Елжан Біртановтың үйқамақ мерзімі тағы да ұзартылды

14 Шілде 2021, 16:15
1507
Бөлісу:
Елжан Біртановтың үйқамақ мерзімі тағы да ұзартылды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Сот прокурордың өтінішін қанағаттандырып, Денсаулық сақтау экс-министрі Елжан Біртановқа қатысты шектеу шараларын 14 қыркүйекке дейін ұзарту туралы шешім қабылдады.

Қазақстан Республикасы Қылмыстық іс жүргізу кодексінің 55, 56, 148, 151, 152-баптарын басшылыққа ала отырып, судья: сот материалдарымен танысу кезеңінде үйқамақта болу мерзімін санкциялау туралы өтінішін қанағаттандыру туралы қаулы шығарды.

Сот күдікті Елжан Амантайұлы Біртановты үйқамақта ұстау мерзімін қылмыстық істің материалымен танысу кезеңінде 2 айға, яғни 2021 жылдың 14 қыркүйегі, сағат 21.56-ға дейін ұзарту туралы ұсынымды мақұлдау туралы шешім қабылдады. Үйқамақта ұстау шартын өзгерту бөлігінде, нақты айтсақ, баспанадан шығуға, телефонмен сөйлесуге, отбасы мүшелерімен басқа адамдардың бәрімен араласуға толықтай тыйым салу, күдіктінің сыртынан бақылау қою туралы ұсынымнан бас тартылды, - деді Нұр-Сұлтан қаласы мамандандырылған ауданаралық тергеу сотының судьясы Алмат Бабатов.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, ДСМ-ның бұрынғы басшысы Елжан Біртановтың Премьер-министр Асқар Мамин мен министрлерді індеттен құтқару үшін қандай әрекетке барғаны айтылды. Сондай-ақ Елжан Біртановтың інісі Ержан Біртанов сотқа қатысып, ағасына қолдау білдіріп, оның Үкімет мүшелерінің ғана емес, қарапайым халықтың да денсаулығына қатер төндіргісі келмегенін алға тартты.

Өзгелердің жаңалығы