Елордада ауылшаруашылығы жәрмеңкесінің маусымы басталды

31 Тамыз 2019, 11:02
1987
Бөлісу:
Елордада ауылшаруашылығы жәрмеңкесінің маусымы басталды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Бүгіннен бастап Елордада ауылшаруашылық жәрмеңкелерінің күзгі маусымы басталды. Әр демалыс күндері «Хан Шатыр» СОО жанындағы алаңда өңірлер өндірушілері әкелген өнімдерді сатып алуға болады. Бұл туралы қала әкімшілігінің ресми сайты хабарлады.

"Жәрмеңкелердің қазіргі маусымы жаңа форматта – үлкен шатырдың астында өтетін болады. Әрбір өнім түріне жеке бөлімдер бөлінеді. Шатырлар жеміс-көкөніс өнімдеріне, ет пен сүтке тоңазытқыш қондырғысы мен мұздатқыш қондырғысы, сонымен қатар, өңірлерде өндірілетін халық тұтынатын тауарлар үшін орнатылады. Келушілер қаладағы ірі супермаркеттердегідей азық-түлік арбаларын да қолдана алады" - дейді әкімдік өкілдері.  

Өнім бағасы өндірушілердің өзінен тікелей алғандықтан, әдеттегідей нарықтық бағадан төмен болады. Кестеге сәйкес маусымның соңына дейін елордаға республиканың өңірлері түрлі ассортиментті өнім ұсынып, сол арқылы қаланы қажетті азық-түлік өнімдерімен қанықтырады және өз облысының мәдени дәстүрлерін көрсетеді. 

Дәстүр бойынша жәрмеңкелер маусымын еліміздің оңтүстік өңірінің өкілі - Түркістан облысы ашты. Елордаға 250 тоннадан астам өнім әкелген 60 тауар өндірушілер өз өнімдерін ұсынып жатыр. 

Сонымен қатар, ұйымдастырушылар облыстың көркемөнерпаздар ұжымдарының қатысуымен концерттік бағдарлама дайындады. 

Ауылшаруашылық жәрмеңкелер маусымы 27 қазанда аяқталады.

Өзгелердің жаңалығы