су бөлу жөнінде ешбір елмен келіссөз жүргізбеген, Қазақстан су мәселесі бойынша келіссөз жүргізіп жатқан алғашқы ел. Біз трансшекаралық өзендердің эко жүйесін сақтауды талап еттік. Жүргізілген қарқынды жұмыстардың арқасында 2019 жылы оған қол жеткіздік, - дейді министр.

Сонымен қатар ол Шу мен Талас өзендері бойынша Қырғызстанмен 1983 жылдан бері әріптестік орнатылғанын айта келе, оны нығайта түсу үшін қандай шаралар іске асып жатқанын жеткізді.

Сондай-ақ 2000 жылы үкіметаралық жиында Шу мен Талас өзендері пайдалану жөнінде келісім бар. Бұл келісім бойынша Қазақстан өз міндетін толықтай атқарып отыр. Соған қарамастан мемлекеттік су арналары арқылы су беру кестесі үнемі сақтала бермейді. Су беру кестесінің бұзылу себептері комиссияаралық жиында қаралады және тараптар мониторинг жүргізу арқылы оның алдын алып жатыр, - деді Мырзағалиев.

Ал Ресеймен арадағы су мәселесі 2010 жылы қабылданған келісім бойынша қаралады екен. Соңғы кездері Жайық өзеніндегі су деңгейі төмендеп кеткен. Соған байланысты 2020 жылы екі ел арасында арнайы бағдарлама да қабылданыпты.

Бұған дейін экология министрі қазіргі сәтте сумен қамту елдегі экономикалық салаларды қанағаттандырып отырғанын, дегенмен алдағы уақытта су мөлшері төмендеуі мүмкін екенін айтқан болатын.
Өзгелердің жаңалығы