Алдағы уақытта еліміздегі су мөлшері төмендейді – министр

14 Шілде 2021, 16:00
4667
Бөлісу:
Алдағы уақытта еліміздегі су мөлшері төмендейді – министр

Алматы, BAQ.KZ тілшісі. Қазіргі сәтте сумен қамту елдегі экономикалық салаларды қанағаттандырып отыр. Дегенмен алдағы уақытта су мөлшері төмендеуі мүмкін.

Бұл туралы ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев ҮЕҰ және азаматтық сектор өкілдерімен кездесу барысында айтты.

Жиын барысында министр су ресурстарын басқару мәселелеріне тоқталып, өзендер ағыны қалай қалыптасатынын баяндады.

Өзен ресурстарының нақты көрсеткіштері соңғы жылдары шамамен 90-100 текше метрді құрайды. Оның ішінде 51,8 текше метрі жергілікті ағын, 39,2 текше метр Қытайдан, сондай-ақ Орталық Азия елдерімен Ресейден транс шекаралық өзендер арқылы келіп түседі. Оған қоса 3,5 мыңнан астам кен орындарында жылына 15,5 текше метр көлемінде жерасты суларының қоры бар. Географиялық тұрғыдан олар біркелкі бөлінбеген, - дейді министр.

Сонымен қатар ол экологиялық қажеттілікке шамамен 50 текше метр су қажет екенін айтты. Ал пайдаланылатын судың жалпы көлемі 25 текше метрді құрайды екен. Оның ішінде ауыл шаруашылығына 15 куб км, өнеркәсіпке – 6, коммуналдық шаруашылыққа 1 куб км тиесілі. Сондай-ақ тасымалдау кезіндегі шығын 3 куб км тең.

Қазіргі сәтте сумен қамту елдегі экономикалық салаларды қанағаттандырып отыр. Дегенмен алдағы уақытта су мөлшері төмендеуі мүмкін. Ол суды көп мөлшерде тұтыну мен кейбір елдердің суды бөлуіне қатысты болмақ. Оған қоса инфрақұрылымның ескіруіне байланысты су шығыны көбейеді. Мәселен, ауылды жердегі каналдардағы су шығыны 45%-ға дейін жетуі мүмкін. Су шығынын азайту үшін су арналарына жөндеу жұмыстарын жүргізу керек, - деді Мағзұм Мырзағалиев.

Министр су балансын 90-100 куб км деңгейінде ұстап тұру үшін 2030 жылға қарай қосымша су ресурстарын пайдалану, су ресурстарын цифрландыру арқылы суды үнемдеу міндеті тұрғанын айтты.

Өзгелердің жаңалығы